«Адалдық – ең басты қағида»: 35 жыл ғұмырын шахтада өткізген кеншімен сұхбат
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС «Батыс» филиалы кені жерасты учаскесінің үңгушісі Тұрсынбек Мақышев – саналы ғұмырын кен өндірісіне арнап, адал еңбегімен абыройға жеткен шахтер. 1969 жылы дүниеге келген ол 35 жылға жуық уақыт бойы жер астындағы ауыр да жауапты жұмыстың бел ортасында жүріп, өндірістің дамуына, еңбек өнімділігінің артуына және жас мамандарды тәрбиелеуге елеулі үлес қосты. Нағыз еңбек ері атанған кейіпкеріміз El.kz тілшісіне сұхбат беріп, шахтадағы жұмысы туралы баяндап берді.
Мақышевтің еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланды. 2018 жылы ол «Еңбек озаты» медалімен марапатталса, 2019 жылы Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаты – «Еңбек Ері» атағына ие болды. Бұл – оның ел дамуына және тау-кен саласының өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесінің айқын дәлелі. 2020 жылы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Сондай-ақ ол Сәтбаев қаласы мен Ұлытау облысының Құрметті азаматы атанып, «Қазақмыс» корпорациясының «Құрметті шахтері» атағына да ие болды.
Сәтбаев қаласы – кеншілердің мекені
Сәтбаев қаласы – Кеңес дәуірінен бастау алған кеншілердің қаласы. Ол кен өндірісіне арналып бой көтергендіктен, мұндағы әрбір жан үшін шахтер болу үлкен мәртебе саналды. Біздің қалада «кімсің?» деген сұрақ қойылса, «шахтермін» деп кеудеңді мақтаныш керней жауап беретінбіз. Бұл мамандықты таңдау ол кезеңде нағыз ерлікпен тең еді, өйткені жеті қат жер астында еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі де жауапты іс болатын.
Кеншілер қаласында өскен соң, бұл мамандықты таңдау біз үшін табиғи мақсат іспетті еді. Жасыратыны жоқ, кенші еңбегінің табысы да мол болатын. Бірақ бастысы – бұл кәсіптің өзгеше абыройы мен беделі еді. Өзімнің алдымдағы екі ағам да кенші болып еңбек еткен. Сондықтан шахтердің өмірі мен еңбегі біз үшін ерекше құндылыққа айналды.
Кенші болу – жай ғана кәсіп емес, қайсарлықты, ерлікті және отансүйгіштікті білдіретін айрықша мамандық.
Еңбекке баулыған дәстүр мен тәрбие
Биыл 56 жасқа толып отырмын. Артқа көз салсам, менің балалық шағымдағы еңбекке бейімделуімнің негізінде бір басты қасиет тұрды – ол үлкенді сыйлау. Ағаларымды орындарынан тұрғызып қойып, ата-анамызға немесе басқа үлкендерге жұмыс істетіп қоюға ешқашан дәтім бармаған. Өйткені сол дәуірде үлкенді құрметтеу – әрбір баланың санасына сіңірілген заңдылық еді.
Үлкенге ізет көрсету дегеніміздің өзі еңбекке баулудың бір көрінісі болатын. Ата-анамыз жұмыста жүргенде, біз жер үйде тұрдық, от жақтық, көмір төктік, ағаш жардық. Күнделікті тіршілік тауқыметі сол кездің баласын ерте есейтіп, еңбекке шынықтырды.
Ол кезеңдегі өмір салты әрбір баланың шымыр болып өсуіне, шыдамдылық пен төзімділікті бойына сіңіруіне үлкен ықпал етті. Шын мәнінде, сол дәстүр мен тәрбие – менің еңбек жолыма дайындаған ең үлкен мектеп болды.
Кеншілік жол қалай басталды?
Иә, биыл мамыр айында кенші болып еңбек ете бастағаныма 35 жыл толды. 1989 жылы әскерден оралған соң, 1990 жылдың көктемінде шахтаға түстім. Ол күн әлі көз алдымда. Жерасты әлеміне алғаш аяқ басқанымда көзіме бірінші болып катерпиллер техникасы түсті. Төрт дөңгелегі шынжырмен қапталған, алып машинаның гүрілі құлақ тұндыратын. Себебі қара тас арасында резеңке дөңгелек шыдас бермейді, ал шынжырдың тасты жаншығандағы үні ерекше әсер қалдыратын. Сол кезде қайда тығыларымды білмей, абдырап қалғаным есімде.
Бақытымызға орай, қасымда тәжірибесі мол ағаларым болды. Олар бағыт-бағдар көрсетіп, әр қадамымды бақылап жүрді. Кеншілікте білмейтін жұмыс жоқ, еңбекті сүйген адамға бәрі үйреншікті болып кетеді екен. Алғашқы күндердегі қорқыныш пен абыржудың орнын кейін сенімділік басты. Сол кезде түсінгенім – тәлімгердің жол сілтеуі, жанында қолдау көрсетуі кез келген мамандықта, әсіресе кеншілік кәсіпте баға жетпес мектеп екен. Ешқандай қиындыққа қарамай, біз де осы ауыр да абыройлы тіршілікке бейімделіп, нағыз кеншінің өміріне қадам бастық.
Қауіпсіздік – кеншінің басты қағидасы
Қауіпсіздік – бұл жай ғана талап емес, нағыз өмір сүру мәдениеті. Кейбіреулер «кенші болу үшін көп білімнің қажеті жоқ» деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл – ең үлкен қателік. Қай салада болмасын, әсіресе шахтада, математика мен геометрияны меңгеру аса маңызды. Өйткені жер астында жұмыс істеу барысында «бұру», «аттыру» сияқты түрлі әдіс-тәсілдер қолданылады. Мұнда білімсіз бір қадам да жасауға болмайды.
Мен «Қазақмыста» еңбек еткен жылдарымда бұған көзім анық жетті. Компанияда кеншілерге жылына екі рет оқу-тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Бұл тек формальді жаттығулар емес – әрбір сабақ тәжірибемізді шыңдап, білімімізді тереңдетуге арналған. Білімің артқан сайын қауіпсіздігің де нығаяды.
Сонымен бірге техникаға ұқыпты қарау – қауіпсіздіктің тағы бір кепілі. Машинаны аялау арқылы өз өміріңді де, әріптестеріңді де қорғайсың. Сондықтан қауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – ең әуелі білімге құрметпен қарау, тәжірибені толық игеру және жауапкершілікті сезіну.
Адалдық – ең басты қағида
Жасы болсын, үлкені болсын, атымды атамай, ізет-құрмет көрсетіп жатады. Өзімнен үлкен жігіттердің де «Тұрсеке» деп айтатыны бар. Мұны мен өзімнің адалдығымнан шығар деп ойлаймын. Менің өмірлік қағидам – адал болу. Былтыр Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, адал азаматтарды дәріптеу бастамасын көтергені белгілі. Ол жерде адал еңбек пен адал табыс жайлы айтылды. Мен де осыған толық қосыламын. Қай жерде жүрсең де адал болсаң, үлкен жетістікке жетесің.
Мамандықтың артықшылығы – жанталас еңбек. Бірақ «тездет, жоспардан асырайық» деп артық кетуге болмайды. Балаларыма да әрқашан осыны айтып отырамын. Өйткені қазіргі жас мамандар көбіне ақша мен табысқа көп мән береді. Иә, қазіргі заманда ақша – бала-шағаны асырауға қажет. Бірақ әркім өз мүмкіндігін, өз әліне қарай еңбек еткені жөн. Маман болып бір-екі жыл жүрген соң «бәрі оңай» деп ойлайтын жастарды жиі көремін.
Мен ұңғылаушы ретінде шептің алдыңғы қатарында жүрдім. Бұл – өте қауіпті жұмыс. Кенді алуға бірінші болып біз дайындап беретінбіз. Жастар сұранып: «Мені де бригадаңызға алыңызшы», – дегенде, олардың жанталасып тұрғанын көріп, кейде уайымдайтынмын. Себебі бұл өндірісте сабырлық пен ақылдың қаншалықты маңызды екенін көпшілік түсіне бермейді. Мен «қане, қане, істеп тастаймыз» деген асығыстыққа мүлде қарсымын. Бұл бір жағынан артықшылық та шығар, бірақ екінші жағынан үлкен кемшілік те болуы мүмкін.
Қазіргі жастар тез-тез ақша тауып, тез-тез байып кеткісі келеді. Ал шын мәнінде әр нәрсенің өз уақыты бар. Кеншінің еңбегі – ең ауыр да, ең қауіпті жұмыс. Сондықтан мен әрқашан өз еңбегімді абыроймен аяқтап, артымнан келетін жұмысшыларға жеңілдеу қылып тастап кетейін деп тырыстым.
Адалдық – әрқашан бірінші орында тұруы тиіс. Патриот болу керек деп жиі айтылады. Бірақ адал болмай патриот болудың еш мәні жоқ. Шахтерлік мамандықты мен өмірлік миссиям ретінде қабылдадым. Алдымен жұмыс істеп көресің, содан кейін барлық қиындықты еңсеріп, тапқан табысыңмен отбасыңды асырайсың. Осылай-осылай еңбегіңді миссия ретінде қабылдайсың.
Өндіріске 35 жыл ғұмырымды арнадым. Бұл тек мен үшін ғана емес, халқым мен қалам үшін жасалған еңбек деп білемін. Біздің буыннан кейінгі жас мамандарды баулу – басты парыз.
Марапат – еңбектің жемісі
Иә, биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғаныма алты жыл толып отыр. Ол сәтті сөзбен жеткізу қиын. Ақорданың ішінде Мемлекет басшысының қолынан ең жоғарғы марапатты алып жатқанда, жүрегің ерекше қобалжиды екен. Мұндай мәртебелі атақты алу – үлкен жауапкершілік. Әсіресе, Роза Рымбаева апамызбен бірге алғаным есімде: медальді тағып, құттықтап, суретке түскеннен кейін ғана орныма барып, жан-жағыма қарай алғаным есімде қалды.
Әр марапат – еңбектің бағасы. Оның ішінде ең алғашқы марапаттың орны бөлек. «Еңбек ері» атағынан бұрын, алғаш рет ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін алған сәтім әлі көз алдымда. Оған дейінгі мақтау қағаздарынан бөлек, нағыз кенші ретінде алған алғашқы елеулі марапат сол болды.
Сондай-ақ Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Ерлан Қошановтың қолынан алған «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапаты да ерекше әсер сыйлады. Әрбір марапат – қажырлы еңбектің дәлелі, маңдай тердің жемісі.
Кенші еңбегі – қоғам игілігі үшін
Кеншінің еңбегі – ең алдымен қоғамға қызмет етеді. Экономика дейміз, бірақ бұл еңбек отбасыдан бөлек, тұтас қоғамға арналатын күш-жігер.
Бүгін Мемлекет басшысының халыққа арнаған жолдауын тікелей тыңдадым, куәгер болдым. Жолдауда тау-кен орындарын барлау жұмыстарының маңызы атап өтілді. Бұл – болашақтың кепілі. Жер астындағы қазба байлықтарымыз, тау-кен және мұнай-газ салалары еліміздің дамуына негіз болады. Барлау жүргізілген жерде міндетті түрде жаңа кен орындары анықталады. Демек, бұл – Қазақстанның экономикалық болашағы.
Егер уақытты артқа айналдыру мүмкін болса да, мен осы кенші мамандығын қайта таңдар едім. Себебі мен кеншіліктен басқа салада жұмыс істемедім. Құрылысшылардың еңбегі маған ауыр болып көрінеді: жазда – ыстық, қыста – суық. Ал шахтаның астында жағдай басқаша: температура әрқашан бірқалыпты. Жұмыс істегенде ыстықтап терлейсің, бірақ суық сезілмейді. Бұл да кеншінің еңбегінің ерекшелігі.
Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені осы салада ғана өзімді шыңдадым, жетістікке жеттім. Шахтерлік – менің тағдырым, менің өмірлік жолым.

