Жаңалықтар

Адвокат: Бишімбаев Нүкеноваға ауыр зақым келтірмеді

Адвокат: Бишімбаев Нүкеноваға ауыр зақым келтірмеді
Фото: El.kz 11.03.2024 18:41 2899

Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Салтанат Нүкенованың денсаулығына ауыр зақым келмегенін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, Бишімбаевтың тарапынан болған әрекеттердің барлығы әйелін «тыныштандыруға» бағытталған. Осылайша, қорғаушы тарап тергеу жұмыстары шынайы жүргізілген жоқ деп есептейді. Сондықтан істі прокурорға қайтаруды сұрады.

Бишімбаев Нүкенованы жұдырықпен ұрған жоқ және басынан тепкен жоқ. Оның денсаулығына орташа деңгейде зақым келтірген жоқ, ауыр да зақым келтірмеді, - дейді қорғаушы.

Астана қаласының полиция департаменті уақытша ұстау изоляторы жағдайында жасырын тергеу жүргізген. Мәйітке жасалған бастапқы сот сараптамасында бірқатар жағдай анықталғанын атап өтті.

Салтанат Нүкенованың басының оң жағындағы шүйде желке тұсында әртүрлі уақытта пайда болған субдуральді гематома бар екені анықталған. Яғни, ісіктер 3-4 апта бұрын және 12 сағат бұрын пайда болған. Бұл деректі комиссиялық сот гистологиялық сараптамасы да растайды. Бастапқы сот медициналық сараптама қорытындысында субдуральді гематомасына ешқандай баға берілмеген. Алайда, тергеушіге жауап бергенде сарапшы гематоманың бұрын болмағанын мойындайды. Сонда бастапқы сот сараптамасында ісіктің болғаны туралы дерек жоққа шығарылған. Ал қосымша сот сараптамасы кезінде толық расталды, - деп мәлімдеді Бишімбаевтың қорғаушылары.

Экс-министрдің қорғаушылары тергеуде кісі өлтіру қасақана жасалғанына дәлел жоқ деп отыр.

Бишімбаевтың адвокаттары «Аса қатігездікпен жасалған кісі өлтіру» бабын «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» баптарына өзгертуді сұрайды.
Айта кетейік, «Аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы - (15-20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылу); «Абайсызда өлімге әкеп соқтыру» бабы бойынша – (3 жылға дейін бас бостандығынан айыру) заңда белгіленген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға