Адамның кәсіби спорттағы кезеңі – ең бақытты уақыт - Эльмира Айғалиева
Қазақстанның жүзу спортындағы жетістіктер парағының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Медалі көп спортта кетіп жүрген есемізді Дмитрий Баландин қайтара бастады. Ол 2014 жылы үш дүркін Азия ойындарының жеңімпазы атанса, араға екі жыл салып Рио Олимпиадасының да алтынын қанжығасына байлады. Ал қаракөздеріміздің арасында бұл спортқа кәсіби түрде қызығушылар тіпті аз. Солардың бірі әрі табыстары жағынан өзгелерден алда тұрғаны – Эльмира Айғалиева болатын. Жабық кешендегі Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері осыдан 3 жыл бұрын карьерасын аяқтап, қазіргі кезде елордадағы бассейндердің бірінде жаттықтырушы-инструктор болып қызмет атқарып жүр.
Біз негізі спортшы Эльмира Айғалиевадан үлкен үміт күткен едік. Ең алғаш оның есімі 2008 жылдары шыға бастады. Жастайынан талантымен және еңбекқорлығымен спорт мамандарын мойындатты. Азия көлеміндегі жарыстарда жүлде алып жүрді. Сосын Рио Олимпиадасынан бір жыл бұрын допингпен ұсталып, екі жылға спорттан шеттеттілді. Одан кейін бір жарыстарға қатысып көріп еді, нәтижесі көңіл көншітпеді. Әріқарай өзін қинамай, спортпен біржола қоштасуды жөн көрген екен.
2017 жылы Түркіменстанда өткен жабық кешендегі Азия ойындарынан кейін карьерамды аяқтау керектігін түсіндім. Бұдан әріге жүйкем де, күшім де жетпейтінін білдім. Содан кейін бірден жаттықтырушы болып жұмыс істеп кеттім, – дейді Эльмира.
Ол осы күні суға жүзуге қызыққандардың барлығына өз білген түйгенін үйретіп жүр. Арасында кәсіби спортшы болуды қалап, қатал бапкердің айтқанына шыдап жүргендері де, суға жүзудің машақатына келгенде әлсіздік танытып кетіп қалғандары да жетерлік. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстанып, өздері үшін үйреніп жүрген ересектер де бар көрінеді.
Менде бір қыз бар. Оның есімі – Айдана Айдарова. Ол 2008 жылғы туған балалар арасында Қазақстан чемпион атанды. Шәкірттерімнің арасында Айданадан көп үміт күтемін.
Эльмира талай білікті мамандардан тәлім алды. Ең алғаш оған жүзудің әліппесін үйреткен Владимир Сажин еді. Одан кейін спорт мектебінде Эльмира Әубәкіровадан тәлім алды. Кейіннен Александр Смолеев бар білгенін үйретті.
Бұл кісілердің барлығы өз істерінің нағыз мамандары. Менің осындай деңгейге жетуіме олардың әрқайсысы өзінше үлес қосты.Әубәкірова, Сажин, Смолеев олар бәрі маған көп нәрсе үйретті. Солардың арқасында мен чемпион болып шықтым. Рекордтар жаңарттым. Александр Смолеев тек бапкер емес, әкем секілді болып кеткен адам.
Алайда Элмира Айғалиеваның алға қойған мақсаттарының ішінде бапкерлік мәнсап жоқ. Шәкірт тәрбиелегісі келмейді емес. Жаттықтырушылардың айлығы, шәйлығына жетпейді. Спортпен қош айтысқан талайдың бапкерліктен бас тартып, бағытын басқа арнаға бұратыны да сондықтан.
Олар сияқты жаттықтырушы болғым келмейді. Өйткені бізде спортта бапкерлерге дұрыс жалақы төленбейді. Мен қазір көбінесе коммерциялық бағытқа кетіп қалдым. Бірақ қосымша кәсіби спортшы болғысы келетіндерді жаттықтырып жүру кедергісін жасамайды.
Эльмира Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен бала күнінен таныс. Екеуі де Алматыдағы «Шаңырақ» ықшам ауданындағы «дарынды балаларға арналған республикалық спорт-интернатта» оқыған. Сондықтан да болар Баландин олимпиада чемпионы атанғанда балаша қуанған Эльмираның көзіне ерексіз жас келді. Бірінің бала күнгі арманы орындалса, енді бірі сол сәттің куәсі болғанына қуанышты.
Мен Дмитрий Баландин жүзгенде түн үшінде үйде отырып теледидардан көрдім. Ол кезде әкем ұйықтап жатқан. Сондықтан айғайлай алмай, көзімнен жас ыршып шықты. Өте қуанышты болдым. Ол бұл алтынды ешқайдан сатып алған жоқ. Қазақстан азаматы. Өзі бізбен бірге өскен. Барлық этаптан өткен. Сол үшін қуаныштымын. Осындай жетістікке жеткен үшін оған ризамын.
2016 жылы Рио Олимпиадасында АҚШ құрамасы бір ғана суға жүзу спортынан 16 алтын, 8 күміс, 9 қоланы еншілесе, Майкл Фелпс жалғыз өзі олимпиада ойындарының 23 алтынын ұтып алған спортшы. Ал, Қазақстан құрамасы спортшыларының олимпиада ойындары тарихында қол жеткізген алтындарының жалпы саны 15 медаль ғана. Сонда біздің құраманың 35 жылда жеткен жетістігі Майкл Фелпстің жалғыз өзі ұтқан жүлдесінен екі есе аз болып тұр. Демек біздер баса мән беретін спорт түрі күрес пен командалық жарыстар емес, суда жүзу секілді сайыстар болуы керек шығар. Ол үшін бірінші кезекте балалар баратын жүзу бассейндерінің санын арттырып, жаттықтыруышылардың сапасын жақсартуымыз қажет.
Біріншіден, профессионал спортшы дайындау үшін бапкерлеріміз оқуға бару керек. Америка, Еуропаны көруі қажет. Олармен бірге жаттығу жасауы тиіс. Олардың лабораториясын бәрін көрмесе болмайды. Бізде әлі күнге бапкерлеріміз бұрынғы методикамен жүр. Жастар ол жаққа бармайды. Жылына екі-үш рет жіберіп, тәжірибе жинатқызу қажет. Содан кейін бізге көп технология жетіспейді. Сол үшін біздің спорт бір қалыпта тұр. Спорт дәрігерлері жетіспейді. Оларды да оқыту керек. Поляковтың өзі қайдан шыққанын білесіз бе? Ол жаттығуды Америкада жасаған. Бапкерлері де сол жақтан. Методикасы да өзгеше. Бізбен жаттығу жасағанда күлетін. Өйткені жаттығу процесі дұрыс емес екенін айтатын. Басында мамандарды оқытып алуымыз қажет. Сосын нәтиже туралы айтуға болады.
Осы ретте Эльмира өзінің жүзу спортына қалай келгенін еске алды. Бала Эльмираның қызығушылығы «Малибу құтқарушылары» фильмінен басталған екен.
Жүзуге 11 жасымда келгенмін. «Малибу құтқарушылары» деген кино көргенмін.Содан қызығушылығым оянды. Жарты жылдан кейін мектепке бапкерлер келеді. Ол кезде дельфин жабық болатын. Бассейн ашылғанда бәрі қиын болды. Үш ай жүрдім. Сосын маған айтты, «енді жүзіп үйренбесең, біз сені алмаймыз» деді. Үйге жылап бардым. Қолымнан келеді деп өзімді қайрадым. Таңертең жаттығуға келгенде қалай жүзіп кеткенімді білмей қалдым. Менің карьерам осылай басталды.
Жүзуді тек кәсіби спорт ретінде қарастыруға болмайды,оның бұқаралық сипаты да бар. Эльмираның айтуынша, жүзу – ең қауіпсіз спорттың бірі. Бұлшықет қатпарларын шынықтырады. Жүзумен жүйелі айналысатын адамдардың жүрек-қан тамырлары жақсы жұмыс істейді, холестерин мөлшері төмендейді. Сіңір мен буын қатаяды екен.
Бассейнге өте көп адам келеді. Бірақ көбі шыдамайды. Өйткені ол – өте көп еңбекті талап ететін спорт. Еңбек болғанда да қандай еңбек десеңізші! Оны сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Ерік-жігерлері жетпегендер тастап кетіп жатады. Тағы бір себебі бар. Ол сол балалардың ата-аналарына байланысты. Көпшілігі балаларының оқығанын немесе басқа салада жүргенін қалайды. Ал мен үшін спорт – бұл өмірде ешбір баға жетпес құндылық. Ешқандай ақшаны онымен салыстыруға келмейді. Адамның кәсіби спорттағы кезеңі ең бақытты уақыт. Сені бүкіл әлем көреді.
Балаларының кәсіби спортшы болуына көп жағдайда әке-шешелері рұқсат бермей жатады. Ал Эльмираның ата-анасы керсінше қолдап отырған екен.
Жаттығудың қиындығына шыдамай спорттан кеткім келген кездер болған. Сонда анам қатты қолдау білдірді. Әкем де спортта қалғанымды қалады. Жақын бір құрбым болды. Барлығы «сен әлі өзінді көрсетесің» деп қанаттандырды. Бірақ осындай жетістікке жететініме ешкім сенбеді. Бәрі жаңадан бастаған кездегі деңегейімнен әрі аспайды деп ойлады.Өзім көпбалалы отбасыдан шыққанмын. Үйдің үлкенімін. Диана, Мөлдір, Аяжан атты сіңлілерім, Шапағат есімді інім бар. Менен кейін Диана да спорттың осы түрін таңдады. Жүзуді тек ересектердің спорты деп қарауға болмайды. Олимпиада ойындарымен әлем чемпионаттарында 25-28 жастағы спортшылар да топ жарып жатады. Спортта кеш деген түсінік жоқ, кез келген жаста айналыса беруге болады. Ең бастысы, денсаулығың, физикалық күш-қуатың жетіп жатса болғаны.
– Қолың қалт еткенде немен айналысасың?
– Көп уақытым бола бермейді. Билегенді жақсы көремін. Кітап оқығанды ұната бермеймін. Ән айта алмаймын. Бірақ өзгелердің айтқанын тындаймын. Бос уақытымда жүгіремін, фитнес залға да барып тұрамын.
– Жазғы демалыста көлге барып, достарыңмен жарысып тұрасың ба?
– Жоқ. Мен демалыс кезінде жүзгенді онша қаламаймын. Тек жай шомылуға барамын. Үнемі жүзе бергеннен де шаршайсың. Достарыммен ешқашан жарысқан емеспін. Мен кәсіби спортшымын, сондықтан олар менімен бәсекелесе алмайды. Кей кездері сайысқа түсу жайлы ұсыныстар болады. Бірақ барлығынан бас тартамын. Уақытымды босқа жұмсағым келмейді

