Joe Raedle/Getty Images

Адамзат Айға қайта ұшады: АҚШ Жер серігін бағындыру арқылы қалай байымақ?

АҚШ ғарыш агенттігі NASA алдағы сәрсенбі күні Айға бағытталған тарихи миссияны ұшыруға дайын. Егер ауа райы мен техникалық жағдайлар кедергі келтірмесе, бұл соңғы 54 жылдағы Айға бет алған алғашқы адам басқарылатын экспедиция болмақ.

Жаңа миссия

«Артемида-2» бағдарламасы аясында командир Рид Вайзман, ұшқыш Виктор Джей Гловер, инженер Кристина Кох және канадалық астронавт Джереми Хансен секілді төрт ғарышкер Жер серігін айналып ұшып, шамамен он күннен кейін қайта оралады. Бұл миссияда Ай бетіне қону қарастырылмаған.

Ғарышкерлерді алып ұшатын Orion кемесі мен Space Launch System зымыраны Флоридадағы Канаверал мүйісінен ұшырылады деп жоспарланып отыр. Ұшу уақыты – жергілікті уақыт бойынша 1 сәуір, 18:24. Егер алғашқы талпыныс сәтсіз болса, агенттік алты күн ішінде қосымша мүмкіндіктерді қарастырады.

NASA өкілдері соңғы брифингте миссияға толық дайын екенін мәлімдеді. Алайда бұлтты ауа райы мен қатты жел қауіп туғызуы мүмкін деген болжам бар.

Бұл миссия Айға қайта оралу жолындағы үлкен бағдарламаның бір бөлігі ғана. АҚШ 2028 жылы астронавттарды Ай бетіне қондыруды, ал кейін тұрақты база салуды көздеп отыр.

Айта кетейік, адамзат алғаш рет Айға Apollo 11 Moon Landing миссиясы арқылы 1969 жылы қонған. Соңғы сапар 1972 жылы жүзеге асқан. Содан бері Айға қайта ұшу туралы бастамалар көтерілгенімен, нақты қадамдар тек кейінгі жылдары қолға алына бастады.

Нил Армстронг Айға барған сәт. NASA / Newsmakers / Getty Images

«Ай жарысы»

Бүгінде ғарыштағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Қазір құрама штаттар Қытаймен бәсекелеседі. Бейжің де алдағы жылдары өз ғарышкерлерін Айға жіберуді жоспарлап отыр.

Бұл туралы NASA басшысы Джаред Айзекман да ашық айтты:

Біз АҚШ-тың ғарыштағы көшбасшылығына күмән келтіретін нағыз геосаяси қарсыласпен бетпе-бет келдік. Мақсатымыз жалау тігу ғана емес. Бұл жолы мақсатымыз – сол жерде қалу. Америка енді Айдан бас тартпайды.

Ай ресурстары: болашақ байлық көзі

Ғалымдар пікірінше, Айды игеру тек ғылыми емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді болуы мүмкін. Сарапшылар Айда гелий-3 изотопының мол қоры бар деген болжам жасап отыр. Ал бұл болашақта термоядролық энергия көзіне айналуы мүмкін аса құнды ресурс.

Ezra Acayan / Getty Images

Бұған қоса, Ай бетінде литий, платина секілді сирек металдар бар. Олар қазіргі электроника өндірісінде кеңінен қолданылады. Қазір бұл нарықта Қытайдың үлесі жоғары, сондықтан АҚШ үшін бұл бағыт стратегиялық маңызға ие.

Сарапшылар Ай ресурстарының нақты құнын айту әзірге қиын деп санайды. Дегенмен гелий-3-тің қазіргі нарықтағы бағасы шамамен 20 миллион долларды құрайды.

Үлкен миссия алдындағы үлкен үміт

«Артемида» бағдарламасы ғылыми жоба ғана емес, сонымен қатар саяси және экономикалық мәнге ие бастама ретінде қарастырылып отыр.

Danuri. EPA / Yonhap / ТАСС

Сарапшылар пікірінше, миссия сәтті өтсе, бұл АҚШ-тың ғарыштағы позициясын нығайтып, жаңа «Ай жарысында» басымдық алуға мүмкіндік береді.