Адам бойындағы үреймен күресуге арналған қосымшалар
Сырт көзге аса білінбегенімен, үрей адамды іштей әбден жегі құрттай жеп қоюы мүмкін: ұйқысыздық, кеудедегі ауырсыну, депрессия және тағы басқаға алып келеді. Мұндайда психологтар мен нейроғалымдар жасаған арнайы мобильді қосымшалар көмекші құрал бола алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Үрей – жай ғана жағымсыз сезім емес. Ол ағзаның күйзеліске реакциясын іске қосады: жүрек соғысы жиілейді, тыныс алу бұзылады, назар шектеледі. Қысқа мерзімдік уайым кейде жинақталуға көмектескенімен, ұзаққа созылған жағдайда ол ұйқыны бұзып, иммунитет пен психиканы әлсіретеді. Уақтылы емделмесе, тәуелділікке, күйіп-жануға және ауыр күйзеліске әкелуі мүмкін.
Осы орайда біз мазасыздықты бақылауға, көңіл күйді реттеуге, паникалық шабуылдарға қарсы тұруға және сананы жаттықтыруға көмектесетін қосымшалар іріктемесін назарға ұсынуды жөн көрдік. Дегенмен, есіңізде болсын: мұндай бағдарламалар – тек қосымша көмекші құрал. Егер мазасыздық тұрақты сипат алса, психотерапевт дәрігерге жүгінген жөн.
MindDoc
MindDoc мазасыздықты туындататын себептерді түсінуге көмектеседі. Күніне үш рет қолданушыдан денсаулығы, шаршау деңгейі, эмоционалдық жағдайы мен қарым-қатынасы жайлы сұрайды. Әр екі апта сайын қосымша эмоционалды денсаулықтың қысқаша қорытындысын, ал әр ай сайын көңіл күйдің көтерілуі мен түсуін көрсететін диаграмма береді. Бұл жүйе уайымды жиі туғызатын жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.
«АнтиПаника»
Паникалық шабуылға ұшырайтындар үшін арнайы жасалған. Қосымшада тыныс алу жаттығулары мен шұғыл жағдайда тыңдауға болатын аудиожазба бар. Ол мазасыздықты жылдам азайтып, жағдайды бақылауға көмектеседі. Бағдарлама арқылы паникалық шабуылдың алғашқы белгілерін ерте анықтап, соған қарсы әдістерді меңгеруге болады.
Mind Health
Бұл қосымша когнитивті-мінез-құлық терапиясының принциптеріне негізделген. Смартфондағы «жеке психолог» іспетті. Мұнда депрессия, мазасыздық, тамақтану бұзылыстары және неврозға қатысты психологиялық тестілер бар. Нәтижесінде қолданушы кәсіби кеңес пен ұсыныстар алып, жағдайының өзгерісін бақылап отырады.
Негізгі құралдары – ой күнделігі, деструктивті сенімдерді жазатын «копинг-карточкалар» және күнтізбе. Қосымша ойды жүйелеуге көмектеседі, жаттығулар ұсынады. Оған қоса, көңіл күй трекері, психология курстары және депрессия, эмоционалды интеллект, күйіп-жану жайлы интерактивті материалдар бар.
BrainFM
Нейрожелілер арқылы жасалған музыкалық тректерді пайдаланады. Бағдарлама ұйқыға, релаксацияға, концентрацияға және медитацияға арналған әуендерді іріктейді. Арнайы әуендер ми белсенділігіне әсер етіп, тынығуға не жинақталуға көмектеседі.
Fabulous
Бұл қосымша стресс жағдайын азайтып, күнді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. АҚШ-тың Дьюк университетінің мінез-құлық экономикасы зертханасы жасаған жоба. Бағдарлама жаңа пайдалы әдеттерді енгізу үшін қадамдық нұсқаулық ұсынады: таңғы жаттығу, серуендеу, медитация, кітап оқу. Әр әрекет мотивациялық кеңестермен толықтырылады. Сондай-ақ «body scan» атты арнайы гайд бар – ол денедегі ширығуды анықтап, оны босатуға үйретеді.
Happify
Happify ойындар мен жаттығулар арқылы негативті ойларды азайтып, позитивті көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Мысалы, Negative Knockout ойыны Angry Birds-ке ұқсас, бірақ «бақыт зеңбіректерін» қолданады. Қосымшада когнитивті-мінез-құлық терапиясы мен сананы дамытуға арналған қысқа курстар да бар. Тапсырмаларды тұрақты орындау мазасыздықты азайтып, көңіл күйді көтереді.
«Серотонин»
Мұнда медитация, ұйқы, мотивация және тыныс алу блоктары бар. Қолданушы нұсқаушы дауысын, фондық әуенді таңдай алады немесе жеке сессия жасай алады. Жаттығулар мазасыз ойлардан арылып, қазіргі сәтке назар аударуға үйретеді.
SuperBetter
SuperBetter өзін-өзі дамыту процесін ойынға айналдырады. Қолданушы стресс пен уайымға қарсы «миссиялар» орындайды, оптимизм мен креативтілікті дамытады. Бұл тәсіл өмірлік қиындықтарды ойын элементтері арқылы қабылдауға көмектеседі, сол арқылы эмоционалды қысымды азайтып, психологиялық тұрақтылықты арттырады.
Қосымшаны геймдизайнер Джейн Макгонигал жасаған. 2009 жылы ол ауыр жарақат алып, күйзеліске ұшырағанда сауығу процесін ойын түрінде құрып шыққан.
Қорытынды: мобильді қосымшалар – мазасыздықты басқаруда пайдалы құрал. Бірақ олар маман көмегін алмастыра алмайды. Егер уайым тұрақты сипат алса, кәсіби көмекке жүгіну маңызды.

