Адамның репродуктивті жүйесіне тән биологиялық сұйықтықтардан микропластик бөлшектері анықталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Адам ағзасының репродуктивті жүйесіне тән биологиялық сұйықтықтардан микропластик бөлшектері табылды. Бұл туралы Адамның репродукциясы және эмбриологиясы жөніндегі Еуропалық қоғамның (ESHRE) жыл сайынғы конференциясында жария етілді.
Зерттеу нәтижесінде әйелдердің фолликулярлық сұйықтығының 69 пайызында, ал ерлердің шәуетінің 55 пайызында микропластиктің іздері анықталған.
Талдау барысында политетрафторэтилен, полипропилен және полиэтилентерефталат сынды кең таралған синтетикалық полимерлер табылған. Зерттеу микропластиктің ұрыққа тікелей әсерін бағаламағанымен, бұған дейінгі ғылыми деректер оның ағзада жиналуы қабыну, тотығу стрессі мен гормондық бұзылыстарға алып келуі мүмкін екенін көрсеткен.
Барлық биологиялық үлгілер сыртқы ластанудан қорғалған жағдайда жиналып, арнайы зертханалық талаптарға сай өңделген. Ғалымдар зерттеуді кеңейтіп, жыныстық жасушалардың сапасы мен микропластик деңгейінің арасындағы байланысты зерттемек.
Айта кетейік, бұған дейін де мамандар қазіргі заманғы тазарту жүйелері микропластикті толық сүзгіден өткізе алмайтынын, ал оның ағынды сулар арқылы қоршаған ортаға таралып, қауіпті химиялық заттарды бірге алып жүретінін анықтаған.

