©El.kz

Абылайхан Жүсіпов жарыстың алтыншы күнін жеңіспен аяқтады

Қазақстандық тәжірибелі боксшы Абылайхан Жүсіпов Дубайда өтіп жатқан әлем чемпионатының кезекті жарыс күнін жарқын жеңіспен қорытындылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

71 келі салмақта жұдырықтасатын спортшымыз 1/8 финалда белорус боксшысы Александр Радионовпен кездесіп, еш күмән тудырмайтын басымдықпен жеңіске жетті. Айта кетейік, Жүсіпов алғашқы айналымда армениялық Арарат Арутюнянды да сенімді түрде ұтқан еді.

Осыған дейін 57 келідегі Оразбек Асылқұлов та ширек финалға жолдама алып, Эсватини боксшысы Мукело Дламиниді нокаутқа жіберген болатын.

51 келі салмақта өнер көрсеткен Даниял Сәбит Кабо-Верде өкілі Леник Фернандесті қапыда қалдырса, 54 келідегі Сәкен Бибосынов танзаниялық Факи Исса Факиден айқын басым түсті.

Ал 63,5 келіде Ертуған Зейнуллинов IBA-PRO лигасының боксшысы Хосе Мануэль Агуйре Крузды ойсырата жеңіп, жарысты жалғастыруда.