Жаңалықтар

АЭС-ке қатысты референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие – Әшімбаев

АЭС-ке қатысты референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие – Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 25.09.2024 01:01 547

Сенат төрағасы Павлодар облысының тұрғындарымен АЭС салу мәселесіне қатысты референдум көздеген міндеттерді талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері Ақсу, Павлодар қалаларында болып, энергетикалық корпорацияның ұжымымен, сондай-ақ, металлургия саласында еңбек ететін мамандармен кездесті. Штаб мүшелері сарапшылар қауымдастығымен және белсенді жастармен де жүздесті. Іс-шаралар барысында АЭС салу мәселесіне қатысты референдумның маңызы мен мәні талқыланды.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Еуразиялық энергетикалық корпорациясының және Қазақстан алюминийі компаниясының ұжымдарымен кездесулерде Штаб мүшелері энергетика саласындағы маңызды проблемаларға, нақты айтқанда, оның тапшылығына және электр стансаларының тозуы мен импортқа тәуелділік мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Сенат төрағасы атап өткендей, Қазақстан жан басына шаққандағы көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы орайда елімізде көміртегі қалдығын азайту үшін өндіріске инновацияны кеңінен енгізудің маңызы зор. Бұл ретте елдегі энергия тапшылығын ауаға көмірқышқыл газын барынша аз шығаратын энергия көздері арқылы шешу мәселесі өте өзекті.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мақұлдауымен 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өтеді. Референдумның маңызы мен міндеттерін жан-жақты түсіндіру үшін Халық штабы құрылды. Оның құрамында депутаттар, партиялар мен түрлі ұйымдар және ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтар бар. Түсіндіру жұмыстары барлық облыста, қалада және ауылда кеңінен жүргізіліп жатыр. Осы орайда азаматтарымыздың белсенділігі, бастамашылдығы және ел ертеңіне бей-жай қарамайтындығы қуантады. Біздің бүгінгі кездесуіміз де жемісті болады деп үміттенеміз. Сондай-ақ сіздердің әрқайсыңыз алдағы референдумға белсенді қатысасыздар деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Штаб мүшелері Жастар бастамаларын дамыту орталығында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Сенат Төрағасы жас буынды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін тілге тиек етіп, осы саладағы реформалардың мәніне назар аударды. Палата спикері ел болашағына ықпал ететін мәселе күн тәртібіне шығарылған референдумға жастардың белсенді қатысуы маңызды рөл атқаратынын айтты.

Штаб мүшелері өңірдегі сарапшылар қауымдастығымен кездесуде жалпыұлттық референдум елдің дамуы жолында шешуші мәнге ие екеніне тоқталып өтті. Сұхбат кезінде АЭС-тің елге берер игілігін халыққа сапалы әрі жан-жақты түсіндірудің маңызды екені де айтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға