Жаңалықтар

Адвокат пен заңгердің айырмашылығы қандай

Адвокат пен заңгердің айырмашылығы қандай
Фото: © Pixabay.com 12.01.2024 18:30 13237

Қылмыстық істер мен азаматтық және әкімшілік істерде жеңіп шығу үшін білікті адвокаттың көмегі керек. Ал адвокаттарды таңдауда олардың тәжірибесіне аса мән беру маңызды. Көпшілікке танымал адвокат Эльнура Кішкенебаева сот процестерінде қалай жеңу керегін айтып, адвокаттық лицензия алуға қатысты кеңесін бөлісті.

El.kz: Ең алдымен осы салаға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз. Қанша жылдан бері адвокат болып қызмет атқарасыз?

Эльнура Кішкенебаева: Мен Қарағанды қаласы «Болашақ» университетінде «Заңгер» мамандығын тәмәмдадым. 3 жылдай заңгерлік қызмет атқардым. Содан адвокат боламын деп шештім. Адвокат болуыма көптеген жазықсыз адамдардың сотталуы себеп болды. 2017 жылы Адвокаттар алқасының мүшесі атандым. 6 жыл ішінде 2 мыңға жуық қылмыстық іс, мыңнан аса азаматтық, 200-ге жуық әкімшілік істерді атқардым. Ұтылған істерімізге қарағанда, ұтқан істеріміз көп.

El.kz: Адвокаттарды қалай таңдау керек? Қарапайым адам жақсы заңгер табу үшін ең бірінші қайда жүгінгені дұрыс?

Эльнура Кішкенебаева: Әлеуметтік желі арқылы қарап, істеген жұмыстары мен тәжірибесіне қарап, таңдаған дұрыс. Адвокаттардың саны көп, сапасы аздар жетерлік. Клиент сан мен сапаны айыра алмауы мүмкін, дегенмен, жүргізген жұмыстарын қарап, басқа да клиенттердің пікірлерін оқып, таңдаған дұрыс. Маған көбіне клиенттер таныстары ұсынған соң келеді. Әдетте, бір клиенттің ісінде ұтып, тиімді шешім шығарған соң, бір-біріне айтып, ұсынып жатады.

El.kz: Мықты адвокат болу үшін не істеу керек? Адвокаттық лицензия қалай беріледі? 

Эльнура Кішкенебаева: Аянбай еңбек ету керек. Көптеген істерді алып жүргізуден қорықпау керек. Әрине, кейбір клиенттер қиын істермен жүгініп жатады. Ондайда ізденгісі келмей, жұмыс істеуден қашатын адвокаттар да кездеседі. Ал мықты адвокат болу үшін алға қарай талпынып, тәжірибелі әріптестерден көмек сұрап, заңдарды зерттеп, іздену керек.  Адвокат боламын деген адам өз қаласында орналасқан адвокаттар алқасының палатасына барады. Сол палатаға құжаттарын өткізіп, арнайы адвокаттық курстарды оқиды. Яғни, ол кісі бұрын-соңды құзырлы органдарда жұмыс істеген болса, тәжірибесіне қарай, көрсетілген уақыттың ішінде оқып, содан кейін қорытындысын алады. Ол қорытындыны алу үшін жасаған жұмыстарының нәтижесін көрсетіп, комиссия мүшесіне өтініш береді. Одан кейін Әділет департаментіне құжаттар өткізіп, арнайы аттестация күні белгіленеді. Аттестация екі кезеңнен тұрады: Бірінші кезеңде – тест, екінші кезеңде – ауызша сұрақ-жауап. Осы аттестациядан сәтті өтсе, лицензия беріледі. Тәжірибесі мол болған, заңды жақсы білетін заңгерлер ғана сүрінбей өтеді.

Сот процесінде жеңіп шығу үшін клиенттің ісімен толыққанды танысу керек. Сол тақырыпта бұрын қандай да бір істер қаралғанын қарастыру керек. Содан кейін, адвокаттық құпиялар бар. Клиент білмейтін құпияларды пайдалануға болады. Сот процесі кезінде бір сұрақ қойғанда, келесі тарап оған дайындалуы мүмкін. Оны біз жарыссөз кезінде судьяның құлағына естіртудің өзіндік нюанстары болады. Қай жерде қалай әрекет ету керек екенін ескеру керек.

El.kz:  Бүгінге дейін қаншама істі жүргізіп келесіз. Ең қиын болған істер туралы айтып беріңізші.

Эльнура Кішкенебаева: Бүгінге дейін 5 мыңға жуық істі жүргізгенмін. Оның ішінде, 3 мыңға жуығы қылмыстық істер болса, екі мыңға жуық азаматтық және әкімшілік істер деп айтуға болады. Көп істе жеңіске жеттік. Ең қиын болған істердің бірі – өгей әкесі 3 жастағы баланы өлтіріп алған жағдай еді. Байқаусызда немесе әдейі жасалған іс-әрекет екенін сот анықтады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол адамды 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. "Күдікті тұлғаларды қорғаңыз, бір амалын тауып алып шығыңызшы" деген кездерде біз ол істен бас тарта алмаймыз. Сенім артып келген адамды барынша қорғап шығуға тырысамыз. Мысалы, отбасындакүйеуі ішімдікке салынып, үйіндегі дүние-мүлікті сатып жіберетін жағдай болды. Осы әрекетке шыдамай әйелі ашуға беріліп, ерлі-зайыптының арасында жанжал туындағанда әйелдің қолындағы пышақ ер адамның жүрек тұсына қадалып қалған. Әйелге "Күйеуін өлтірді" деп айып тағылып, 99-бап бойынша «Адам өлтіруге оқталды» деп 5 жылға сотталды. Біз адвокаттар әйелді қорғап, абайсызда болған әрекет деген уәж айтып, жазаны жеңілдетуге тырыстық. Дегенмен, соңғы шешімді сот шығарады.

El.kz: Қылмыскерді қалай ақтап шығуға болады? Мысалы, ұрлық істеген, адам өлтірген сияқты..

Эльнура Кішкенебаева: Әрбір азамат өз мүддесін қорғау үшін адвокаттың көмегіне жүгінеді. Адвокатқа жағдайын айтып, көмектеседі деп сенім артады. Көпшілік «Адвокаттар ақша үшін не істемейді» деп айтып жатады. Ақша үшін емес, бұл жерде қызметімізді орындау міндеті бірінші орынға шығады. Бізге кейде ауыр қылмыс жасаған күдіктілерді де қорғауға тура келеді. Егер қылмыстың нақты дәлелі табылған жағдайда жазаны жеңілдетудің жолдарын іздейміз. Яғни, қорғауымдағы азамат өз кінәсін толық мойындап тұрса, соттан жазаны жеңілдетуді сұраймыз. Жылды азайту немесе шартты жаза қолдану секілді шараларды қабылдауды сұраймыз.

El.kz: Адвокаттардың ең төмен төлемақысы қанша теңгеден басталады? Кімдерге тегін көмек көрсетіледі?

Эльнура Кішкенебаева: Адвокаттарда белгіленген тариф жоқ. Әр адамның жағдайына қараймыз. Жаныңыз ашып тұрса, тегін көмек көрсететін кездер де болады. Арнайы келісім шарт негізінде төлемақы алу тәртібі жазылады. Біреулер бөліп төлеп немесе толығымен төлеп жатады. Адвокат 1-3 топтағы мүгедектерге, зейнеткерлерге, жалақы және еңбек дауына байланысты, шетелден келген қандас бауырларымызға тегін кеңес беруге міндетті.

El.kz: Істі қазақша жүргізгенде жеңіске жету қаншалықты қиын?

Эльнура Кішкенебаева: Адвокаттар арасында қазақ тілді адвокаттар өте аз. Алған әрбір ісімнің пайымын түсініп, әр іске жауапкершілікпен кірісемін. Кейде клиенттерге жеңуге мүмкіндік жоқ болса бірден айтамын. Дегенмен, қазақ тіліндегі жүргізілген істердің біразы жеңіспен аяқталды.

El.kz: Адвокаттар да алаяқ боп шығатын жағдайлар бола ма?

Эльнура Кішкенебаева: Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ клиенттер «осыншама ақшамды алды, бірақ нәтиже жоқ, істі аяғына дейін жеткізбеді» деп айтып келеді. Мен ондай адвокаттарды нақты айта алмаймын. Өз басым маған сенім артып келген клиенттердің ісін адал шешіп беруге тырысамын. 

El.kz: Адвокат пен заңгердің айырмашылығы қандай?

Эльнура Кішкенебаева: Заңгер дегеніміз – азаматтық істерге қатыса отырып, қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің мүддесін қорғауға қатыса алады. Адвокат – азаматтық істермен қатар әкімшілік, қылмыстық істер бойынша әр тараптың мүддесін қорғай алады. Заңгерлер арнайы заңгерлердің палатасына тіркеле отырып, қорғауындағы азаматтың сенімхат арқылы мүддесін қорғаса, адвокат арнайы хабарлама негізінде және адвокаттар алқасына тіркелгені турлы куәлік негізінде кез-келген жәбірленуші, я болмаса күдіктілердің мүддесін қорғайды. Арнайы хабарлама – сіздің аталған азаматты қорғаудағы рұқсат қағазыңыз. Азаматтық істерге клиент қатыспаса да арнайы сенімхат негізінде және хабарлама сондай-ақ, адвокаттық куәлік негізінде сенім артып келген клиенттің мүддесін қорғай аласыз.  Адвокатқа қандай сұрақтармен келеді? Адвокатқа көбінесе отбасылық мәселелер бойынша, несие, қылмыстық істер жөнінде, микрозайм, әкімшілік істер тағы басқа мәселелер бойынша хабарласады. Соның ішінде өзекті мәселелердің бірі алимент өндіру, ажырасу, микрозайм, несие деп айтар едім.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға