Жаңалықтар

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!
Фото: Жеке мұрағат 09.05.2024 16:50 786

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін біздің елден 178 мыңға жуық адам  Қызыл Армия қа­тарында болғаны айтылса, олардан бөлек  майданға 1 миллион 300 мың  қазақстандық шақы­рылғаны мәлім. Ал жарақаттан қаза тапқандар мен хабар-ошарсыз кеткендер және тұтқынннан қайта оралмағандардың барлығын қосқанда – 630 мың адам. Бұл тізімге Қазақстаннан тыс жерлерден әскерге шақырылғандар мен еңбек армиясынан қайтпағандар қосылмағанын атап өткен жөн. Оның үстіне сталиндік режим Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халықтарынан тұратын «еңбек армиясы» деп аталатын армия құрды. Деректерге сенсек, еңбек армиясына тек Қазақстанның өзінен ғана 700 мың ересек адам алынған екен. Өнеркәсіп орындарындағы қара жұмысқа 670 мың адам тағы да шақырылған. Кей деректер бойынша, Қазақстандағы мобилизация деңгейі қос майданда қатар соғысқан Германиядағыдан екі есе жоғары болыпты. Міне осыншама азаматтың тек ширегі ғана аман-есен елге оралған. Туған жерінен топырақ бұйырмай хабар-ошарсыз кеткен боздақтардың ұрпақтары бүгінде жат даласында жоғалып, із-түссіз кет­кен ата-әкелерінің басына дұға оқып, топырақ сал­сам, сүйегін туған жерге әкелсем деген үміттің жетегінде... Осындай үмітті үкілеген жандардың аттар босағасы - «Атамның аманаты» қоғамдық бір­­­­лестігі. Аталған бірлестік Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен қазақстандық жауын­­герлерді жүйелі түрде іздеумен айна­лысатын еліміздегі жалғыз ұйым екен. Бірлестиік 2020 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында «Atamnyn Amanaty» бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атаныпты. Ол сыйлық қоғамдық және мемлекеттік бастамасының марапатын алған һәм «Ыстық жүрек» белгісімен марапатталған Қазақстандағы алғашқы ұйым болды. Осы ретте біз бірлестік төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайыловпен сұхбаттасқан едік.

- Әбубәкір мырза, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі қашан құрылды және қандай мақсатта құрылды?

– Қазақ жоқтаусыз қалғаннан қорыққан халық. Өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр деген де бар. Жеті атасын жетік білмеген адамнан шошынатын.  «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі - Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын әрі олардың тарихи қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етіп жатқан Қазақстан аумағындағы бірден-бір ұйым. Алғаш рет 2019 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігінің атсалысуымен ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің елшілерінің қатысуымен қоғамдық бірлестіктің тұсаукесері өтті. 2019 жылдың 19 мамырында құрылған ұйымы­мызға биыл 5 жыл толғалы отыр. Осы кезеңде «Атамның аманаты» сайты арқылы іздеуге 9 мыңнан астам өтініш түсіп, 4 000-нан астам қазақ жауынгерінің жерленген орындары мен тұлғалары анықталып, табылған 19 сарбаз­­дың сүйегі үйлеріне әкелініп, әскери құрметпен жер­ленді. Осы қаңтар айының өзінде үш майдангердің сүйегін туған жеріне жеткізуге қатыстым. Оның алғашқысы қызылордалық Силан Мәметов деген жауынгер. Өкінішке қарай, марқұмның артында ұрпағы қалмапты. Сондықтан облыстық әкімшілік бізге қолдау көрсетіп, қабылдап алды. Әскери коммисариат Қазалы ауданына апарып әскери құрметпен жерледі. Жеке заттарын облыстық музейге тапсырдық.

«Біздің бірлестіктің негізгі ұстанымы – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген халық даналығы. Біз қашанда әруақты құрметтеп, өткенін ұлықтаған, үлкенін ардақтаған елміз. Осы дәстүрді берік ұстан­ған кешегі майданда мерт болып, дерегі жоғалған жауынгерлердің ұрпақтары бізге көп үміт артады.

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

- Бізде әлі күнге дейін соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың нақты саны белгісіз. Осы бағытта қандай да бір ақпаратқа қол жеткізуге бола ма?

- Иә, ол рас. 1989  жылғы дерек бойынша, елімізден 1941 жылы 1 миллион 300 мың адам  майданға кетті делінеді. Оның 630 мыңы майдан даласында опат болған, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Бұл деректің өзі дәл ақпарат дей алмаймыз. Себебі, 38-39 жылдары әскерге алынып, сол жақта әскери борышын өтеп көптеген ел азаматтары жүрді. Фин соғысына да қатысты. Олар сонда қалып қойды. Одан бөлек еңбек армиясы болды. Сонда қара жұмыс істеп жүрген қаншама ел азаматтарын он сегізге толғанда майданға алып кеткен. Олардың тізімі де бізге әлі күнге дейін белгісіз. Біз есептеп отырған дерек тек 1941 жылдан бері қарайғы есеп. Енді жаңағы ақпараттарды ескере келе екінші дүниежүзілік соғысқа 1 миллион 300 мың адам емес, одан да көп екенін байқауға болады. Келесі жылы Жеңістің 80 жылдығына орай осы деректердің барлығын ескере келе бір тоқтамға келсек деген жоспарымыз бар. Күні кеше Ұлттық музейде үлкен басқосу өтті.  Сонда да біз өз ұсынымысызды жеткіздік. Ұлттық Қорғаныс министрлігі, Ұлттық музей барлығымыз бірлесе бірлікте күш жұмылдырып жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде бүкіл облыстық архивтермен меморандумдарға қол қойып жатырмыз. Соғысқа аттанған барша ел азаматтарының санын дәл анықтай алмасақ та шамамен жалпы санын болжауға болады.

- Екінші дүниежүзілік соғыс көптеген аймақты шарпыды. Осы ретте тек Ресейде ғана емес, Еуропа мемлеакеттерінде де ел азаматтарының тұтқында болғаны белгілі. Ондағы қазақстандықтар туралы деректерге қаншалықты назар аударып жатырсыздар?

- Біздің қоғамдық бірлестік Ресей Федерациясы мен Украинадан және өзге де мемлекеттердегі отандастарымыздың сүйектерін атамакеніне қайтарып, жеткізуге күнделікті атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының Италияға барған  ресми сапарында  ел Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі ара­сындағы Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зінде қаза тапқан әскери қыз­метшілер жерленген орындардың мәр­тебесіне қа­тысты келі­сімге де қол қо­йылғанын атап өткеніміз жөн. Яғни, екі елдің соғыс құрбандарына ортақ құрмет көрсетуді мақсат еткен келісім екі ел үшін де өте тиімді болып отыр. «Қазағымның қаны қайда төгіліп, басы қайда қалмаған» дегендей Италиядан да қазақтарды таптық. Олардың санын алдағы уақытта жариялайтын боламыз. Қазақстанда жатқан италиялық азаматтар бар екен. Англядан да алты қазақстандық жатқанын анықтадық. Сонымен қатар өзіміз секілді  жұмыстарм ен айналысатын Нидерланд Корольдігінің Кеңестік «Даңқ алаңы» қорымен бірлескен жұмыс туралы соңғы меморандумдардың біріне өткен жылдың 11 қыркүйекте қол қойылды. Олар біздің елімізге келді. Бұл қордың директоры Ремко Рейдингтің айтуынша, Голландиядағы Амерсфорт концлагеріндегі әскери тұтқындар ара­­­сында қазақтар да болған.  Голландияның журналисті шағын ғана қалада 101 адамның бейітін тауып, оларды зерттеп, ДНҚ-сын талдап, идентифкация жасаған кезде Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлерінің бірі – алматылық Баратовтар отбасының ұрпақтарын таба алды. Бұл істің де «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің  көмегі тигенін атап өткен жөн.

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

Сонымен қатар 50-ден астам халықара­лық ынтымақтастық келісімдерге қол қойылып, іздеу жұмыс­­тары сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп тек ТМД елдерінде ғана емес, Еуропада жерленген қазақстандық жауынгерлердің деректер базасы да құрылды. Осылайша, Екін­­­­ші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропа аума­ғын­­­­да қаза тапқан қазақстандықтардың аты-жөндерін, жерленген жерлерін анық­тау жөнінде бірқатар жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, 1944–1945 жылдары Сербия жерінде опат болған отандас­­тарымыздың есімі белгілі болды. Ұзын саны Қазақстанның әр түкпірінен ша­қырылған 198 жауынгер. Олардың бар­лығы негізінен соғыстың соңғы жыл­да­ры ұрыс даласында немесе жара­қаттан госпи­­тальдарда көз жұм­ғандар. Бұған дейін Норвегия, Нидерланд, Венгрия және басқа да елдердің топырағы бұ­йырған қазақ­­­­­­стандықтардың аты-жөн­дерін анық­таған едік. Олар бізге тізімін жібереді. Пәлен деген адам осындай жерде жерленген деген сықылды. Біз ол тізімдерді облыс-облыстарға бөліп, іздеу саламыз. Аймақтық БАҚ құралдарына, аймақтық әскери комиисариатқа хабарлаймыз. Содан марқұмның туыстары бізге хабарласады. Біз туыстарына «бір уыс топырақ салып, құран бағыштаймын десеңіздер» деп марқұмның мекенжайын айтып, байланыстырамыз.  Осылайша тек қана Ресей аумағынан ғана емес, зерттеуіміздің ауқымын кеңейтіп келеміз.

«Ұлы қолбасшы Суворовтың «Ең соңғы солдат жер қойынына тапсырылмайынша соғыс аяқталды деп есептелмейді» деген сөзі бар»

- Жұмыс барысында қызықты ақпаратқа, қызықты оқиғаларға тап болған кездеріңіз болды ма?

- Иә, кейде жұмысымызда таңғажайып тылсым оқиғаларды да кездестіріп жатамыз. Бір ғана мысал. Қызылорда облысының тұрғыны Жантас Батырханұлы деген азамат атасын (әкесінің інісі) көптеген жыл бойы іздеп таба алмай, сұрау салмаған жері, өтініш жазбаған мекемесі болмайды. Әскери комиссариаттар мен мұрағаттарға түскен өтініштер де нәтиже бермейді. Ақыры іздеуден үмітін үзбек болғанда түсінде атасы аян беріп, іздеуді жалғастыра беруін айтады. Ол түсінде орманды аралап жүріп, қалың шөптің арасынан тас көреді. Бұл қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш екенін онда жазылған оншақты жауынгердің тектерінен біледі. Оның ішінде өзінің атасы Айтуған Меделхановтың да тегі бар екенін көреді. Бір кезде ойламаған жерден атасының өзі пайда болып: «Мені іздеуді жалғастыр. Зубов деген тегі бар адамды тапсаң мені де табасың», – деп аян береді. Мұндай аяни, ғажайып түсті ұмыту мүмкін емес еді. Осыдан кейін Жантас Батырханұлы тағы бір әрекет жасауға бекінеді. Осылайша біздің қоғамдық бірлестікке келіп, көмек сұрайды. Қандай да бір көмегі тиер деген үмітпен түсінде көрген ақпаратымен бөліседі. Қолымыздағы жалғыз дерек атасы Айтуған Меделхановтың 1941 жылы қарашада Ленинград түбінде қайтыс болғаны ғана. Бұл жұмыспен біздің бірлестіктің еріктісі – Айгүл Айтова айналысты. Ол Ленинград маңында қаза тапқандардың тізімін табады. Індетіп іздестіре келе олардың арасынан Ленинград маңындағы Колпино атты шағын қаласында қаза тапқандардың тізімі шығады. Бір ғажабы, сол Зубов сонда қаза тапқан жауынгерлердің арасынан табылады. Зубов жерленген бауырластар зиратының тізімін ақтарғанда кейіпкеріміздің атасы, қызылордалық Айтуған Меделханов та табылды. Көктен сұрағаны жерден табылып, көптен күткен сүйінші хабарды ести сала Жантас дереу Ленинград облысына баба рухына тағзым етуге аттанып, туған жерінен бір уыс топырақ алып, атасының  бейітіне апарып сеуіп, жаны байыз табады. Міне, бұл да бір ғажайып.

Бұдан бөлек ұйымның көмегімен қаншама ұрпақ әке-атасының басына барып, топырақ салып, кейбірі сүйегін туған жерге жеткізді. Тағы бір мысал, өткен жылы Қорғалжын ауданының тұрғыны сексеннен асқан Мәдениет әжеміз де ғұмырбойы әкесін іздеген. Ол әкесі Хамен майданға аттанғанда небәрі 3 жаста бо­­лыпты. Бейнесі есінде жоқ, қолында тек суреті қалған әкесінен жылдар бойы үмітін үзбеген кейуана «ең болмаса жерленген жері табылса басына барып, қабіріне бір уыс топырақ салсам ғой» деген арманның жетегінде жүреді. Ақыры ол арманына «Атам­­­ның аманаты» еріктілерінің арқа­­­­сында жетеді. Іздестіру жұмыс­­­тарының нәти­­­жесінде белгілі болғандай Хамен Жұманұлы Ржев түбіндегі шайқаста қаза тауыпты. «Пионер» іздестіру тобы қазақ жауынгерінің сүйегін медалоны арқылы анықтайды. Майданда қаза болған үш сарбазды бір шұңқырға жерлепті. Бір жерден табылған үш сарбаздың екеуінің аты-жөні белгілі болған. Бірі – әжеміздің әкесі Хамен Жұманұлы болса, екіншісі – Төлеубай Жұмабекұлы, өкінішке қарай үшінші жауынгердің есімі жұмбақ күйде қалған. Зерттеу жұмыстарының, сараптама   нәтижесінде ол белгісіз жауынгердің де тегі азиат екені анықталады. Бұл жағдайды әжемізге жеткізген кезде «Олар қаншама жылдар бойы бірге жатты. Енді ол үшеуін бөлек жерлегеніміз жарамас, барлығын бірге әкеліңдер» деп өтініш етеді. Олардың сүйегін елге әкелген соң Мәдениет ата-баба салтымен әкесін үйіне бір күн түнетіп, үшеуін бөле-жармай қатар жерлейді. Есімдерін ескерткіш тасқа қашап жазып, басына белгі қойып, жаны жай тапты.    

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

  

- Қаза тапқан адамның қазақстандық екені анықталған жағдайда елге сүйегін әкелу қалай жүзеге асады?

- Көп адамдар Бауырластар зиратындағы аталарының сүйегін әкелуге бола ма деп сұрап жатады. Бірақ ол мүмкін емес. Себебі, онда мыңдаған адамның зираты жатыр. Басында ескерткіш тұр. Аттары алтын әріппен жазылған. Біз елге әкелген 19 адам майдан даласында қаза тапқан қазба жұмыстарының барысында табылған мүрделер. Каллуга облысы Улянск ауданында еріктілер жыл сайын қазба жұмыстарына қатысады. 387-ші атқыштар дивизиясы сол жерде соғысқан екен. Сол жердің губернаторының  айтуынша, бұл жерде бір емес Қазақстаннан бес дивизия соғысқан екен. Бір ғана мысал, Ақтөбе дивизиясында 12 мың адам соғысқа кірген де 800-і ғана тірі қалған екен. Ұлы қолбасшы Суворовтың «Ең соңғы солдат жер қойынына тапсырылмайынша соғыс аяқталды деп есептелмейді» деген сөзі бар. Біз барлығының сүйектерін әкеле алмайтын шығармыз, дегенмен де олардың жеке бас ақпараттарын анықтап, белгі қоюға атсалысатын боламыз. Кез келген ел азаматын соғысқа аттандырғаннан кейін оның сүйегін елге әкелуге, өзге де бүкіл шығындарын мемлекет көтереді. Біз боздақтар сүйегін Қорғаныс министрлігінің әскери транспортымен әкелеміз. Біз секілді қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар елшілікке мүрдесін табыс еткесін, біздегі әскери атташе қабылдап алады. Елге келгеннен кейін біз алдын ала облыстарға хабарлаймыз. Облыстық әкімшілік алдын ала жер бөліп, сонда әскери құрметпен жерлейміз.

 

«Соғыс  Қазақстан аумағында да болған»

- Еріктілердің шет аймақта атқарып отырған жұмысына тоқталдыңыз. Ел аумағында қандай жұмыстар атқарып жатыр?

- Бүгінгі жас ұрпақ соғысты сонау өткен ғасырда елімізден тыс жерде Ресей және Еуропа елдерінде болған деп ойлайды. Еліміз оған тек адам күшін берген, азық-түлігі мен қару-жарақпен ғана қамтамасыз еткен деп ойлайды. Әрбір тоғызыншы оқ елімізде жасалған деген сөзіміз тағы бар.  Қазақстанды соғыс өрті шарпыды деп айтуға толық негіз бар.  Себебі, Сайқын, Жәнібек, Шоңай деген станцияларда стратегиялық темір жол бар. Сталинград үшін шайқаста қару-жарақтар сол арқылы өтсе, кері қарай жараланғандар яғни санитарлық эшалондар өтіп отырды. Сол стратегиялық нысанды жою үшін немістер барын салды. Диверсиялық, десанттық топтар ұрыс-қимылдар жүргізді. Ол да толық зерттелмеген дүние. Біздің қолымыздағы дерек бойынша сол маңда бомбалау кезінде 500 адам қаза тапқан деседі. Оның ішінде бейбіт тұрғындар бар, жауынгерлер бар. Осыдан екі жыл бұрын біздің еріктілер сонда қазба жұмыстарын жүргізді. Сайқын, Жәнібек станциясы маңында отыздан астам төмпешік бар екен. Бомбалауға ұшыраған эшалондар мен темір жол қозғалысын ретке келтіруді басты мақсатқа қойып, қаза болғандарға аса назар аудармай, снаряд түскен шұңқырларға мәйіттерді көме берген екен. Қазба жұмыстары кезінде бір шұңқырға 17 адам жерленгені белгілі болды. Ол жердегі мәйіттер Ресей азаматтары екен. Теңізшілер болса керек шамасы. Жеңістің 80 жылдығына орай осы мәселені де көтергіміз келіп отыр. Бұл да тарихи ақтаңдақтың бірі. Осы ретте аталған аймаққа экспедиция ұйымдастырмақпыз. Еріктілерден құралған топ сол төмпешіктерді қазып, идентификация жасап, тектерін анықтап, басына белгі қойса деп отырмыз. Бірақ мұның барлығы қаржыға келіп тіреледі. Осындай жұмыстарға қолдау көрсетуге депутаттарға, Самрұқ-Қазына әл-аухат қорына хат жаздық. Себебі, қазба жұмыстарын өткізетін жер айдалада орналасқан, жылу, жарық жоқ. Қаншама еріктілер барса оларға ауыз суын, тамағын, жылуын, жарығын қамтамасыз етуіміз қажет. Әзірге көмек қолын созатын ешкім кездеспеді. Оның үстіне биыл Батыста су тасқыны болып, халық әбігерге түсіп жатыр. Осыған байланысты біздің экспедициямыз келесі жылға қалатын шығар. 

Әбубәкір Смайылов: Біздің мақсатымыз – аталар аманатына адал болу!

- Өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. Осы тұжырымдама негізінде қандай  жұмыстарды атқарып жатырсыздар?

- «Атамның аманатының» тағы бір миссиясы – жастарды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиелеу арқылы ұрпақтар сабақтастығы арқылы тарихи жадыны сақтауға, стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін ортақ күш-жігерді біріктіруге ықпал ету. Мәселен жұмысымыздың бір бағыты – әскери-патриоттық жұмыстар. Елімізде мектептер мен Жоғарғы оқу орындарында бұл жұмыстар белгілі бір дәрежеде жолға, жүйеге қойылған ғой. Ал орта оқу орындарында, колледждерде өкінішке қарай, бұл жағы аса қамтылмаған. Ертеңгі күні әскерге шақырылатын азаматтар сонда оқиды. «Жастарды рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында Астана қаласындағы колледждердің көп­­шілігімен (барлығы 33) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Біздің «Аталар аманатына адалмыз» ак­циясы аясында әр колледж Қазақстан­­­­дағы қалыптасқан құрамдар мен бөлім­­шелердің тарихын зерттеу мақса­­­тында өзін­дік ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Со­ны­мен қатар бірлестік жұмы­сына Қор­ғаныс министрлігі Жоғары техникалық мектебінің курсанттарын тартуда. Бір­лескен іс-шаралар жоспарына сәйкес ЖОО курсанттары мен оқытушы­лары жыл сайын әскери шайқастар болған жерлерде қазба жұмыстарына қатысады. Апта сайын ерлік сабағын өткіземіз. Ауған соғысының ардагерлерін, десанттық шабуылдау бригадасының жігіттерін, Ұлттық ұланның жігіттерін  апарып дәрістер өткіземіз. Олар әскери қызметтің не екенін түсіндіріп, өздерінің тәжирбелерімен бөліседі. Жастар өздерін мазалаған түрлі сұрақтарына жауабын алады. Әскери киімдерін киіп, қаруларын ұстап көреді. Бұл да бір жақсы үлгі. Қазақта «Мың рет естігенше, бір рет көрген жақсы» демей ме? Осы ретте жыл сайын біз жастарды әскери бөлімдетрге алып барамыз. Автобуспен барып, бір күн бойы сарбаз болып көреді. Сарбаз ботқасын жеп, казармада жатып, қару түрлерін пайдаланып, кәдімгі сарбаз не істесеп, студенттер соның барлығын басынан өткереді. Мен жүрген жерімде айтып жүремін: «Бізге легионерлер келіп, спортымызға үлес қосып, салатын голдарын салып беруі мүмкін, жүлделерді алып беруі мүмкін. Бірақ, ешкім біздің Отанымызды қорғап бермейді. Біздің Отанымызды қорғайтын өзіміздің ұландарымыз» деп. Оған жан-жақтағы оқиғалар дәлел. Ел болып, етек-жеңімізді жинап, осы бастан ұлттық патриоттық мәселеге басты назар аударып, отаншыл ұрпақтарды тәрбиелеуге атсалысуымыз қажет. 

Мәселен Астанадағы колледждер арасында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы волейболдан жарыс өткіздік. Онда генерал-лейтенант Абай Тасболатов бастаған алпыстан, жетпістен асқан ардагерлеріміз студенттермен бірге воллейбол ойнады. Былтыр 19 тамызда астаналық Триатлон саябағында шабуылшы ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бегелдиновтың туғанына 101 жыл толуына орай жарыс өтті. Оған 1 000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі Ақмола гарнизонының, Шекара қызме­тінің, Ұлттық ұланның әскери қызмет­шілері, Қарулы Күштердің ардагерлері, кәсіби спортшылар мен спорт сүйер қауым бар. Биыл бірлестігіміздің құрылғанына 5 жыл толуына орай осындай игі іс-шараларды әлі де жалғастыратын боламыз. Алға қой­ған жоспарымыз өте көп.

Қазір біз болашаққа бағытталған жоспарлар мен жобалар жасап жатырмыз. Биыл республикада аты аңызға айналған Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы аталып өтілмек. Екі батырдың құрметіне 26 мамыр күні Триатлон паркте үлкен марафон болады. Оны Қорғаныс министрлігі және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылғалы отырмыз. Бір жағынан спорттық шара, екінші жағынан партиоттық рухты оятатын шара. Әрі десе ел үшін жанын бәйгегег тіккен тұлғаларды насихаттау.

271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткенін айттық қой?! Олардың көпшілігінің артында ұрпағы қалмаған екен. Себебі, қылшыдап тұрған жас кезінде соғысқа аттанып, қыршын кеткендер.  Өткен жылы біз бір бастама көтердік. 22 маусым соғыстың басталған күні Қазақстан діни басқармасына және проваслов, католик шіркеулерінің басшылығына Қазақстан бойынша бір мезгілде, бір уақытта қаза тапқандар рухына дұға бағыштайық деп  хат жолдадық. Бұл ұсынымысызды барлығы қоштады. Өткен жылы өте жақсы деңгейде өтті. Осы бір игі бастаманы дәстүрге айналдырмақпыз. Жыл сайын осы күні барлық діни мекемелер бір мезгілде қыршын кеткен боздақтар рухына дұға бағыштап отырса бұл да бір жақсы үрдіс болар еді.

- Жеңістің 80 жылдығы жақындап қалды. Сонымен қатар кешегі Атырауда өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жеңістің 80 жылдығына осы бастан дайындалу қажеттігімізді еске салды. Дайындық қалай болып жатыр?

- Бірлестік Алматыда былтырғы жылдың 22-23 қыр­­­күйегінде Қорғаныс министрлігімен бірге «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конферен­цияны үшінші рет өткізді. Форум жұмы­сына Беларусь, Қазақстан, Қырғыз­стан, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінің мемле­­кеттік органдары мен іздестіру топта­рының өкілдері, сон­дай-ақ ғалымдар, та­рихшылар, мұрағат­­­шылар, мұражай қыз­­мет­­­керлері, Қарулы Күштер­­дің арда­гер­лері қатысты. Конфе­­рен­­­цияның мақса­­­­­ты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер­дің аумақтарында мұрағат­­­тық және далалық іздестіру жұмыс­тарын ұйымдас­­­тырудың ерекшелік­терін талқы­лау, табыл­ған жауынгерлердің сүйегін Ота­нына беру кезінде іздестіру топтарының өзара іс-қимы­­лы бойынша ұсыныстарды тұжы­­рым­­дау және батырлардың есімдерін мәңгі есте қалдыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу екен. Неліктен «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» деп аталды? Себебі, кейбіреулер жеңісті жекешелендіріп алғысы келгендігін байқаймыз. Соғыста «менің еңбегім зор, менің ерлігім көп» деген әңгіме жүрмейді. Соғысқа қанша мемлекет қатысса сонша мемлекеттің жеңісі. Яғни, мұндай тарихи оқиғаларға ортақ көзғарас керек. Биыл тағы да сол қыркүйек айында Бурабайда сол дәстүрді жалғастырмақ ниеттеміз. Одан бөлек өзге елдердің біз секілді осындай зерттеу, қазба жұмыстарымен айналысатын бірлестіктер мен ұйымдармен бірге қауымдастық құрсақ деген жоспарымыз бар. Егер бір тоқтамға келіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алсақ көптеген істерімізде ілгерілеу болар еді. Мәселен Голландияда табылған 101 қаза тапқан адамдар ішінде тек қазақтар ғана емес өзбектер де өзге де бауырлас елдердің азаматтары бар. Концлагерлерде де көптеген елдердің азаматтары болды. Осы ретте бірлесіп жұмыс істеген тиімді болады.

Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға