Жаңалықтар

Абзал Құспан: Ауылдық жерге тән құбылыстың бірі - құқықтық нигилизм

Абзал Құспан: Ауылдық жерге тән құбылыстың бірі -  құқықтық нигилизм
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.05.2023 16:36 1567

Парламент Мәжілісінің комитет отырысында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңға толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заңсыз іс-әрекеттерге заңда қандай тосқауыл қойылған деп ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденовке тікелей сұрақ қойды. 

2020 жылы 111 қылмыс, 2021 жылы 103, 2022 жылы 77 қылмыс тіркелген. Яғни төмендеуі байқалады. Десе де адамдардың белгілі бір тобының құқығын қорғаймыз деп, басқа бір топтың құқығын бұзып алмаймыз ба? Ертең шаруа қожалықтарын және ішкі субъектілерді тексеруді бастағалы отырсыздар. Ауыл мен байланысым өте қатты орнаған адаммын. Бізде ауылдық жерге тән бір құбылыс бар. Ол – құқықтық нигилизм. Яғни көптеген шаруашылық еңбек заңнамасын сақтай бермейді, – дейді депутат. 

Яғни шаруашылық субъектілері өзіне келген қызметкерге еңбек шартын жасамайды. Соның салдарынан күндердің күнінде, әсіресе қысқы уақытта күшейетінін айтады. 

Тұрғылықты мекенжайы жоқ, анықталмаған «бомж» сияқты адамдар қысқа таман – жандары қысылған кезде осындай жұмысқа өздері сұранып кіреді. Ал көктемге қарай олар «бізді ұрып-соғып базардан алып кетті, бізді малға салып қойды» деп арыз жазады. Мұндай жағдаймен адвокаттық қызметте бірнеше рет тап болдым, – дейді Абзал Құспан. 

Депутат қаралып отырған заңда заңсыз іс-әрекеттерге қандай тосқауыл барын сұрады. Аталған сауалға ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов мұндай фактілердің барын жоққа шығармады. 

Біздің қызметкерлер тексерген кезде, қылмыстың бар-жоғына қарайды. Соған тартуы мүмкін. Ал бұл заңда қарастырып отырғанымыз да бірдей. Яғни тексерістің бәрін жеке-жеке емес, мемлекеттік органдармен бірге тексереміз. Бұл жерде қылмыстық құрам болмаса, ол полиция қызметкерлерінің шаруасына жатпайды. Министрліктің құрамындағы прокуратура, басқа бөлімдер қарайтын болады. Осы заңда сондай бұйрық көзделген, – дейді Сәденов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға