Жаңалықтар

ABS, ESP, EBD: көлігіңіздегі бұл әріптер қандай мағына береді?

. Адам өмірін жеңілдету, оны барынша қауіпсіз ету үшін мыңдаған инженерлер тынымсыз еңбек етуде. Көлігіңізде жиі көретін ABS, ESP, EBD секілді жүйелер осы мамандардың ойлап тапқан дүниелері.
16.02.2016 06:20 9353

Бүгінгі таңда алпауыт автокөлік компанияларының арасындағы үлкен бәсекелестік — бұл саланың қарқынды дамуына септігін тигізді. Адам өмірін жеңілдету, оны барынша қауіпсіз ету үшін мыңдаған инженерлер тынымсыз еңбек етуде. Көлігіңізде жиі көретін ABS, ESP, EBD секілді жүйелер осы мамандардың ойлап тапқан дүниелері. Ал олардың қандай қызмет  атқаратынын төмендегі мақаладан біле аласыз.

ABS, ESP, EBD: көлігіңіздегі бұл әріптер қандай мағына береді?

ABS:  Толығырақ: Antilock Braking System.  Қауіпсіздік жүйесінде өте маңызды орынға ие. Қазақшаға аударғанда — бұғаттауға қарсы жүйе деген мағына білдіреді. Бұл құрылғының басты мақсаты — төрт дөңгелектің айналымын бақылау. Тежеуішті басқан сәтте бір дөңгелек басқалардан баяу айналып жатқанын байқаса, сол дөңгелекке түскен күшті азайтады. Дөңгелектің аяналымы теңесе салысымен, бұрынғы қалпына қайта әкеледі. Осылай сіз тежеуішті жібермейінше немесе көлігіңіз тоқтамайынша дамылсыз қызмет атқарады. Бұл жүйенің басты артықшылығы — тежеуішті басқанның өзінде көлікті басқара алуыңызда.  Күтпеген жерден алдыңыздан шыға келген бөгетке соғылмай өтіп кеткен оқиғалар болса, ABS жүйесінің арқасы болуы әбден мүмкін. 

EBD: Толығырақ: Electronic Brakeforce Distribution. Бұл жоғарыда түсіндірген ABS жүйесінің жалғасы. Қазақшаға аударғаyда — дөңгелектерге түскен күшті электронды түрде бөлу деген мағына береді. Мысалы: көлігіңіздің бір бөлігі мұзда, екінші бөлігі құрғақ жерде келе жатып көлікті тоқтатқыңыз келсе, құрғақ жерде келе жатқан дөңгелектерге көбірек күш түсіріп, қауіпсіз әрі тез  тоқтауыңызға көмектеседі.  Күнделікті өмірде EBD жүйесінің пайдасы орасан зор. 

ABS, ESP, EBD: көлігіңіздегі бұл әріптер қандай мағына береді?

ASR: Толығырақ: Automatic Slip Regulation. Қазақшаға аударғанда —дөңгелектердің бір орында айналып қалмауын бақылайтын құрылғы.     Бұл жүйенің жоғарыда айтылған құрылғылардан ерекшелігі машинаны тоқтатар сәтте емес, орнынан қозғалатын кезде жұмысқа кіріседі. Көліктің тезірек айналып жатқан дөңгелектеріндегі күшті баяу айналып жатқан дөңгелектерге теңдей бөліп береді. Осының арқасында машина орнынан тезірек қозғалады. Бұл әсіресе қысқы мезгілде көп көмегін тигізетін құрылғы.

ESP: Толығырақ: Electronic Stability Program. Қазақшаға аударғанда — электронды тұрақтандыру жүйесі. Бұл жүйенің көлігіңізде болғаны өте жақсы. Себебі, ESP жүйесінің ішіне жоғарыда айтылған құрылғылардың барлығы кіреді. Онымен қоса, ESP көлігіңіздің шетке сырғанап кетпеуін қадағалап отырады. Егер құрылғы автокөліктің жүргізуші бұрған жаққа емес, кері бағытқа кетіп бара жатқанын байқаса, белгі беріп, машинаны түзеуге күш салады. Бұл жүйе автокөлік қауіпсіздігі тарихындағы ең үлкен жетістіктердің бірі болып саналады.   


Рүстем ӘЛПИ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға