Жаңалықтар

Адам өмірін сақтап қалған Ернар Сайлауов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Адам өмірін сақтап қалған Ернар Сайлауов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды
Фото: жеке мұрағат 23.10.2024 17:00 1370

Бүгін республика күні қарсаңында ерлігімен көзге түскен әскери қызметшілер І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. Олардың қатарында жас әскери қызметші Ернар Сайлауов та бар, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Бейбіт күнде ерлік жасап, адам өмірін құтқарып қалған Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы жедел ден қою жасағының инспекторы Ернар Қайратұлы Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

4 шілде – елордада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мемлекет басшылары кеңесінің 24-ші саммиті өткен болатын. Аталмыш шараға Қарағанды облысы полиция департаментінен 50 шақты қызметкер көмекке келген. Еліміз үшін маңызды шарада жұмыла жүк көтерген әскери қызметшілер артынша Астана күніне қатысады.

Адам өмірін сақтап қалған Ернар Сайлауов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

фото: Ернар Сайлауовтың жеке мұрағаты 

Астана күні мерекесінде біз қызмет істедік. Бұл күні көптеген концерттер болды. Мерекелік шараға жиналған адамның қарасы көп болып, бір-бірін баса жаздап, қыздардың көбісі құлап жатты. Сол сәтте есін жоғалтып, тілін жұтып қойған екен бір қызды көпшіліктің арасынан алып шықтым. Ығы-жығы адамның арасынан шығарғанша, ол кісі есін бірде жиып, қайта жұтып, сөйткесін алғашқы көмекті көрсетіп, жедел жәрдем машинасына дейін жеткіздік, – дейді инспектор

Ернардың айтуынша, сол мерекелік шарада құлаған бұл бір ғана адам емес, осындай тілін жұтып қойған бір-екі қыз болған, қалғандары көпшіліктің ішінен тыныстары тарылып, әлсіреп, өздерін жайсыз сезінгендер екенін айтты. Оларға да сол сәтте жандарынан табылып, көмек көрсеткен екен.

Полицияның аға лейтенанты, 24 жастағы Ернар Сайлауовтың бұл қызметте жүргеніне небәрі екі жыл уақыт болған. Бұл – оның еңбек жолындағы ерекше және алғашқы марапаты.

Алғашында Қостанай қаласында жұмыс істедім, одан бір жылдан кейін Қарағандыға ауысып келдім. Дәл қазір көңіл-күйім ерекше, мұндай марапатқа қол жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Қызметтегі ең басты мақсат бұл награда алу емес, кез келген жағдайда адам өмірін сақтап қалу. Бұл еңбекті елеп-ескеріп жатқан мемлекетімізге алғыс айтамын. Мұнымен тоқтап қалмай, әріқарай дами беру керек, – дейді Ернар Сайлауов.

Жас әскери қызметшінің сөзінше, жұмыста мұның барлығы үйретіледі.

Кез келген жағдайда қалай көмек көрсету керек, алғашқы медициналық көмек, мұның барлығын бізге үйретеді. Менің орнымда басқа біреу болса да, тура солай құтқарып, көмекке келетін еді. Сол сәтте қызды құтқарып жатқан видеоны сол маңдағы адамдар түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген екен. Содан кейін танымал болып кеткен жайым бар. Негізі әрбір концертте жұлдыздар келген кезде осындай жағдайлар орын алып тұрады. Біздің әрбір қызметкер мұндай жағдайға сақадай сай тұрады, – дейді  Қарағанды облысы полиция департаментінің арнайы жедел ден қою жасағының инспекторы Ернар Сайлауов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға