Жаңалықтар

Адамдардың табиғатпен үйлесім тапқанын қалаймын – ерікті

Адамдардың табиғатпен үйлесім тапқанын қалаймын – ерікті
Фото: Жеке мұрағаттан 29.06.2023 18:37 1200

Адамзат қоғамын жақсы адамдардың оң энергиясы мен ақыл-парасаты тепе-теңдікте ұстап тұр десек қателеспеспіз. Жақсылық пен қайырымдылық өлген жерден азғындық басталар еді. Ұрпағын жастайынан мейірімділікке баулыған ұлттың келешегі нұрлы болмақ. Қазақ – әлмисақтан тартып осы қасиеттерді бойына сіңірген халық. Жақсылық жасау ұлттық менталитетімізге айналған. Осы ретте біз кішкентайынан тартып ұлы армандарға қол созған, адамзат пен табиғатты етене дос еткісі келіп өскен Зинаэнур Исламмен аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

Зинаэнур – New Wave (Жаңа Толқын) эковолонтерлік желінің негізгі қалаушы. Бұл жобаның басты мақсаты – жастарды экологиялық өмір салтына шақыру, оны дәріптеу. Көгалдандыру, қоршаған ортаны тазарту және қорғау, қалдықтарды бөлек жинау және экологиялық білім беру болып табылады.

– Еріктілер өз ісін айтып, басқаларға көрсеткісі келмейді. Бәрін үнсіз, жүрек қалауымен атқарады. Ең алғаш біреуге көмектесіп, оның ризашылығына көңіліңіз марқайған кез есіңізде ме?

– Мен алғаш рет волонтерлықпен айналыса бастағанда, есесіне ешқандай алғыс күткен жоқ едім. Осыдан 6 жыл бұрын аз қамтылған отбасылардың балаларына білім алуға және өмірлік мақсаттарына жетуге көмектескім келді. Мен өз мақсатымнан айнымадым, яғни олардың жетістіктерін, нәтижелерін және көздеріндегі жалынды көргенде қуанатынмын. Бұл мені ары қарай көмек көрсетуге итермеледі.

Мен волонтерлік қызметімнің бағытын өзгерткеніме 4 жыл болды. Қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғауға бағытталған еріктілер ұйымның негізін қалаушымын, қазірде оның Қазақстанның 18 қаласында 2000 волонтерді біріктірген филиалдары бар. Мені қуантатын нәрсе – біз күннен күнге адамдардың ой-санасын көбірек өзгертіп жатырмыз: көп азаматтар экологиялық әдеттерді қалыптастыруда және табиғатқа қамқорлық жасауда. Мен өзімнің сондай ақкөңіл ұйымның негізін қалағаныма тамсанып қараймын.

– Жұмыстарыңыздың жемісін көріп жатырсыздар ма? Қазіргі таңдағы жастар арасындағы ерікті болуға деген ынта қалай?

– Менің әрбір талпынысым өзін жүз есе ақтағаны сөзсіз. Мен өз волонтерлерімнің әрқайсысынан өз ісімнің жалғасын көремін. Әркімнің мотивациясы әр түрлі, бірақ мен бір тенденцияны байқадым: олар әуелі сертификат үшін келеді, жүре келе нағыз еріктіге айналады. Өйткені олар біздің ұйымды жүрегімен ұнатады және бірнеше іс-шаралардан кейін әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлестерін қосқысы келе бастайды. Осындай іс-шаралар арқылы жастар арасында азаматтық қоғамды қалыптастырып жатқанымызға өте қуаныштымын. Бүгінгі күні кішкентай әлеуметтік проблемаға мән беріп жүргендердің барлығы болашақта өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсете отырып Қазақстан халқының мәселелерін және жаһандық, әлемдік дағдарыстарды шешетін болады.

– Басқаларға көмектесу, жәрдемші болу деген ғажайып қасиет ең әуелі бойыңызға әке-шеше, ата-апаңыздың, қазақы тәрбиенің әсерімен жұққан болар?

– Менің ойымша, дәл солай. Кішкентайымнан тартып отбасыммен бірге табиғат тазалауымен айналысып, өз алдында «еріктілер тобын» құрдық: біз Қазақстанның табиғи көрікті жерлеріне  саяхатқа шыққан сайын, бізден бұрын келген жосықсыз келушілер тастаған қалдықтарды жинаймыз. Орнында қалдырып кеткен пластик ыдыстар, өшірілмеген шоқтар уақыт өте қоршаған ортаға зиянын тигізетінін әкем түсіндіретін. Сол тәрбиені бойыма сіңіріп, мен есейген кезде бұл мәселені жаһандық деңгейде шешкім келетін. Ата-анам менің ұйымымның (“New Wave”) ашылуы мен дамуында мені әрқашан қолдап отырады. Олар қызының табиғатты жасылдандыруға, қорғауға, басқаларды да осы жақсы іске, экология үшін күреске ынталандыруға үлес қосқанын мақтан тұтады.

Мен халықаралық отбасында өстім: анам украин, ал әкем Пәкістан елінің өкілі, бірақ менің отбасым ислам дінін ұстанады. Ислам – өте дұрыс құндылықтары насихаттайды деп білемін. Олардың бірі – тазалық пен қоғамға, көршілерге көмек көрсету. Сондықтан сенбіліктерге қатысқандардың барлығына біздің планетамыздың табиғатына ақысыз көмектескені үшін сауап бар деп санаймын. Өз қоғамын дамытатын жастарды тәрбиелеу үшін оларды кішкентай кезінен жақсы әдеттерге баулу керек.

– Бәрекелді. Ендігі сөз таяуда Астанада өткен еріктілер форумы туралы болса? Сіздің көкейіңізде жүрген қандай маңызды мәселелер көтерілді?

– Мен Астана қаласында өткен Халықаралық еріктілер форумында Шымкент делегациясының атынан қатыстым. Біздің елімізде еріктілік пен азаматтық бастамаларды қолдау жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та форумда айтқан болатын. Іс-шараның әрбір спикері еріктілер қозғалысын, оның ішінде халықаралық деңгейде дамыту тәжірибесімен бөлісті. Біз БҰҰ елшілерімен және 30 елден келген еріктілер альянсының директорларымен кездестік. Еріктілер қозғалысын шоғырландыруға және ұлттық әрі халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Волонтерлік жобалардың көшбасшылары үшін мұндай алаңдар бірлігімізді күшейтуге, тәжірибе алмасуға және сабақтас әлеуметтік мәселелерді шешуге бірігуге ықпал етеді деп санаймын.

Егер Құдіреттің күшімен сіздің қолыңызға алтын балық түсіп, бір тілегіңізді орындаймын десе, онда дәл қазір не тілер едіңіз?

– Өте қызық сұрақ! Мен адамдардың табиғатпен үйлесім тапқанын қалаймын. Өйткені жаратылысымыздан болған табиғи өмір салты, Алла-Тағала қалағандай, адамзаттың әл-ауқаты үшін ең адал және пайдалы болып есептелінеді. Табиғатқа зиян келтіргендік өзімізге зиян келтру екенін ұмытпауымыз қажет.

– Шынайы әңгімеңіз үшін рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға