Халқымызда «Ақылың болса, арды сақта» деген нақыл бар. Адалдық пен ар-ұят – адамгершіліктің өзегі, ал жас ұрпақтың адалдығы – ұлттың келешектегі кемелдігінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағына әсер ететін ең басты фактор ретінде жастардың жаңа құндылықтар рухында тәрбиеленуін ерекше атап келеді.
Президенттің пайымдауынша, әділетті қоғам орнату үшін ең алдымен әрбір азаматтың сана-сезімі жаңғырып, жаңашыл дүниетаным қалыптасуы керек. Осы орайда, Президент ұлттық құндылықтар жүйесінде адалдық қасиетіне айрықша мән беріп: «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», деп атап өтті. Яғни, адал ұрпақ тәрбиелеу – әділетті, дамыған мемлекет құрудың негізгі алғышарты.
Мемлекет басшысының бұл сөздері халқымыздың жадында бұрыннан орныққан ақиқатты жаңғыртады. Адалдық пен әділдік егіз құндылық екенін түсінген ел ғана ілгерілейді. Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлының «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген өсиеті бүгін де өміршең. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесінде дәл осы қағидаларды негізге алып, жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, әділеттілікке шақырып отыр.
«Адал азамат» ұғымын мемлекет идеологиясының тірегіне айналдырған Президент жаңа буынды парасатты, озық ойлы, адал азамат етіп қалыптастыру жолында нақты міндеттер жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, адал азамат деп «жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адамды» айтамыз. Демек, әрбір жас қазақстандық адалдық пен жауапкершілікті бәрінен биік қойып, ел мүддесін ойлайтын парасатты тұлға болып қалыптасуы тиіс. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасы қалыптасады, халқымыздың жарқын болашаққа деген үміті ақталады.
Мемлекеттік бағдар: адал ұрпақ тәрбиелеу – басты міндет
Жастардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру – мемлекеттік саясаттың өзегі. Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтарды: жастарды, ұстаздарды, мемлекеттік қызметшілерді, кәсіпкерлерді, инвесторларды, тәуелсіз сарапшылар мен еріктілерді кеңінен тарту керектігі» атап көрсетілген. Бұл – ел болашағы үшін әрбір азаматты адалдық қозғалысына жұмылдыруға үндейтін маңызды құжат. Қоғамның барлық саласында жемқорлықты құртудың және парасаттылық мәдениетін қалыптастырудың негізі – жас ұрпақты тәрбиелеу екені айқын. Сондықтан елімізде кешенді тәрбиелік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асып жатыр.
Мемлекет басшысы биыл жаңа буынға арналған біртұтас ұлттық тәрбие тұжырымдамасы – «Адал азамат» бағдарламасын енгізуге айрықша мән берді. Президент бұл бағдарламаны елдің рухани және әлеуметтік дамуының негізі деп қарастырып, Әділетті Қазақстан құру үшін әрбір азамат адал болуы қажеттігін қайталап айтты. Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы осы «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүргізілмек. Бұл – бұған дейін жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, мазмұны жаңартылып, Президенттің «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеялық қағидасымен үндестірілген жаңа жүйе. Аталған бағдарлама 2025 жылғы 26 мамырдағы Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен бекітіліп, 77 нақты қадамнан тұратын іс-шаралар кешені арқылы жүзеге асуда. Мақсаты – мектеп пен отбасы ынтымақтастығына сүйене отырып, адал, еңбекқор, елжанды азаматтарды тәрбиелеу, жалпыұлттық құндылықтар негізінде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру.
Жаңа тәрбие бағдарламасы аясында әр ай сайын мектептерде белгілі бір тақырыптық құндылықтар талқыланып, оқу процесімен және сыныптан тыс шаралармен біртұтас сабақтастықта өткізіледі. Мәселен, әділдік, еңбекқорлық, патриотизм секілді ұғымдар оқу бағдарламасының өзегіне айналмақ. Оқушылардың бойына осы қасиеттерді дарыту үшін «Өнегелі 15 минут» атты арнайы тәрбие кезеңдерін енгізу, үзілісте күй ойнау, ұлттық ойындарды дәріптеу сияқты тың форматтар қолға алынатыны айтылуда. Бұл – мектеп өмірін ұлттық тәрбие құндылықтарына барынша жақындату деген сөз.
Сондай-ақ өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетін дамыту, шығармашылық және ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету де назардан тыс қалған жоқ. Мұның барлығы адал ұрпақ тәрбиелеудің жан-жақты стратегиясы екенін көрсетеді.
Жастар саясатының тағы бір маңызды бағыты – сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін ерте бастан қалыптастыру. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірінде мектептер мен жоғары оқу орындарында ерікті клубтар құрылып, белсенді жұмыс істеуде. Мәселен, мектептерде құрылған «Адал ұрпақ» ерікті клубтары оқушылар арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттап келеді. Бұл клубтар жыл сайын жиындар мен байқаулар ұйымдастырып, жас өрендердің шығармашылығын адалдық тақырыбына бағыттайды.
«Adal Fest» сияқты халықаралық форумдарда түрлі елдердің жастары өмірлік табысқа жету жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, адалдықтың әмбебап құндылық екенін талқылайды. Мысалы, Қостанай облысында өткен онлайн Adal Fest форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса мектеп оқушылары қатысып, шетелдік меймандардың дәрістерін тыңдады. Форум барысында бизнестегі жетістікке жеткен кәсіпкерлер жастарға еңбекқорлық пен әділдіктің, адалдық пен ұжыммен жұмыс істей білудің табысқа апарар басты жол екендігін нақты мысалдармен түсіндірді. Тіпті, шетелдік спикерлер де қазақстандық жастарды батылдыққа, арманға адал болуға шақырып, табыстың негізгі кепілі – еңбекқорлық пен адалдық екенін айрықша атап өтті.
Жоғары оқу орындарында жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту үшін «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері мен студенттік клубтар жұмыс істейді. Университет және колледж студенттері арасында өткізілетін түрлі акциялар, пікірсайыстар мен кездесулер жас мамандарды парасаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған. Жастардың қатысуымен 80-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын күшейтуге арналды.
Сондай-ақ «Парасат елшісі» республикалық байқауы шеңберінде ел аумағында екі ай ішінде 100-ге жуық шара өткізіліп, 5 мыңға жуық адам қамтылғаны белгілі болды.
Волонтер жастардың қатысуымен жүзеге асқан жобалар да аз емес. Мысалы, Жамбыл облысында еріктілердің адалдық акциялары нәтижесінде 200 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделіп, мыңға тарта тұрғынға тегін құқықтық көмек көрсетілген. Мұның барлығы – адал ұрпақ қалыптастыру жолындағы тың бастамалардың берері мол екенінің дәлелі.
Білім мен тәрбие: парасаттылық сабақтарының пайдасы мол
Жас буынды имандылыққа, әділдікке баулуда отбасы тәрбиесімен қатар, мектеп пен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының маңызы зор. Білім ордаларында оқушыларға тек білім ғана емес, адалдық және жауапкершілік тәрізді қасиеттерді де үйрету жолға қойылған. Республика бойынша тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан «Адалдық сағаты» сабақтары – соның айғағы. Мәселен, 2019 жылғы қараша айында Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы 40 мектепте бірыңғай республикалық адалдық сабақтары онлайн форматта өткізілді. 8-11 сыныптың 1752 оқушысы, жүзден аса ұстаздар мен мектеп басшылығы қатысқан осы шарада әділдік, ұят, жауапкершілік секілді адами қасиеттер кеңінен түсіндірілді. «Адалдық сағатының» басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына адалдық, парасаттылық, отансүйгіштік, сенім құндылықтарын сіңіру, жас буынның рухани болмысын бекітіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру екені ерекше атап өтілді. Сабақ барысында қоғам қайраткерлері мен ардагер ұстаздар оқушыларға өмірден алынған өнегелі мысалдарды айтып, тарихтағы әділдік жолын ұстанған кемеңгерлердің өсиеттерін жеткізді. Оқушылар өз кезегінде адалдық пен парасаттылық туралы ой-пікірлерін ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде тұрақты жалғасын тауып келеді. Мектептерде «Адал ұрпақ» еріктілер клубтары, колледждер мен ЖОО-ларда «Саналы ұрпақ» қоғамдары жас жеткіншектерді ізгілікке жетелеуде. Олар арқылы мыңдаған жасөспірімдер мен студенттер адалдық жолындағы қозғалысқа тартылып, мемлекет ішіндегі үлкен іске өз үлестерін қосуда. Мәселен, Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназияның «Адал ұрпақ» клубы оқушылар күшімен «Заң бәріне ортақ» атты сахналық қойылым қойып, көрермендерді заңға құрметпен қарауға, жемқорлықтан алыс болуға үндеуі – тәрбиенің жаңа форматының бір үлгісі.
Сол сияқты, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында парасаттылық тақырыптарында дебаттар, эссе байқаулары, стенд-ап форматындағы пікірталастар ұйымдастырылып, жеңімпаз жастар марапатталуда. Осындай шығармашылық әдістер арқылы адалдық идеологиясы жас ұрпақтың санасына жақындай түсетіні сөзсіз.
Қазақстан жастарының бүгінгі келбеті күннен-күнге өзгеріп, жаңа қырынан танылуда. Олардың арасында ғылым-білім, өнер, спорт салаларында әлемге танылып, еңбегімен аты шыққан дарынды буын қалыптасып келеді. Ең бастысы – бұл жас толқынның ар-ұяты бар, әділетке жаны жақын, жаңалыққа құштар болып өсуі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз елде өсіп келе жатқан жаңа буынды «рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ» деп сипаттап, олар еліміздің ұлт ретінде жаңғыруына қызмет етеді деген зор сенім білдірді. Мемлекет жаңа буынның осындай биік қасиеттерін бағалап қана қоймай, оларды әрі қарай дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Ендеше, жас өркеннің бойында адалдық пен жауапкершілік орнықса, ел болашағының еңсесі биік, мәртебесі жоғары боларына күмән жоқ.
Өзгерістердің өзегі – қоғамдық сананы жаңғырту, әр азаматтың дүниетанымын жақсарту
«Адал ұрпақ – ұлт болашағы» қағидаты бүгінгі Қазақстан қоғамының басты ұранына айналуда. Ел Президентінен бастап, жергілікті басшылар мен қоғам белсенділеріне дейін жас буынның адал, әділ, жауапты болып қалыптасуына мүдделі екенін өз сөздерімен әрі істерімен дәлелдеп келеді. Жастардың бойында адалдық қасиеті салтанат құруы – тек жеке адамның жетістігі емес, тұтас мемлекеттің жарқын болашағына салынған берік іргетас.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халқымыз жаңа дәуірде саяси-экономикалық реформалармен қатар терең әлеуметтік-мәдени өзгерістерді де бастан кешіруде. Бұл өзгерістердің өзегі – қоғамдық сананы жаңғырту, әр азаматтың дүниетанымын жақсарту. Ал қоғам санасының сәулетшісі – бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Оларға қандай тәрбие мен тағылым берсек, ертең сол көлемде жемісін көреміз. Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы – осы жолдағы нақты бағдар. Жаңарған ұлттық тәрбиенің арқасында өскелең буынның санасы жаңғырып, жүрегінде елге деген сүйіспеншілік пен адалдық орнығатын болады.
Әрине, адалдық тәрбиесі – ұдайы үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Отбасы, мектеп, қоғам – үшеуі бірлесе ұрпаққа үлгі-өнеге көрсеткенде ғана саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Бұл істе ата-аналардың жауапкершілігін арттыру да мемлекет назарында екенін айта кеткен жөн. «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, балаға кішкентайынан дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйретіп, шынайылық пен шыншылдықты бойына дарыту – әрбір әке-шеше мен ұстаздың абыройлы парызы.
Жас өрендеріміздің көкірегінде отансүйгіштік оты лаулап, ар-намысы биік болып өссе – еліміздің ертеңі де еңселі болмақ. Адалдық пен әділдік үстемдік құрған қоғамда береке-бірлік пен прогресс бірге өрбитіні даусыз. Ендеше, адал ұрпақ тәрбиелеу – ұлт болашағына салынған инвестиция. Бұл жолда жасампаздық пен жаңашылдыққа жаны құмар әрбір азамат атсалысса, Қазақстанның келешегі кемел, мәртебесі биік боларына күмән жоқ.
Президент сөзімен түйіндесек: «Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек... Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек». Адал ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, әділетті қоғамның түп қазығы. Ұрпағы адал халқымыздың келешегі қашанда зор болмақ.

