Жаңалықтар

Абысын деген кім?

Абысын - туыстық атау
13.10.2015 09:09 22659

Қазақ халқында абысын деген атау бар. Абысын деген кім? Неге олай атаған? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.

Абысын – қазақ этномәдениетіндегі ағайынды адамдардың әйелдерінің бір-біріне жақындық қарым-қатынасын білдіретін туыстық атау. Алайда бұл сөздің алғашқы мағынасы тек қана әйелдер арасындағы ілік,  жақындыққа арналған сөз екендігін еске ала отырып, төркінін тап басуға болады. В.В.Радлов сөздігінде: «Абы» қойбол тілінде біздегі «әйел» сөзінің орнына қолданылады,– деп жазылған еді. Ал Л.3.Будагов сөздігінде: «Абысын» тұлғасына жақын «епчи» сөзін ұшы­ра­тып, «әйел» мағынасын беретіндігінен хабардар болдық.

Абысын деген кім?

Мұндағы «е» дыбысының ор­ны­на «а», «п»-ның орнына қолданыл­ған «б»және «ч»-ның «с» дыбысына сәйкестігі – түркі тілдеріне ортақ заң­дылық екендігі ертеден белгілі. Сондықтан да басқа түркі тіліндегі «епчи» сөзінің қазақ тілі дыбыс заң­дылығына сәйкес «абсы» болып айты­луы таңдандырмауы тиіс. «Абсы»-ның «абысын» тұлғасына дейін өзгеруін түсіндіріп жату да артық. Бұл жерде – қазақ тілінде қатар кел­ген екі дауыссыз ортасына қысаң дауыс­ты «ы» не «і» дыбыстарының бірі килігуін және соңғы«н» дыбысын есім тудыратын қосымша деп ес­ке алсақ (мысалы: қос + ын, жи + ын т.б.), бұл сөздің төркіні түркі тіл­де­рінің біріндегі әйел мағынасын бе­ретін «абы» не «епчи» сөзінен екені еш күмән тудырмайды. Олай болса қазақ арасында жиі қолданылатын «абысын» сөзі бәрімізге де түсінікті. Абысындардың өз арасында қалыптас­қан этикалық нормалары бар: абысын­ның кішісі өзінен жасы мен жолы үлкен абысынын оның күйеуін, яғни қайын ағасын сыйлағандай құрметтеп, ізет пен ілтипат көрсететін әдептілік дәс­түрлі қазақ қоғамында жазылмаған ережелердің қатарында.

Абысын деген кім?

Абысындардың өзара сыйластығы, олардың етене жақын сырлас, мұңдас, кез келген мәселені ақылдасып, кеңесіп шешіп отыратындықтан ауыл-аймақтың бірлігін ұстап тұратын «фактор» іспетті болған.

Сондықтан ертеде жайлау, қыстауда бір-бірімен қанаттас, қоңсы-қолаң болып қоныстанған қазақтар әлбетте туыстық принцип бойынша жүйеленген шаруашылықты жүргізу барысында тек мүдде-мақсат қана емес, туыстық қатынастар да белгілі дәрежеде рөл атқарған деуге болады. Олар бір-бірінің өкпе-назын, әзіл-қалжыңын кек тұтпайды, керісінше, өзара тату болса ағайындардың да ауызбірлігі, ауыл, рудың да берекесі, туыстық қарым-қатынасы нығая түседі. Дәстүрлі ортада отбасылық, рулық, туыстық қарым- қатынастың нормаларының ішінде іргелі мәнге ие, әсіресе ағайынды, туыс, аталас адам­дардың әйелдерінің тату болуына ерекше мән беріп қадағалап отырған. Демек, бір ата деңгейінде, арысы жеті атаға дейінгі ұрпақаралық қатынасты реттеуде абысындар сыйластығының өзіндік рөлі болған. Өмірлік серік еткен жарының тірегі, қамқоршысы ғана емес, абысындар аталас ағайындардың балалары арасындағы татулық-бірлікті нығайтуда және кез келген күрмеуі қиын мәселелерді шешуде мәмілегер, бітістіруші орнында жүре білген. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса aт көп» деген мақалдың өзінен-ақ ағайынның бірлігі арқылы абысындардың міндеті үлкен екендігі айқындалып тұр. Демек, абысындар этномәдени тағылымда сыйластық, татулық, бірлік, ынтымақтың белгісі саналған. Өзінен үлкен абысынын қазақ келіндері шешей деп те атаған.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға