Жаңалықтар

Абзал Құспан қаңтар оқиғасы бойынша жүргізген тәуелсіз тергеу жұмысымен таныстырды

Бұл туралы Мәжіліс отырысында айтылды
Абзал Құспан қаңтар оқиғасы бойынша жүргізген тәуелсіз тергеу жұмысымен таныстырды
Фото: qazaquni.kz 05.01.2023 12:41 1832

Қаңтар оқиғасының мән-жайын нақтылау үшін тәуелсіз комиссиялар құрылып, жұмыс істеді. Оларға тергеуде отырған азаматтармен жүздесуге мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, барлық ақпаратқа қол жеткізе алды. Солардың бірі құқық қорғаушы, адвокат Абзал Құспан Мәжіліс отырысында Қаңтар оқиғасы бойынша жүргізген тәуелсіз тергеу жұмысымен таныстырды. Бұл туралы El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Amanat» комиссиясы 2022 жылдың қаңтар айының 22-сінен бастап, жыл соңына дейін өз қызметін атқарды. Комиссия құрамы адвокаттар мен құқық қорғаушылардан тұрды. Сонымен қатар, уәкілетті мемлекет органдарының өкілі кірді. Тергеу изоляторларына кіруді, қылмыстық-іс құжаттарымен танысуды жергілікті прокуратура қамтамасыз еткен. 

«Қаңтар оқиғасына қатысушыларды 3 топқа бөліп қарастырдық. Біріншісі ұйымдастырушылар, екіншісі арандатушылар, үшіншісі арамдап қалғандар. Яғни, бейбіт шеру деп шығып, басқалардың айдауына көніп кеткендер. Негізгі митингтің басым көпшілігін осы үшінші топ құрады. Комиссия мүшелері осы үшінші топпен мақсатты түрде жұмыс істеді», - деді.

Комиссия мүшелері өз жұмысын Алматы қаласынан бастады. Жұмыстың алғашқы күнінде-ақ, тергеудегі ондаған адамның босап шығуына ықпал еткен. 

«Кейін Тараз, Талдықорған, Шымкент және Семей қалаларында жұмыс жалғасып, қылмыстық істер бойынша қамалған 1600-ге жуық адамның 600-інің жазасын жеңілдетуге тікелей ықпал еттік. Бұл жағдайға қоғам оң көзбен қарап, тергеу жұмыстарының адал және әділ түрде өтетініне сенімділіктерін білдірді. Өңірдегі кейбір құқық қорғау органдары басшылығының қаңтар оқиғасын обьективті тергеу туралы тапсырмасын орындамау және сабатаж жасау фактілерін анықтадық», - деді ол. 

2022 жылдың ақпан айынан бастап «Рақымшылық» туралы заң жобасын мемлекет тарапына ұсынған. Заң жобасы қабылданғаннан кейін мыңдаған адамның басым көпшілігінің жазасы жеңілдетіліп, босап шыққанын айтты. 

«Сонымен қатар, жұмысымызды БҰҰ, АҚШ елшілігі мен шетелден келген журналистерге таныстырдық. Жұмысымызды Алматы қаласында бастап, осы қалада қорытындыладық», - деді адвокат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға