Жаңалықтар

Адамдар арасындағы стереотипті өзгерткім келеді – Арнұр Ысқақов

Бүгінде күллі қазақстандықтарға Арнұр Ысқақов есімі етене таныс тұлғаға айналды
Адамдар арасындағы стереотипті өзгерткім келеді – Арнұр Ысқақов
Фото: twitter.com/Arnur7 13.11.2022 13:12 2805

Өнер ұлтқа да, тілге де, тіпті мүмкіндіктерге де бөлінбейді екен. Өнердің тілсіз екенін бізге дейінгі талай шайырлар да жырлап айтып кеткен. Өнерді сезіну үшін жүрек қана емес, көкірек көзі керек. Бұл адам кеудесіндегі жарық саңылауы. Мынау жарық дүниеге жанарына сыйғыза көз салуы, табиғаттың демей-ақ, қояйықшы, ең болмаса анасының «айналайынын», көршісінің «айғайын» естуі, ешкімнің сүйемелдеуінсіз қарға адым жер аттауы мұңға айналған адамдардың өнерге деген ықыласты махаббатын, сахнаға деген биік құрметін көргенде, оларға Тәңірдің ең керемет тартуы - өнерді бар жан-тәнімен сезіну бақыты бұйырғанына тәнті боласың.

Инклюзивті театр ашу Арнұрдың идеясы болатын

Бүгінде астаналықтар ғана емес, күллі қазақстандықтарға Арнұр Ысқақов есімі етене таныс тұлғаға айналды. Арнұрдың өмір тарихын білетін қазақстандықтар оның ұстамдылығының, қайсарлығының, сабырлығы мен мықтылығының куәгері. Осы материалды даярлар алдында, өзінің қоларбаға таңылғанына қарамастан, біз үшін бейтаныс әлем болып келген инклюзивті театрдың Қазақстанда алғашқы болып қазығын қаққан, сөйтіп мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерге қадам басуына жол ашқан бастамашыл Арнұрдың өмірдерегіне үңілген едік. Сондықтан инклюзивті театрдың іргетасын қалаушы Арнұрдың кім екендігіне тоқталып өтсек дейміз.

Адамдар арасындағы стереотипті өзгерткім келеді – Арнұр Ысқақов

Арнұр бала кезінен ерекше белсенді, спортқа жаны құмар, мейірімді  болып өскен. Әкесінің айтуынша, ол жүгіруден алдына жан салмаған, футболға деген қызығушылығы да жоғары болған. Жүрегіне иманның ерте ұя салғаны соншалық, Арнұр бесінші класта оқып жүріп-ақ, өз бетінше мешітке барып құран бағыштауды да меңгеріп алған.

Бала кезіндегі арманы ақ халат киіп, адам жанына арашашы болу болатын. Ол расында арашашы болды. Өзіне бейтаныс жанның өмірін құтқару үшін өз басын бәске тікті. Небары жиырмадан енді асқан шағында Астанада алтыншы курста оқып жүріп болашақ дәрігер Арнұр Ысқақов батып бара жатқан қызды құтқарамын деп суға секірді. Сол күні олар Есілдің жағасына он бес шақты жігіт болып бірге  барады. Өзеннің арғы бетінен біреудің «құтқарыңдар» деп жанұшыра айқайлаған дауысы естіледі. Елең ете қалған жігіттер су бетінде бір батып, бір шығып жанталаса малтыған қыз баланы көреді. Оның суға батып бара жатқаны анық еді. Бұған дейін бассейнге барып, арнайы физикалық дайындықтан өтіп жүрген, суға секірудің ережесін жақсы білетін Арнұр жанындағы жолдастары ес жиып үлгеремін дегенше, суға бас қояды. «Алайда, мен су астында балон жатқанын білмедім. Басыммен сол балонға келіп соғылдым», - дейді бұл туралы кейін сұқбаттарында есіңе алған Арнұрдың өзі. Бұл 2008 жыл болатын. Арнұр бұл күндер туралы есіңе алғысы келмейтінін жасырмайды. Көптеген сұқбаттарында ол өз өмірін түбегейлі өзгерткен бұл оқиғаның жәй-жапсарына тоқтала бермейді.

Оның алған жарақатының қалдырған ізі терең еді. Кейін Арнұрға ұзақ уақыт ем қабылдауға тура келеді. Кенже ұлының аяғынан тұрып кетуі үшін өздері мұғалім болып қызмет атқаратын ата-анасы бар жиған-тергенін шашып, оны әрісі Қытай мен Германия, берісі Ресейге дейін апарып, шипа іздейді, баласы бұрынғы қалпына қайта келсе екен деп күні-түні дұға қылады. «Баламның төсекке, одан қалды қоларбаға таңылатынын білгенде, бір күн ғана жыладым, балам да сөйтті. Біз мұны Алланың берген сынағы деп сабырмен қабылдадық. Жүрегім қанша жерден езілсе де, баламның еңсесі түспесін деп, ол үшін мықты болуға тырыстым», - дейді бұл туралы анасы. Арнұрдың өзі болса, өмірге қайта келуіне, оны жақсы көруіне, оған басқа қырынан көз салып, басына берген сынақты жеңіп шығуына үш жастағы қарындасы себепші болғанын айтады. Ол тіпті қайырымдылық ісіне келуіне де осы қарындасының теледидардан көмекке мұқтаж қыз бала туралы бағдарламаны көріп отырып, ағасына «оған көмектесейікші» деген бір ауыз сөзі түрткі болды дейді. «Ол уақытта «Нұр Отанның» жастар қанатында жұмыс жасап жүрген кезім. Қарындасымың сөзін жерге тастай алмай, басшылыққа келіп телебағдарламадан көрсеткен қызға қалай көмектессек болады деп сұрадым. Нәтижесінде, біз қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, әлгі қыз балаға қомақты қаражат жинап бердік. Бұл менің қайырымдылық шарасына алғашқы қатысуым еді», - дейді Арнұр бұл туралы.

«Мен әке-шешемнің мен үшін қанша қиындықты місе тұтпай, мені аяғымнан тұрғызамын деп әрі-бері жүгіргенін көрдім. Олардың маған салаған еңбектерін қайтару үшін де мен орнымнан көтерілуге, әрекет етуге міндетті едім», - дейді сол кездерді есіңе алған кейіпкеріміз.

Арнұрдың жарының есімі Лаура. Олар медицина саласында бірге оқып жүріп танысқан. «Қарындас, дауысыңыз әдемі екен» деп басталатын Арнұрдың Лаураға жазған алғашқы махаббат хаты олар туралы махаббат хикаясының басты эпилогына айналғалы қашан.

Лаура Арнұрдың басынан өткен жағдайға көпке дейін сенгісі келмейді. Ол Арнұрдың қоларбаға таңылғанын достарынан естігенін айтады. «Арнұрдың фотосын көргенге дейін сенбедім» дейді ол. Алайда, махаббат бәрінен де құдыретті еді. Олар мәңгі бірге болуға шешім қабылдап, серт береді. Лаура тағдырдың Арнұрға берген сынағы мен ауыртпалығын бірігіп көтереміз деп шешті. Арнұрдың анасы болса, Лаураның бұл шешімін қайсарлыққа балайды, «менің келінім батырлыққа барды» дейді ол. Ал Лаура өзінің мұндай қадамға бел шешуіне махаббат себепші дейді. Олардың бір біріне деген шексіз жылулығы мен риясыз махаббаты көп жасқа үлгі боларлықтай.

Мүмкіндік шексіз

Арнұр біреулер үшін шектеулі болып көрінетін мүмкіндікті шексіздікке айналдырған жан. Оның өмірден түңілген сәттерінің болғаны анық қой. Алайда, ол қандай қиындықты болмасын жеңді, осылайша өмірге қайта ғашық болды.

«Адамдар арасындағы менталитетті, стереотипті өзгерткім келеді. Кейде, шыны керек, екі аяқты жандарға сана берсе екен деймін. Достарыммен демалыс орындарына барамыз, сол уақытта кей адамдар арбада отырған менің жанымнан жәй ғана өтпей, бір-екі мың теңге қыстырып кетіп бара жатады. Ондайда жанымда үнемі еріп жүретін бауырларым ашуланып, олардың қолын қағып жібереді. Мен мұны да қазір байыпты қабылдауға үйрендім. Арбада отырған адамды не қайыршы, не қоғамға пайдасы тимейтін мүсәпір ретінде көреді. Қоғам мүгедек жанға әлі күнге дейін мүсіркей қарайтын стереотиптен арыла алмай келеді, мүгедек жан да жұмыс жасап, еңбек етеді. Ол аз десеңіз, қоғамға пайда келтіреді», - дейді бүгінде өзінің өжеттігі мен тынымсыз еңбегінің, жанашырлығының арқасында қоғам белсендісіне айналған Арнұр Ысқақов. Біреуге көмектескің келсе жанына жақсы адамдарды жина дейді халық даналығы. Арнұрдың жанында жүрген жанашырларының көптігі де соның дәлелі. «Осыдан біраз уақыт бұрын, Лаура екеуміз енді қосылған жылдары менің арбамды сүйреп, оны қажет болса көтеріп Лаура аса қатты қиналатын. Әке-шешем бізге көлік алып берді, Лаура сонымен мені әрлі-берлі өзі таситын. Ал енді қазір шүкір, жанымызда бауырларымыз бар, мен жанымдағы көмекшілерімді бауырларым деп атаймын. Олар кез-келген уақытта менің жанымнан табылады. Олар менің идеяластарым ғана емес, қол-аяқтарым десем де болады», - дейді Арнұр.

Адамдар арасындағы стереотипті өзгерткім келеді – Арнұр Ысқақов

Мықты адамдар ғана өзін мүсіркегенді ұнатпайды. Арнұр да дәл солай, мүмкіндік шектеулі деген аксиоманы жоққа шығарып келе жатқан азамат. Ол бүгінге дейін әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгерді. Тапқан табысын шын мұқтажбен бөлісіп отыруды да ешқашан есінен шығарған емес. Арнұр мен Лаураның таныстығы, махаббаты, тағдыры «Жизнь после» деп аталатын мотивациялық көркемфильмнің мағыналы сценарийіне айналды. Арнұр бұл фильмге жары Лаура екеуі продюсерлік етті. Кинокартинаның режиссері Ернар Нұрғалиев. Ал басты рөлдерді яғни Арнұр мен Лаураның прототиптерін актерлер Рүстем Жаныаманов пен Жанель Мақажан сомдаған.  Біреу біліп, біреу білмес, біздің кейіпкеріміз Арнұр психолог мамандығы  бойынша білім алған. Ол социология ғылымдарының магистрі.

Мүгедекке қанат бітірген театр

Арнұр Ысқақов өзі секілді жандарды ортақ мүддеге топтастыру мақсатында «Activ Live» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің негізін салады. Оның қай істі болмасын сапалы ұйымдастыратынына, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тыным таппайтын еңбекқорлығы мен мұқияттылығына, жанындағы жолдасы түгілі, айдаладағы бейтаныс үшін барын ғана емес, жанын да беруге әзір тұратын елгезектігі мен жанашырлығына көздері жетіп, сенім артқан Арнұрдың өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандар оның жанына көптеп топтасты. Оның идеясына сенді, қолдады, жанында болды.

«Мүгедек жандар театрға барғымыз келеді деген еді, содан театр неге ашпасқа деген ой келді. Осылайша, 2018 жылы театрды ашу жұмысын алғашқы рет қолға алдық. Есіңізде болса, 2018 жылы Астана күніне байланысты елордамызда инклюзивті театрлардың халықаралық фестивалі ұйымдастырылған еді ғой. Фестивальге арнайы келген инклюзивті театрлардың көбісі тамырын тереңнен тартатын. Олардың құрылғанына көп уақыт болған және құрамы да үлкен еді. Оларды көргенде әрине бізде де осындай театр ашуға болады деген ой келді. Бастысы, ниет қой. Өзіңіз де білесіз, еліміздің әр аймағында мүмкіндігі шектеулі жандардан құрылған кішігірім өнер ұжымдары бар. Және олар сахналарға шығып та жүр. Алайда, мемлекеттік деңгейде мүмкіндігі шектеулі жандардың өз театры жоқ еді. Ең басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірге деген ынтасын қайта жандандыру еді.  Бұл өмірде шектеу жоқ екенін көрсетіп, мотивация сыйлағым келді. Ал дені сау адамдар шүкір етіп, ойланса екен дедім. Өнер саласына айрықша жаңалықпен кіруді қаладым. Бастапқыда өз идеямды айтқанда, адамдарға бұл мүмкін емес секілді көрінді. Уақыт өте келе, бір жақсы дүние шығаруға болатынына көздері жетіп, рухани, материалдық жағынан қол ұшын созғандар табылды. Ақыры Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен Жастар театрының қарамағында ашылдық. Әсіресе, Жастар театрынының басшылығына көп рақмет айтқым келеді, жанымызда жүріп көп жұмыс бітірді. Айналайын, достарым көп қолдау білдірді.  Театр ізгілігі үшін, адамзат алдындағы борышым деп жүгіріп жүріп көмектескен әрбір азаматтың еңбегін бағалаймын.

Театрға «Қанаттылар» деген атау бердік. Ой елегіне салған адамға, бұл бір ауыз сөзде үлкен мән-мағына жатыр. Біздің алғашқы қойылымымыз да «Қанаттылар» пъесасы болды. Бізді маңызды іс шығармашылық ұжымға әртістерді қабылдау күтіп тұрды. Кастинг жарияладық. Әртіс болуға ниеттілер көп болғанымен, сын мен сынақ таразысынан мүдірмей өткендердің саны шектеулі болды. Әртістер құрамын бекіткеннен кейін, қойылымға қызу дайындық басталды. Нағыз қиындық осы сәтте басталды деуге болады. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасаудың өз қиындығы немесе ерекшелігі бар. Олардың әрқайсысы ерекше күтімді қажет ететін жандар, оларға арасында тынығып алу үшін уақыт бөлу қажет. Және оның үстіне олардың бәрі бірдей кәсіби деңгейдегі әртістер емес қой. Сахна тілімен сөйлеу мәдениетін үйрету, қимыл-қозғалыс, жұртшылық алдында өз-өзін ұстауға дағдыландыру үшін көптеген жұмыстар атқарылды», - дейді «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов.

Мүмкіндігі шектеулі жандар ғана өнер көрсететін театрда есту, көру қабілеті нашар жандар, арбаға таңылғандар, ДЦП дертіне шалдыққандар және т.б. бар. Сахнада сондай-ақ, сурдоаудармашы әртістердің ойынын аударып тұрады.

«Әртістермен жұмыс жасау оңайға соқпады, себебі, олардың әрқайсысымен бөлек-бөлек жұмыс жасау керек болды. Оның үстіне олар денсаулықтары дімкәс болғандықтан, кейде ауырып та қалатын. Және бізге қолбайлау болған тағы бір мәселе көлік жағы болды. Себебі, әртістерімізді күн сайын театрға дайындыққа алып келуіміз және оларды дайындықтан соң қайтадан үйлеріне апарып салуымыз керек. Спектакльге дайындықтың ұжымдық жұмыс екенін ескерсек, әрине, бір адамның дайындыққа қатыспауы, жұмыстың тұрып қалуына себеп болады. Алайда, бұл мәселенің түйінін тарқатуда да бізге қаламыздың әкімі А.Көлгінов қолдау көрсетіп, уақытылы көлікпен қамтылуымызға ықпал етті», - дейді Арнұр.

«Қанаттылар» қойылымының жазылуына спектакльде ойнаған және осы істің басы-қасында жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдыры негіз болған. Ол осы ерекше жандардың өмірлерінің бір қойылымға топтастырылған жинағы десек те болады. Ал авторы елімізге белгілі ақын Гүлнар Салықбай. Қойылым лирика жанрында шығарылған музыкалық-поэтикалық туынды. Арнұр қойылым сценарийін жазу туралы көптеген драматург жазушыларға, театр авторларына қолқа салғанын айтады. Бірақ, олардың басым көпшілігі мұндай жауапкершілікті алудан бас тартса, біреулері уақыттың тығыздығын алға тартқан.

«Қиындық көп болды. Құлағы естімейтін жандар музыканы естімейді, сондықтан кейбір қимыл-қозғалысты оларға жекелеп түсіндіруге тура келіп жатты. Білсеңіз, мұндай театрдың ашылуы көптеген мүгедек жандардың арманы болған еді. Ең алғаш сахналанған туынды "Қанаттылар" атты музыкалық-поэтиқалық қойылым болды. Театрымыз үшін маңызы бар қойылым. Көрермен жылы қабылдады, мүмкіндігі шектеулі адамдардың театр сахнасында өнер көрсетуі таңғалдырды деп ойлаймын. Оның үстіне актерлік құрам әртүрлі сатыдағы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған», - дейді мүгедектің мұңын өз жүрегінен, өз басынан өткізіп келе жатқан біздің сұқбаттасушымыз.

«Қанаттылар» инклюзивті театры астаналық «Жастар» театрының жанынан құрылған.   Шын мәнінде театр өмірден ғана емес, қоғамнан да өгейлік көріп, әділетсіздікке сан мәрте кез болған, кейде тіпті қадам аттауы мұңға айналғанда жанында сүйенерге қара таппай, мүсәпірдің далбаса күйін кешкен мүгедек жандар үшін үлкен мүмкіндікке айналғаны ақиқат еді. Олардың өз шығармашылық ортасы пайда болды, ол аз десеңіз, олар бұл ортада өздерінің бәлкім бала күнгі армандарын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Ал кейбіреулері шынымен өз талантын күллі республикаға танытты.

Және бұл он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін жастағы адамдардың ойлануына түрткі болатын, тәубесіне келтіретін тәрбие десек те болады.

Инклюзивті театр әртістерінің музыка ырғағын сезінуі ерекше. Мәселен, құлағы естімейтін жандар музыканы жүрекке берілетін вибрация арқылы қабылайды екен. Олай деуімізге себеп, театр қойылымын бимен сүйемелдейтін биші қыз-жігіттердің барлығының дерлік есту қабілетінде ақауы бар жандар. Сондай-ақ, олар табандарының еденге соғылған тарсылы арқылы да би ырғағын сезінеді. Ал көзі көрмейтін жаңдар үшін жаңбырдың жаууы, тұманның басуы, жапырақтың түсуі секілді құбылыстар арнайы оқылып дыбысталады екен. Сондай-ақ, әртістер әнді іс-қимылмен де орындайды. Яғни ымдау тіліне сүйенеді. 

Сахнаның киесі бар екені сөзсіз. Сахнаға шыққан кезде залды көзімен көріп, құлағымен естіп, онда еркін қозғалып жүретін сау адамның өзі кейде күмілжіп, тосылып қалып жатады. Сондықтан мүгедек адам үшін, оның үстіне бұрын-соңды сахнаға шығып көрмеген жан үшін сахна адам мысын басатын, бәрі сені бақылап отыратын алаңға айналатыны сөзсіз.

Адамдар арасындағы стереотипті өзгерткім келеді – Арнұр Ысқақов

 «Ашылғанымызға енді бір жыл толып отыр.  Әзірге қоржынымызда "Қызжылаған" қойылымын есепке алғанда  үш қойылым бар. Тәжірибе жүзінде актерлеріміз шыңдалу үстінде. Алла шүкір, театр деңгейі ақырындап өсіп келеді. Мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатыр. Егер мұндай мүмкіндіктер болмаса, біздің қолымыздан келетін не бар?! Өнерді қолдау үшін, қаржылай көмек маңызды екені айтпаса да түсінікті ғой.  Біз құрылғанда бәрін аздан бастадық. Жан-жақтан жиналдық. Бір байқайтыным, әрі, қуанатыным бәрінің өнерге, театрға жаны ашиды. Егер командада ортақ мүдде болса, нәтиже шығару да жеңілдей түседі. Театрдың дамуына қолдан келгенше, күш салғым келеді. Көрерменге жол тартатын қойылымдардың санын арттырамыз. Театр өз алдына бөлініп шығады. Адамзат игілігіне айналатын, жүрекке жылу сыйлайтын, жанды емдейтін ерекше театр болуды мақсат етеміз. Тоқтаусыз еңбек, шынайы сенім болған жерде жұмыс алға басады, жемісті болады дегенге сенемін. Себебі, мен театр ашамын дегенде маған ешкім сенген жоқ. Тіпті жақындарым да. Ал мен өзіме ғана сендім. Театр ашам деген ақ ниетіммен Алла қолдап ол арманыма да қол жеткіздім. Театрдың актерлік құрамында сөз жоқ, көздерінде жалындаған от бар, өнердің қадірін білетін жандар жиналған. Бұйырса, талай додаларда бақ сынап, театрды биік шыңдарға шығаратымызға кәміл сенемін», - дейді болашаққа жоспарымен бөліскен Арнұр Ысқақов.

Инклюзивті театр заманауи өнер

Инклюзивті театрды заманауи өнердің бір бағыты деп есептейді. Оның сахнасында мүмкіндігі шектеулі жандар ғана өнер көрсетеді.

 «Инклюзия» терминінің түп төркіні латынша inclusio, яғни «қатысу» деген сөзден шыққан. Бұл дегеніңіз мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белксене қатысуы дегенді білдірсе керек.

Қазіргі замануи тілмен айтсақ, бұл мүгедек жандардың әлеуметтік жеделсатысы. Себебі, театрда актерлерге өз мүмкіндіктерін, қабілеттерін барынша жарыққа шығару, қызықты жобаларсды дүниеге әкелуге мүмкіндік беріледі.
Посткеңестік кеңістікте ең алғашқы инклюзивті театр Мәскеу қаласында 1962 жылы ашылған. Оны ол уақытта бірақ Ым-ишара театры деп атаған. Бұл театр құлағы естімейтін жандарға арналған өнер ордасы болған. Ал бүгінгі таңда Мәскеудің өзінде 15-ке жуық инклюзивті театр жұмыс жасайды.  Дегенмен, жалпы көшпелі театрлар өткен ғасырда да болғанға ұқсайды.  Ал АҚШ-та 1967 жылы Саңыраулардың ұлттық театры алғаш рет ашылған. Олар сахнада ымдау тілінде өнер көрсеткенімен, оны дыбыстайтын сурдоаудармашылар болған.
1974 жылы Лондонда Chickenshed атауымен белгілі балалар театры құрылады. Ол балалар театры болғанымен, 1980 жылы театрда алғашқы рет сал ауруына шалдыққан бала өнер көрсетеді. Осы уақыттан бастап театр аса ірі инклюзивті жобаға айналады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға