Адам игілігі басты орында тұрады – президент
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні (ЖИ) дамытудағы басты міндеттерді айқындап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президент білім беру саласына ерекше тоқталып, адам капиталын дамыту мәселесінің маңыздылығын атап өтті.
Кеше Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Президент бұл бастаманы Қазақстандағы инновация мен жаңа идеялардың мекені ретінде сипаттады.
Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек, – деді Тоқаев.
Цифрландыру – ұлттың жаңа қадамы
Мемлекет басшысы өз сөзінде цифрландыру Қазақстан қоғамының дамуына серпін беретінін айтты.
Мен жолдауда цифрлық мемлекет құру Қазақстанның келешегін айқындайтын стратегиялық таңдау екенін айттым. Үш жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылды. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді, – деді президент.
Осы мақсатта жаңа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын атап өткен Тоқаев, бұл ведомство цифрландырудың негізгі локомотивіне айналатынын жеткізді.
Еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен халқымыздың кейінге қайырылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім, – деді мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесінде жасанды интеллект технологиясына негізделген виртуалды мүшенің қызметі таныстырылғанын хабарлады.
Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

