Абдулқайым Кесижи: «Қазақстан – жырақта жүрген әрбір қазақтың өмірлік кепілдігі»
18.05.2015 10:02
4429
Абдулқайым Кесижи, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы:
– Еуропаның 10 шақты елінде қазақ диаспорасының өкілдері тұрады. Сол қазақтарымыз тілін, мәдениетін ұмытып қалмау үшін қазақ қоғамдары жұмыс істейді. Міне, осы Еуропаның әр түкпірінде жүрген қандастар бірігіп, 2009 жылы Еуропа қазақ қоғамдары федерациясын құрды. Сол федерация құрылғаннан бастап мен төрағалық етіп келемін. Шүкір дейік, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың барлығы сақталған. Құда түсу, баланы сүндетке отырғызу, келін түсіріп, құда-жегжат күту, қайтыс болған адамды қазақы салтпен жер қойнына тапсыру, асын беру, жетісін, қырқын, жүзін беру барлығы дерлік сақталған. Қазақ қоғамдарының да негізгі мақсаты сол. Ертеден келе жатқан салт-дәстүрімізді кейінгіге үлгі етіп, мейлінше сақтау. Жұмыс жасалынып жатыр. Жастар бірін-бірі біліп жүрсін, кездескенде қандас екенін ұғып, дәстүрге берік, тілін ұмытпас үшін жыл сайын Еуропаның бір қаласында арнайы құрылтай өткізіп тұрамыз. Мәдениет пен тарихты қайта жаңғырту үшін, тарихымыздағы қиыншылықтарды естеріне сап отыру үшін Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының мұрындық болуымен жастар конференциясы өтіп тұрады. 2009 жылы Швецияда, 2012 жылы Германияның Кельн қаласында өткіздік. Ондай басқосулар Парижде де өтті. Енді Лондон қаласында өткізсек деген бір жобамыз бар. Өйткені, Англияда тұрып жатқан, білім алып жатқан қаншама қандастарымыз бар. Бұл кездесулерде қазақ мәдениеті, тіл төңірегінде кездесетін қиыншылықтар туралы мәселелерге арналып отыр. «Қазақ деген қандай ұлт?», «Еуропада қайдан жүр?», «Түбіміз қайда?» деген сияқты сұрақтардың жауабын беріп, саналарына құюға тырысамыз. Еуропа қазақтарының басты мәселесі неде дегенге келсек, әрине ол тіл мәселесі. Мұнда көпшілігі ана тілін білмейді. Себебі, орта жоқ. Еуропада қазақ тілін оқытатын мектептер де жоқ. Сондықтан, мейлінше қазақ тілін оқытатын курстар ашып, интернеттен үйренуге шақырып келеміз. Бұл турасында бізге елшіліктер мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан оқулықтар мен электронды кітаптар келіп тұрады. Бірақ, сонда да ол жеткіліксіз. Біз бұл мәселені мемлекеттік деңгейде де көтерген едік. Алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз. Әртүрлі ұсыныстарымыз бар. Әсіресе, Еуропаның қазақтар көп шоғырланған жерлерінде қазақ тарихын, мәдениетін оқытатын Қазақ мәдениеті орталықтары ашылса дейміз. Бұл тек қазақтар үшін ғана емес, осындағы басқа ұлт өкілдерінің де қазақ мәдениетімен сусындауына үлкен себебін тигізер ме еді?! Биыл Германия астанасы Берлинде Қазақ экономикалық және мәдениет орталығы ашылды. Бұл үлкен жұмыс. Енді осындай орталықтардың қазақ көп шоғырланған Еуропаның басқа қалаларында да ашылғанын қалаймыз. – Қазақстанмен біз әрқашан байланыстамыз. Тілдік, мәдени, әлеуметтік тұрғыда да үнемі жай сұрасып отырамыз. Атамекеніміз – әлем қазақтарының құбыласы болып қала береді.Өткен жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мұрындық болуымен қазақ тілінен олимпиада өтті. Осы олимпиадаға біз 12 оқушыны қатыстырдық. 2011 жылы Астанада Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтті. Оған да кіл жастарымызды алып келдік. Биыл қазан айында тағы да Астанада халықаралық шара өтіп, жастарымыз қатысып қайтты. Мұндай шаралар шетелде жүрген қазақ жастарының атажұртқа, атамекеніне қайта оралуына, жиі ат басын бұрып тұруына себеп болады. Қазірдің өзінде жастардың атажұртына деген ерекше ықыласы барын байқаймыз.Мен өзім 1990 жылдардан бері Қазақстанға жиі барып тұрамын. Әр барған сайын Қазақстан мемлекетінің экономикалық тұрғыда қуатты, мәдени жағынан біраз ілгерілегенін байқаймын. Тіпті, Орта Азия елдерінің ішінен Қазақстанның даму жағынан бір саты алға шыққанын да көріп жүрміз. Одан бөлек мәдениетіміз бен тарихымыз қайта жаңғырып, қазақ тілін қолданушылардың қатары орасан басымдыққа ие болып отыр. Бұл біз секілді сырт көзбен қараған адамға тайға таңба басқандай анық көрінеді. Осыны көріп, мерейіміз артып, қуанып қаламыз. Қазақстанмен Еуропада отырып мақтанамыз. – Патриоттық сезім дегенді еліңнің болашағы үшін, тыныштығы үшін аянбай, талмай еңбек ету деп білемін. Өткен жылы Елбасымыз Жолдауында Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруі тиіс деп айтқан болатын. Менің ойымша, Елбасы айтқан межеге бәріміздің атсалысып, елдің дамуы мен өркендеуі үшін тер төгуіміз нағыз патриоттық деп санар едім. – Қазақстанда аса маңызды екі ұйым бар. Соның бірі – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. Бұл ұйым 1992 жылы құрылды, төрағасы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев есімді азамат. Мен сол қауымдастықтың белді мүшесімін. Бұл ұйым әлемнің әр түкпіріндегі қазақтармен жұмыс істеп, олардың мәселесі бойынша еңбек етіп, әртүрлі қиындықтардан жол тауып шығуына көмектесіп, жырақта жүрсе де жат санамай, бауырына басып отырған қауымдастық.Ал екінші аса мыңызды ұйым – Қазақстан халқы ассамблеясы. Бұл – Қазақстанның өз ішіндегі халықтарға арналған ұйым. Қазақстан жерінде әртүрлі ұлт, түрлі этнос өкілдері бар. Ел ішінде ынтымақ, бірлік болуы үшін әр ұлттың мәдениетінің дамуына үлкен септігін тигізіп отыр. «Бірлік болмай тірлік болмайды» деген сөз бар. Осы турасында Қазақстан халқы ассамблеясы қыруар жұмыс атқарып жатыр. Біз де сырттай әртүрлі ұлт өкілдерінің бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, ел болашағы үшін барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жымдасып өмір сүріп жатқанына қызыға қараймыз. – Бейбітшілік және келісім ұғымдары нені білдіреді? Бұл ең алдымен халықтың тату-тәтті тұруы. Тағы да айтып өтйін, елде тыныштық болмаса даму да болмайды. Аққу көкке, шаян кейін тартса, мемлекеттің дамуы, экономикалық әлеуеті тоқырап қалады. Әзірге Қазақстанда бұл мәселе оң шешімін тапқан. Оған менің жоғарыда айтып өткен әртүрлі факторлардың әсері зор.Бір айта кетерім, шетелде жүрген қазақ диаспорасы әрдайым «Қазақстан деген елім, бар, Қазақстан деген атажұртым бар!» деген нық сеніммен жүреміз. Қазақстан мемлекеті – жырақта жүрген әрбір қазақтың өмірлік кепілдігі! Елбасы әрдайым шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау білдіріп отырады. Оның қолдауын, назарын біз әрқашан сезініп келеміз. Қазақстан сияқты жырақта жүрген қандастарын бауырына тартып, жиі көңіл бөлетін ешқандай мемлекет жоқ. Сол үшін біз шаттанамыз, мақтанамыз. 2011 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында да Елбасы тиісті орындарға арнайы тапсырма беріп, шетелдегі қазақтарды әрдайым қолдап жүруді міндеттеді. Бұл исі қазақ барлық қазақтар үшін ортақ қуаныш, ортақ бақыт деп білеміз. Осындай келелі, ауқымды жұмыстар атқарып отырған Елбасымызға ұзақ ғұмыр тілейміз.– Қазір көптеген елдердің тыныштығы бұзылды. Тартыс, соғыс, жанжал жүріп жатыр. Ал, Құдайға шүкір, Қазақстанда барлығы тыныш. Бұл ең алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс саяси жүйе орнатуымен байланысты. Ешкімді бөліп жарған жоқ. Бәріне бірдей мүмкіндік берді. Барлығын бір тудың астына біріктіріп, Қазақстанды құрайтын барлық ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырды. Бұған Елбасының өзі бастап құрған Қазақстан халқы ассамблеясы да үлкен үлес қосып отыр.
Жазып алған – Жандос Смайлов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстанда ғылымды дамыту қаншалықты өзекті?