Жаңалықтар

АЭС-ке қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді

АЭС-ке қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді
Фото: Ақорда 02.09.2024 11:36 879

Мемлекет басшысы Қазақстан жолдауында инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тоқаев бұл жұмыс энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуі керектігін алға тартты.

Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруы тиіс.

Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды, - деді ол.

Президент энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керектігін айтты.

Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуі тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс. Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн, - деді ол.

Тоқаевтың сөзінше, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сол үшін де атом энергетикасын дамытуымыз қажеттігін алға тартты.

 Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын, - деді президент.

Тоқаев мұндай маңызды шешімнің жұртшылықпен бірігіп шешілуі керектігін де айтты.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын, - деді ол.

Тоқаев АЭС салуға қатысты референдумның қазан айында өтетінін қоса кетті.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз, - деді президент.

АЭС-ке қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға