Жаңалықтар

Адам ең әуелі өзін-өзі жеңе білуі керек – Ермахан Ыбырайымов

Боксшы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбыраймовпен сұхбат
Адам ең әуелі өзін-өзі жеңе білуі керек – Ермахан Ыбырайымов
Фото: Ермахан Ыбрайымовтың жеке мұрағатынан 02.02.2023 18:00 2943

Ермахан Ыбыраймов – 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, халықаралық спорт шебері, ел арасында аты аңызға айналған боксшы. Спортпен алғаш рет 13 жасынан бастап айналысқан. Оған себепкер болған КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаев. Содан бері талай жетістіктерге жетіп, еліміздің көк туын биіктен желбіретті. Боксшы 29 жасынан кейін былғары қолғабын шешіп, бапкерлікке көңіл бөлген. Бүгінде ол талантты шәкірттерді тәрбиелеп, бар білгенімен бөлісіп, қаншама спортшының жеңіске жетіп, биіктен көрінуіне ықпал еткен. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі танымал боксшы Ермахан Сағиұлының қазір немен айналысып жүргенін сұрап, болашаққа құрған жоспары жайлы біліп, сұхбаттасты.

- Сіз еліміздің мақтантұтар боксшыларының бірісіз. Спорт саласындағы жеткен жетістіктеріңіз де көп. Бокстан кеткелі бері өміріңіз оған дейінгі және кейінгі болып өзгерді ме?

- Иә, өзгерді десем де болады. Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін халықтың маған деген ықыласы, сый-құрметі одан сайын жоғарылай түсті. Тіпті «Ермахан, сізге көп рахмет! Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, біздің туымызды жықпай, чемпион атанып келдіңіз. Туды Президентімізге тапсырдыңыз. Айтқан сөзіңізде тұра білдіңіз» деген жылы лебіздер көптеп айтылып жатты. Спорттан кеткеніме 22 жыл болса да сол елдің сыйластығы әлі күнге дейін жалғасып келеді.

- Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз?

- Бүгінде Алматы қаласында олимпиадалық даярулау орталығы басшысының қызметін атқарудамын. Біз ол жерде 16 олимпиадалық спорт түрін дамытып жатырмыз. Орталығымызда 150 спортшы бар. Олардың қай-қайсысын болса да бөліп-жармай, өз шәкіртім ретінде жақсы көремін. Үлкен ұжым болып спортшыларымыздың шыңдалуы үшін қызмет етудеміз.

- Сіздің Геннадий Головкиннің бас бапкері болғаныңызды білеміз. Бүгінде ол боксшымен араласып тұрасыздар ма?

- Геннадий Головкиннің 2003 жылғы әлем чемпионатына, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының дайындық кезеңінде бас бапкері ретінде қызмет еткен кездерім болды. Әлем чемпионы атанып, Олимпиада ойындарында күміс медальға ие болуына өз үлесімді қостым. Сондықтан ол менің шәкіртім деп айтуға толық негіз бар.

Геннадий екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы. Бокс саласында жүргеннен кейін араласып, бір-біріміздің қал-жағдайымызды біліп тұрамыз.

- Қазақстандық үздік боксшылар ретінде кімдерді атай аласыз?

- Елімізде қазіргі таңда мықты, белді боксшылар жоқ емес, әрине бар. Олардың бірегейі Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев, соңғы әлем чемпионатында өнер көрсеткен Теміржан Серіков, Сабырхан Махмұд, Санжар Тәшкенбай, ағайынды Оралбайлар мен ағалы-інілі Төлтаевтар сынды боксшылар. Спортшылардың барлығы бүгінде Қазақстан құрама командасының мүшесі болып, еліміздің намысын жер-жерде қорғап жүр.

- Сіздей үлкен жетістікке жеткісі келетін жас боксшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Менің жастарға беретін бірінші кезектегі бір кеңесім бар. Алдымен адам өзін-өзі жеңе білуі тиіс. Себебі әркімнің бойында жалқаулық, еріншектік қасиеті мен істі аяғына дейін жеткізбей, ертеңге қалдыра беретін жаман әдеті болады. Осы аталған кемшілікпен жұмыс істеп, одан арылған кезде ғана жеңіске жете аласыз.

- Спорттан кеткеніңізге 22 жыл болыпты. Боксшы болып жүрген кездерді еске алып, сағынып тұратын шығарсыз...

- Бокстан кеткеніме біршама уақыт өтсе де шәкірттеріме өз тәжірибеммен, бокс ойыны алаңында қолданған әдіс-тәсілдеріммен бөлісіп, бар білгенімді үйретуден шаршамаймын.

Спорттан алғаш кеткен кезден бастап біржарым жыл аралығында бокс алаңына өзім шыққым келіп, талпынып тұратын едім. Бірақ қанша дегенмен 22 жыл өткен соң адам басылады. Сондықтан қазір бапкер ретінде шәкірттеріме ақыл-кеңесімді жеткізіп отырамын.

- Бір сұхбатыңызда ұлыңыз Айсұлтанның бокспен шұғылданғысы келетінін, оны өзіңіз жаттықтыратыныңыз жайлы айтқан екенсіз. Ұлыңыз қазір біраз тәжірибе жинақтап, жарысқа қатысып жүрген болар?

- Иә, ұлдарым Айсұлтан мен Ерасыл қазіргі таңда бокспен айналысып жүр. Балаларымның болашағынан үміт күтемін. Олар чемпион атанса екен деп боксшы, жаттықтырушы Серік Қонақбаевқа апардым. Ұлдарымды бір жетістікке жетті, үлкен жарыстарға шықты деп айта алмаймын. Олар енді-енді боксты меңгеріп жатыр.

- Алдағы уақытқа құрған қандай жоспарларыңыз бар?

- Биыл өтетін Азия ойындары мен 2024 жылы болатын Париж Олимпиада ойындарында шәкірттерім Қазақстанның атынан алтын, күміс, қола медалін алып, өзінің жанкүйерлерін қуантса екен деймін. Сол үшін бапкерлер болып күні-түні аянбай еңбек етудеміз. Сондықтан барлық жоспар мен жеңіс әлі алда деп есептеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға