Жаңалықтар

Әділет министрі азаматтардың алимент төлеуден қашатыны туралы айтты

Әділет министрі азаматтардың алимент төлеуден қашатыны туралы айтты
Фото: inbusiness.kz 22.02.2023 20:01 1905

Борышкерлер жағдайы бар бола тұра, алимент төлеуден әдейі жалтарады. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев Батыс Қазақстан облысының халқына есеп беру кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, алимент өндіру Батыс Қазақстан облысы бойынша ғана емес, бүкіл ел бойынша күрделі мәселелердің бірі.

Батыс Қазақстан облысы бойынша барлығы 11 мемлекеттік және 50 жеке сот орындаушы қызмет атқаратынын атап өтті. Олардың өндірісінде бүгінгі күнге дейін 270 мың атқарушылық өндіріс болған. Оның 147 мың өндірісі бойынша істер аяқталды. Батыс Қазақстан облысы бойынша бұл 12 мыңнан астам іс. Кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіріп алу қиынға соғады. Осыған байланысты, өңірлік әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Мысалы, 2022 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 118 борышкер жұмысқа орналастырылды.

Айта кету керек, бұл министрдің халық алдындағы екінші есеп беру кездесуі. Бұған дейін осындай кездесу Ақтөбе облысында да өткізілген болатын. Кездесу барысында Азамат Есқараев өңір тұрғындарын Әділет министрлігінің қызметі туралы хабардар етті.
Әділет министрлігі азаматтардың өтініштеріне талдауы мен халықпен кездесулердің қорытындылары адамдар көбінесе нотариустардың, адвокаттардың және Заң консультанттарының өздері көрсететін заң көмегіне байланысты мәселелері бойынша жүгінетінін атап өтті. Осыған байланысты біз нотариустардың қызметтерін ыңғайлы пайдалану үшін бірқатар шаралар қабылдадық, деді министр.

Айтуынша, «Нотариат туралы» Заңға түзетулер енгізілді, оған сәйкес қазір жылжымайтын мүлікпен мәмілені рәсімдеу оңайырақ болады.

«Экстерриториалдылық» қағидатына сәйкес жылжымайтын мүлікпен мәмілені осы объектінің орналасқан жерде рәсімдеу міндетті емес. Бұрын, егер жылжымайтын мүлік басқа қалада болса, жылжымайтын мүлікпен мәміле сол қалада жұмыс істейтін нотариуста жасалуы және барлық қажетті құжаттарды ұсынуы тиіс еді. Енді цифрлық технологиялар басқа қалаға бармай-ақ бір қалада жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасауға мүмкіндік береді, деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, Азамат Есқараев халыққа смартфон арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін Digital Justice жобасы туралы айтып берді. Сондай-ақ Азамат Есқараев азаматтарды толғандыратын мәселелер бойынша жеке қабылдау өткізіп, Министрліктің аумақтық бөлімшелеріне бірқатар тапсырмалар берді.

БҚО жұмыс сапары барысында Азамат Есқараев облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен кездесті. Ведомство басшысы облыстық бюджеттің мүмкіндігіне қарай, әділет органдарының ғимараттарына жөндеу және сараптама жұмыстарын жүргізуге қажетті техникалармен қамтамасыз етуді сұрады. Бұл өз кезегінде өңірдегі сот-сараптамаларының қорытындысына, қылмыстық істердің жүргізілуін жеделдетуге, ең бастысы азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға септігін тигізбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға