Жаңалықтар

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жол

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жол
Фото: © Freepik.com 05.09.2024 17:05 961

Қазақстан алдағы отыз жылда ауаға шығарылатын көміртек көлемін айтарлықтай азайтуға тиіс. Себебі, біздің ел көміртек бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. Егер ондай қадамға бармасақ елдің экономикасы да, экологиясы да зардап шегетіні анық. Мәселені шешудің бір жолы – АЭС салу.

Елімізде АЭС салуға қатысты республикалық референдум биыл 6 қазанда өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Референдумға шығарылған «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауалға халықтың басым бөлігі «иә» деп жауап берген жағдайда ұлы дала төсінде ғасыр құрылысы басталмақ.

Стратегиялық нысанды кім салады?

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі бұрыннан оқтын-оқтын көтеріліп жүргенмен кейінгі бір-екі жылда қоғамда қызу талқыланған тақырыптың біріне айналды. Рас, қоғамның бір тобы жер жаһанда қуат көзіне сұраныс артып, энергия тапшылығы туындаған қазіргі заманда атомды бейбіт мақсатта пайдаланып, экономикалық һәм экологиялық жағынан тиімді отынды ел игілігіне жарату қажеттігін тілге тиек етсе, енді бір топ стратегиялық нысанды қалай саламыз, оған қажетті мамандарды қайдан табамыз деген уәжді көлденең тартып, көкейдегі ойларын ортаға салуда. Бұл пікірлердің бәрі де орынды, бәрі де елдің қауіпсіздігі, мемлекеттің болашағы үшін айтылып жатқаны сөзсіз. Ендеше көптің көңілін күпті еткен сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Бірінші, атом электр станциясын кім салады? «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, бұл жауапты да маңызды міндетті атқаруға осы салада тәжірибесі мол шетелдің бірнеше компаниясы білек сыбанып дайын отыр. Олардың қатарында Қытайдың China National Nuclear Corporation, Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power, Францияның Électricité de France және Ресейдің «Росатом» компаниялары бар.

Шетелдік компаниялар ұсынып отырған технологияларды алдын ала бағалау үшін біз әлемдік тәжірибені және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің ұсынысын негізге ала отырып өз бағалау жүйемізді жасадық. Нәтижесінде біздің жүйені белгілі француздық Assystem инжинирингтік компаниясы мақұлдады. – деп түсіндірді Тимур Жантикин Үкімет отырысында.  

Мердігер компанияны таңдауда технологиядан бөлек жобаның құны, орындалу уақыты, қаржыландыру көзі сияқты мәселелерге де баса назар аударылған. Егер референдум қорытындысы бойынша елімізде АЭС салуды қолдайтындар басым дауысқа ие болса, көп ұзамай атом технологиясын жеткізушіні таңдап, онымен бірге техникалық-экономикалық негіздеме жасау міндеті қолға алынады.  

Жергілікті жердегі табиғи-климаттық жағдайларды, энергия жүйесінің сипаттамасы және келешекте қуат көзіне тапшылықтың туындауы сияқты факторларды ескере отырып сарапшылар АЭС салынатын болса оны Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылының (Алматы облысы) маңынан тұрғызу қажет деген шешімге келген. Стратегиялық нысанның ұсынылған жалпы қуаты 2,8 ГВт деп көрсетілсе, ондағы бір блоктың қуаты 1,4 ГВт болмақ.

Көршіге алақан жайғанның көсегесі көгермейді

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директорының айтуынша, еліміз үшін III және III+ буын су-сулы реакторлары бар технология ең тиімді болмақ. Өйткені бірінші кезекте оның қауіпсіздік деңгей өте жоғары, екіншіден экономикалық көрсеткіштері де жақсы. Сол себепті қазіргі заманауи атом электр станцияларында апатты жағдайлардың, төтенше оқиғалардың болу ықтималдығы жоқтың қасы. Тіпті төтенше жағдай туындай қалған күннің өзінде қауіпсіздік жүйесі оның салдарын дереу залалсыздандырады.

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жолсурет: ©El.kz/Қуан Сейіт

Өз басым АЭС салуды қолдаймын. Неге? Өйткені Қазақстан үшін бұл – тиімді әрі тұрақты қуат көзі. Иә, желден, күн сәулесінен немесе басқа да көздерден энергия өндіруге болады. Бірақ олардың барлығы климаттық жағдайларға, ауа райына тәуелді. Сондықтан тұрақты деуге келмейді. Оған қоса Президент елімізде өңдеу өнеркәсібін дамыту жөнінде міндет қойды. Ал оны тұрақты әрі қуатты энергия көзінсіз жүзеге асыру мүмкін емес, – дейді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің VERITAS артықшылық орталығының жетекшісі, PhD докторы Ернат Қожахметов.

Ғалымның пікірінше, егер Қазақстан қазірден бастап энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етпесе ертеңгі күні Ресей, Қытай, Өзбекстан сынды көрші мемлекеттерге тәуелді болып қалуымыз әбден кәдік.  

АЭС туралы сөз қозғалса кадр мәселесі қатар айтылады. Ол – орынды. Бұрын-соңды қазақ даласында аты аталмаған алпауыт кәсіпорынды жұмыс істету үшін кәсіби мамандар қажет екені рас. Бірақ онда ядерщиктер ғана еңбек етеді деген түсінік қате дейді Ернат Әбілхайырұлы.

Мынаны білгеніміз жөн, АЭС-те мамандардың бәрі ядерщик болуы міндетті емес. Онда физик-ядерщик мамандығын меңгерген жүз шақты адам еңбек етуі мүмкін, ал қалғаны әртүрлі мамандық иелері, оның ішінде жұмысшы мамандар болады. Сондықтан ядерщиктерді оқытумен ғана шектелмей, салаға қажетті өзге де кадрларды даярлауға, оларды жұмыспен қамтуға назар аударған жөн.

Маман даярлағанда нені ескеру керек?

Жалпы, бұл саланың мамандарын оқыту, даярлау еліміздегі техникалық жоғары оқу орындарында он жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Алайда бір мәселе бар, осы оқу орындарын бітірген түлектер диплом алған соң қайда барып жұмыс істейтінін білмейді. Өйткені олардың ішінде таңдаулылары шетелге жұмысқа немесе оқуын ары қарай жалғастыруға кетсе, осында қалғаны басқа салада нәпақа табуға мәжбүр. Сол себепті физик-ядерщик мамандарды даярлағанда жұмыспен қамтуды да қаперде қаперде ұстау керек, – деп қосты Ернат Қожахметов.

Айта кету керек, елімізде бірнеше жоғары оқу орнында физик-ядерщик мамандарды даярлайды. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының Д.Серікбаев атындағы техникалық университеті. Онда қазір Атомдық және энергетикалық технологиялар мектебі жұмыс істейді.

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жолсурет: ©El.kz/Қуан Сейіт

Біздің университет атом өнеркәсібіне кадрлар даярлайды. Біздің алғашқы білім бағдарламамыз 2018 жылы басталған. Негізі біз Өскемендегі Үлбі металлургия зауытымен жұмыс істейміз. Сонымен қатар «Мәскеу» инженерлік физика институты» ұлттық ядролық зерттеу университетімен бірге мамандар даярлаймыз. Былтыр бітірген түлектер атом энергетикасының бакалавр қос дипломын алып шықты. Неге қос диплом? Өйткені студенттер білімнің жартысын бізден алса, қалғанын Мәскеудегі оқу орнынан алды. Референдум қорытындысы бойынша елімізде АЭС салынатын болса, аталған мамандарға сұраныс арта түсетіні сөзсіз. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз және сапалы, білікті кадрларды даярлауға мүмкіндігіміз толық жеткілікті, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина.     

Ректордың айтуынша, қазір Үлбі металлургия зауытында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің 30 пайызға жуығы университеттің төл түлектері. Демек тәжірибе бар, жүйе қалыптасқан. Тек дамыта түсу керек, ширата түсу керек. 

Отын іздеп алысқа бармаймыз

«Үлбі металлургия зауыты» акционерлік қоғамы – АЭС-ке ядролық отын шығаратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Болашақта елімізде АЭС салынса оны қажетті отынмен қамтамасыз етуге бұл зауыттың әлеуеті әбден жеткілікті көрінеді. Бүгінде кәсіпорын өзі өндірген атом реакторларында қолданылатын отын таблеткаларын Қытайға жөнелтіп жатыр.

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жолсурет: ©El.kz/Қуан Сейіт

Біздің ел табиғи уран қорына өте бай. Әлемде Австралиядан кейін екінші орындамыз. 2009 жылдан бері әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын Қазақстан қамтамасыз етіп отыр. 2021 жылдың соңынан бері зауытта жылу бөлетін құрамалар шығарып жатырмыз. Біздің кәсіпорында АЭС-ке қажетті дайын отынның жоғары технологиялық өндірісі жолға қойылған және сәтті жұмыс істеп тұр, – деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ядролық-отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов.

Жетпіс жылдан астам уақыттан бері уранмен жұмыс істеп келе жатқан ҮМЗ-да мықты ғылыми-өндірістік база қалыптасқан. Зауытта қазір 4 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Олардың дені жергілікті университеттің түлектері, яғни отандық кадрлар.  

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жолсурет: ©El.kz/Қуан Сейіт

Алдағы референдумда қазақстандықтардың дені АЭС салуды қолдап дауыс берсе, көп кешікпей стратегиялық нысанның құрылысы басталады. Ал біздің зауыт өз тарапынан оны ядролық отынмен қамтамасыз ете алар еді. Бүгінгі таңда ҮМЗ-да француздық дизайндағы AFA3G жылу бөлетін құрамалар өндірілуде. Айталық, болашақ АЭС-те біз шығарып жатқан отын түрі сұранысқа ие болса, біз жай ғана өндіріс көлемін арттыратын боламыз. Ал енді басқа формат таңдалса, онда соған лайықты отын таблеткаларын өндіруге арналған компоненттерді шығарамыз, - деді «ҮМЗ» АҚ-ның басқарма төрағасы Сергей Бежецкий. 

Қалай болғанда да АЭС-ке қажетті отын, яғни жылу бөлетін құрамалар өзімізде бар. Оған Үлбі металлургия зауытының әлеуеті толық жетеді.

Радиофобиямен күресті күшейткен жөн

Қазір қоғамда қызу пікірталас тудырған мәселенің бірі АЭС-тің қауіпсіздігі екенін айттық. Бұл мәселеде аса терең білімі жоқ қарапайым халық әлеуметтік желілерде желдей ескен алып-қашпа әңгіменің жетегіне еріп, үрейге үрей қосуда. Алайда атомның жеті атасын тарқатып бере алатын кәсіби мамандар қазіргі АЭС-тердің қауіпсіздік деңгейі өте жоғары екенін айтады. 

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке апаратын жолсурет: ©El.kz/Қуан Сейіт

АЭС құрылысы кезінде жалпыға ортақ халықаралық стандарттар қатаң сақталуға тиіс. Ол стандарттарды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бекітеді. Егер осы стандарттарға қарасаңыз ең бірінші кезекті қауіпсіздік мәселесі тұр. Сондай-ақ онда түрлі сценарий қамтылған, яғни апаттық жағдай туындай қалса не істеу керектігі немесе қандай қауіпсіздік шаралары іске асырылатыны көрсетілген. Қазір әлемдегі 440 реактор жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде үш реакторда ғана – Фукусима, Чернобль және АҚШ-та апаттық жағдай болды. Егер АЭС-те халықаралық стандарттар қатаң сақталса оның ешқандай қауіпі жоқ. Сондықтан ел ішінде тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, радиофобиямен күресу қажет, – деп түйіндеді Экология және қоршаған ортаның өмір тіршілігінің қауіпсіздігі бойынша құзыреттілік орталығының ғылыми қызметкері Тоғжан Тоқтағанов

Сонымен атом электр станциясына қатысты мәселеге соңғы нүктені халық 6 қазан күні республикалық референдумда қояды. Ал оған дейін қалың бұқара желідегі жел сөзге ермей осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби мамандардың салиқалы ойлары мен салмақты сараптамаларына жүгінгені дұрыс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға