Жаңалықтар

Адасқанның алды жөн, арты Сирия...

"Тура жолдың" барлығы тура ма?
Адасқанның алды жөн, арты Сирия...
04.12.2018 14:17 7789

Діннің қазаққа қашан келгені жайлы әңгіме айтпай-ақ қояйын. Оны имамдар, дінтанушылар жазып та, айтып та жүр ғой. Біздің аядай ауылға дін тоқсан төрт-тоқсан бесінші жылдары келді. Бәлкім бірнеше жылдан кейін қайта келген шығар. Әйтеуір, ораза кезі болатын. Ауылымызда төбесіне қаңылтырмен күмбез жасай салған ескі мешітіміз болды. Ескі болатын себебі – Кеңес өкіметінен қалған ескі канторды мешіт қыла салғандығында. Әуелгіде мешітке ауыл ақсақалдары барып жүрген. Сол жылғы оразада Сарыағаш медресесінен бізден 3-4 жас үлкен 4-5 бала келді. Ол балалар ауыл имамының шақыртуымен, әлде аудан имамының шақыртуымен келген шәкірттер болатын. Өзіміз тәрізді балалардың намаз оқығаны бізге қызық көрінді. Солар секілді болғымыз келе бастады. Жұрттың баласын мысалға келтіретін қазақы отбасы көп ауыл едік. Әр үйде кешкі не түскі ас кезінде «ана балаларды қараңдарш, намаз оқып жүр. Не деген тәрбиелі балалар» деген секілді мысалдар естіліп жататын.

Не керек сол балалар бізге сабақтан тыс уақыттарда келіп жүретін. Кейде, мектепте бос сыныптардың бірінде біздің басымызды қосып, бізге уағыз айтатын. «Сендер мұсылмансыңдар ма, кәпірсіңдер ме?» деп сұрады бір жолы. «Мұсылманбыз» деп жауап береміз. Мұсылманбыздың алдына «Әлһамдулланы» қосатын дәрежеге жетпеген кезіміз. «Сендер мұсылмандардың гимнін білесіңдер ме?» деп сұрады онымен қоймай. Біз жамырап «Жаралған намыстанды» айтып жатырмыз. Арасындағы өзінің өзгелерден ақылды екенін көрсеткісі келгендер гимннің авторларын да айтып үлгерді. «Жоқ, сендер шатасып отырсыңдар. Бұл мұсылмандардың гимні емес. Біздің гимніміз мынау» деп араб тіліндегі әлдебір әнді айта бастады. «Толағәл бадруғалейна, минсани ати уәдағ. Уәжаба шукуруғалейна. Мадаға Лиллаһи дағ...» деген жолдар әлі күнге құлағымда және көз алдымда. Көз алдымда дейтін себебім, бізге әлгі балалардың бірі тақтаға гимн текстін жазып, көшіріп алуымызды және жаттауымызды сұраған еді. Бәлкім, бұл жолдар бұлай жазылмайтын шығар? Қате жазсам мұсылмандардан кешірім сұраймын. Мен бала кезімдегі сезіммен, бала кезде естігенімді жазып отырмын. Неге? Себебі, бізге олардың әңгімесі қатты әсер етті. Сабақтан қайтқанда бір топ бала осы өлеңді қосыла айтатын да кезіміз болған...

Кейін ержеткен соң бұл балалар жайлы біраз ақпарат білдік. Біреуі намазын тастап кеткен. Біреуі Сирияға кеткен. Содан бері хабарсыз... Тағы біреуін былтыр аудан орталығындағы супермаркеттен көрдім. Маңдайының ортасында үлкен қара дағы бар. Баяғыда жоқ болатын. Сөйтсем, оның да өз мәнісі бар екен. Алладан тілек тілеп, түні бойы тілек намазын оқиды екен. Сәждеде маңдайы қажалғанша жататындар өз орталарында өты сыйлы деседі...

Менің студенттік жылдарым Қарағанды қаласында өтті. Журналистикада оқыған соң ақын-жазушыларды, журналист ағаларымызды жағалайтынымыз белгілі ғой. Белгілі өнертанушы, журналист Ерлан Төлеутай сол кезде облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында жұмыс істейтін. Ағамыздың «Үт» атты ток-шоуын жүргізді. Біз қонақ болып сөйлемесек те, сол бағдарламаға қатысқанымызға, студияда көрермен болғанымызды абырой санайтын жаста едік. Расымен де бұл жерде өте шиеленіскен мәселелер айтылатын. Дәл сол жылдары Дарын Мубаров Қарағанды қаласында өз жұмыстарын жасап жүрген. Язев атындағы көшеде орналасқан үйлердің бірінде кешкі мезгілдерде студент жастарға сабақ беретін. Өзім бармасам да тұрақты түрде бір-екі танысым, немере інім барып жүрді. Міне,  сол 2004-2005 жылдардың өзінде Ерлан ағамыз өз бағдарламасында әлденеше рет «Бұлар қазақты құртуға бет алған экстремистік топ» деп шырылдаған болатын. Тіпті, дәл қай жерде екенін білмеймін бір ауылда әлгілердің базасы бар екендігін де прокуратура қызметкерлерінің көзінше айтқаны бартын. Сонда, қарапайым журналист біліп отырған мәселені құзырлы орган қызметкерлері білмей отыр. Әлде, басқа бір сыртқы күштердің әсерінен көп алдында осылай мақұлық болуға тура келді ме екен... Біздің елде дәл уақытында тыңдалатын сөз, қарастырылатын шағым бар болса бүгінгі жағдайлардың бірі де болмаушы еді деп ойлаймын кейде...

Сурет https://pixabay.com/ru/ сайтынан алынды

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға