Жаңалықтар

Абылай ханның суретін салған ақын

Абылай ханның кең тараған суреті бар. Көпшілік Абылай ханның түр-тұлғасын сол суретке қарап елестетеді.
03.08.2015 06:53 12684

Абылай ханның кең тараған суреті бар. Көпшілік Абылай ханның түр-тұлғасын сол суретке қарап елестетеді.

"Абылай ханның арманы" қойылымындағы актер Қуандық Қыстықбаевтың Абылай ханның рөлін сомдауы.

«Абылай» дастанында:

«Сипаты бұл баланың елден бөлек,
Бала жоқ сол бір елде айтар тең деп.
Сабырлы, терең ойлы, сөзі батым,
Көрген жан таңырқайды мынау кім деп.
Төле би көптен бері назар салған,
Айтқаны атқошшының емес жалған.
Елге тұтқа бір адам болар дейді,
Дүниеде тірі жүрсе өлмей аман» деп келеді. 

Тіпті бірде Бөгенбай батыр жас жігітті сынап көріп:

«Шырағым – ай көзің отты бала екенсің,
Мінезің қазақтағы хан екенсің.
Жазғы тұрым қалмаққа аттанамыз,
Соған да керек болар жан екенсің» деп суреттелетін тұстары бар.
 

Мұның барлығы әдебиеттегі суреттеулер. Оның сабырлы, терең ойлы, көзі отты, мінезді, тұрпатты екендігін майдангер ақын Мәжит Айтбаев суретте көрсете білген.

Мәжит Айтбаев (Қобызшы Қорқыт)  1914 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ педагогикалық институтында белгілі жазушы, батыр Мәлік Ғабдулинмен бірге оқыған. 1937 - 39-жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы, студенттер даярлау курсының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі қызметтерін атқарған. Өлең, әңгімелері мерзімдік баспасөздерде, жинақтарда жарияланып тұрған. Көркем аудармамен айналысқан. 1939 жылы Айтбаев әскерге алынып, батыс шекарада қызмет атқарады. 1941 жылы тұтқынға түседі. «Түркістан ұлттық бірлік комитетіне» мүше болып, «Жаңа Түркістан», «Милла Түркістан» газеттерін шығарысады, «Милли әдебиет» альманахының бас редакторы болады. Мәжит Айтбаев Мағжан Жұмабаевты ұстаз тұтқан керемет ақын болған. Соғыс уақытында ол Абылай ханның суретін салып қана қоймай, «Хан Абылай» деген романтикалық тыныстағы поэма жазған.  Бұл дастан 1943 жылы Берлинде басылып шығады. Шығармаларын «Қобызшы Қорқыт» деген бүркеншік атпен жазған ақын 1945 жылы  Дрезденде бомба жа­рықшағынан қайтыс болған. Ал «Хан Абылай» дастаны 1971 жылы Мюньхенде Хасан Оралтайдың алғы сөзімен қайта басылып шығады. 

Абылай ханның суретін салған ақын

1943 жылы Берлинде басылып шыққан «Хан Абылай» поэмасымен бірге Абылай ханның кескіні де жарық көреді. Сол суретті кәсіби маманданбаған суретші әрі ақын-жазушы Мәжит Айтбаев салып шыққан. Мәжит Айтбаев Абылай ханның суретін аңыз-әңгімелер негізінде қиял-болжаммен салған. Тіпті, Абылай ханның суретін саларда Шоқан Уәлихановтың портретінің негізге алған деген деректер бар. Сәбит Мұқановтың  Шоқан жайында жазған «Аққан жұлдыз» романында Шоқан дүниеге келгендегі «арғы атасы Абылайдан аумаған екен депті»  деген сөзге иек артқан. Осылайша қазіргі қолданыстағы, төл теңгеміздегі ханның кескіні дүниеге келген.

Бертін келе қаншама кәсіби қылқалам шеберлері Абылайдың кескінін салып шықты, бірақ олардың жұмысы маманданбаған суретші Мәжит Айтбаевтың туындысынан басып оза алмады. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға