«Адамдар жалаңаяқ жүгіріп шықты». Щучинскідегі өрт кезінде досынан айырылған куәгер
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Ақмола облысының Щучинскте орналасқан «Центр плова» кафесіндегі жарылыс елді дүр сілкіндірді. Оқиға кезінде ғимарат ішінде ондаған адам болған. Куәгерлер бәрі қас-қағым сәтте болғанын айтады.
Оқиға куәгерінің сөзінше, адамдар жанталаса сыртқа жүгіріп шыққан. Көпшілігінің үсті-басы күйіп, кейбірі тіпті аяқ киімсіз, сырт киімін тастап қашқан. Аспаздар мен қызметкерлер қарға құлап, көмек сұраған. Куәгер өз туысын ауыр күйікпен жедел жәрдем алып кеткенін, ал достарының бірі сол жерде қаза тапқанын жеткізді.
Оқи отырыңыз:
- Жылда қайталанатын жағдай: газ баллондарынан болатын қасірет неге азаймайды
- Ер адам аузындағы электронды темекісі жарылып көз жұмды
Оның сөзінше, қатты жарылыстан терезелер дірілдеп, ғимаратты өрт шарпыған. Ішінен адамдар жүгіріп шыға бастаған.
Бәрі өте тез болды. Бір секунд ішінде өрбігендіктен түсінбей қалдық. Адамдар жүгіріп шықты. Барлығын күйік шалған. Аспаздар, қызметкерлер – бәрі қардың үстіне құлап жатты. Оларды сыртқа сүйреп шығарды. Мен жүгіріп бардым, сол жерде тәтемді көрдім – оны алып кетіп бара жатыр екен. Бәрін күйік шалған, кейбірі шашсыз шықты, бәрі күртешелерін тастап кеткен, адамдар жалаңаяқ жүгіріп шықты, – деді куәгер belles.kz порталына берген сұхбатында.
Өрт кезінде куәгер кафенің тұрақты клиенті болған досынан айырылып қалғанын айтты.
Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат ішінде 28 адам болған: 15-і – қызметкер, 13-і – келуші.
Зардап шеккендер мен қаза болғандар
Ресми дерекке сәйкес, оқиға салдарынан 26 адам зардап шекті. Жеті адам қаза тапты: бесеуі оқиға орнында, тағы екеуі 26 ақпанда жансақтау бөлімінде көз жұмған. Қайтыс болғандардың арасында 16 жастағы қыз болған, ол кафеде жұмыс істеген.
Алғашында 15 адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі таңда 13 науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Алты адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық емге жіберілген. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің көпшілігі әртүрлі деңгейде күйік алған, кейбірінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан 5 газ баллонын алып шыққан. Жақын маңнан тағы 2 оттегі баллоны табылған. Егер олар жарылған жағдайда, айналадағы үйлерге қауіп төнуі мүмкін еді. Кафе орналасқан тұрғын үй ішінара зақымданған.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Негізгі нұсқалардың бірі – газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.
Газ баллонына қатысты мәселе
Қазақстанда тұрмыстық және табиғи газ жарылыстары жүйелі проблемаға айналып отыр. Соңғы жылдары жыл сайын шамамен 130-ға жуық ірі инцидент тіркеледі. Әсіресе қыс мезгілінде мұндай оқиғалар жиілейді.
Көпшілік суық ауа райын немесе «сапасыз газды» кінәлайды. Алайда мамандардың айтуынша, оқиғалардың шамамен 70 пайызы адам факторының салдары.
Қыста жиі жіберілетін қателік – аязда тұрған баллонды бірден жылы үйге кіргізу. Температура айырмасы 40-50 градусқа дейін жеткенде, ішіндегі газ тез кеңейеді. Егер баллон шамадан тыс толтырылған болса, металл қысымға шыдамай, жарылыс болуы мүмкін.
Газ құю кезінде кейбір бекеттер баллонды таразымен емес, қысым арқылы толтырады. Нәтижесінде рұқсат етілген 85 пайыздың орнына артық көлем құйылады. Бұл гидравликалық соққы қаупін арттырады.
Қауіпсіздік үшін әр адам нені білуі тиіс?
- Суық баллонды бірден жылы үйге кіргізбеңіз. Алдымен салқын, бірақ жылытылмайтын жерде бірнеше сағат ұстап, бейімделуіне мүмкіндік беру керек.
- Баллонды тек таразысы бар бекетте толтырыңыз.
- Баллондағы таңбаны тексеріңіз. Соңғы тексеруден өткеніне 5 жылдан асса, ауыстыру қажет.
- Газ сигнализаторын орнатыңыз. 10-15 мың теңгелік құрылғы ондаған адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
- Жанып тұрған құрылғыны қараусыз қалдырмаңыз.
Жүйелі шешім қажет
Мамандардың пікірінше, тек жеке сақтық шаралары жеткіліксіз. Баллондарды міндетті таңбалау, жасын бақылау, мерзімі өткендерін айналымнан шығару – шұғыл шешімді талап етеді. Сарапшылар үш жүз мыңнан астам ескі баллонды кезең-кезеңімен ауыстыру қажет екенін айтады.
Қатаң шара ретінде тұрмыстық баллондарды кәдімгі автожанармай бекеттерінде толтыруға толық тыйым салу ұсынылады. Ауылдық жерлерде түсіндіру жұмыстары мен тегін нұсқаулық тарату да маңызды.
Болашақтың баламасы – жарылмайтын композиттік баллондар. Олар жеңіл, қауіпсіз әрі ұзақ қызмет етеді. Алайда бағасы жоғары болғандықтан, жаппай қолданысқа енуі уақыт пен мемлекеттік қолдауды қажет етеді.

