Жаңалықтар

Абайтану ғылымының ғұламасы

Абайтану ғылымының ғұламасы
25.11.2021 12:50 3679

Драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл толуына орай«Қайым туралы сөз» атты кітапқа енген жазушы Ырысхан Мұсаұлының Қайым Мұхамедханов туралы жазған естелігін ұсынып отырмыз.

Абай мұрасын ардақтап өтті

Біз бала күнімізден еліміздің әнұранын шырқап өскен ұрпақпыз ғой. Оның сөзін жазған Қайым Мұхамедхановтың есімі сол кезден-ақ баршаға мәлім болатын. Мектеп оқушыларының да білмейтіні кемде-кем еді.

Кей-кейде бала көңіл шарқ ұрып:

– Қандай адам екен?

– Өзі Семейде тұрады, біздің жаққа келіп-кетіп

жүреді дейді.

– Сонда мектепке бір соқса нетті, - десіп қоюшы едік.

“Жақсыны көрмекке” деген емес пе!

Енді қалай, Советтер Одағының гимнін жазған С.Михалковты мұқым орыс елі тегіс қастер тұтады. Қанша көсем патша ауыссада, авторының алдында басимейтіні жоқ. Біздің әнұранымыздың онан несі кем? Айта берсең, кей тұсы артық секілді:

Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан, - деп басталады емес пе? 

Осынау сөздерде терең мағына дв, тасқынды қуат та бар! Ой көзімен қараған. қазақтың намысын тұтатып, атой беріп тұрған жоқ па?! О заманда мұндай жалынатқан сөз жазу екінің бірінің қолынан келмейтін.

Абайтану ғылымының ғұламасы

Келер еді-ау, батылы бармайтын. Сөйтіп, әнұранның авторын бір көрсек десіп жүргенімізде оның сәті ойда жоқта түсті. Бұл елуінші жылдардың бас кезі болатын. Қарауылда, Абай орта мектебінде оқып жүрген шағым. Немере ағайым, белгілі жазушы Кәмен Оразалин сол мектепте істейтін, қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Интернаттың даң-дамасы мезі етіп жалықтырған күндері сол кісінің үйіне соғып қайтатыным бар-ды. Бір күні сабақтан кейін сол үйге соқсам, ойда жоқта қонақ кеп, қарбаласып жатыр екен. Анау-мынау емес, аты жұртқа мәшһүр яқын-жазушылар кілең, үй-іші қалай құрақ ұшпасын.

Ағайым ауыз бөлмеге бір шыққанында басқасынан үш қонағын бөліп атады;

– Алматыдан келген Қайнікей Жармағанбетов пен Қасым Аманжолов бар. Бұларды Семейден Қайым Мұхамедханов біздің жаққа әдейі ертіп әкеліпті, - деді.

“Бала болсам да естуім бар, аттарына сырттарынан қанықпын. Шығармаларын дя оқып жүретінмін. Ондай кісілерге қызмет етудің өзі бір ғанибет емес пе? Жең түре кірісіп, қонағын күтуге көмектестім. Аса қадірлі меймандардың әңгімелерін тыңдап, құлақ құрышымыз қанып, бір үлкен мұратымызға жеткендей болдық. Сөз кезегі өзіне келген Қайым аға әуелі шығыстың ұлы шайырларын еске алды. Солардың қай-қайсысы да айтайын дегенін жай айтпайды, ой айтады екен. Дәйекті мысалдар келтіріп, осы пікірін діттей түсті.

Енді бір сәт Қайым аға батыстың Гетесі мен Байронына, орыстың Пушкині мен Лермонтовына ойысты. Олар да да жалаң сөз жоқ екен. Жалынды шабыт пен нұрлы ой астасып, жай отындай жарқ етіп, жаныңды шарпып өтеді екен. Көркем шығарма сонысымен ғажайып, сонысымен құдіретті екен. Батыстың да, шығыстың да үздік поэзия үлгісін мұнша жетік біліп, мұнша жүйелеп талдаған кісіні бұрын ешқашан көрген емеспіз. Таң-тамаша қалып, таңдай қағып тыңдадық.

Абайтану ғылымының ғұламасы

Бүкіл ғаламның көркем ойын бір уысқа сыйғызғандай болып тұрып Қайым аға:

– Абайдың өнеге мектебі, міне, осындай, - деді. Шығыстың ұлы шайырларын Абай бала күнінен оқып білсе, батыстың әлгі данышпандарына ер-жетіп, ақыл тоқтата келеден қойғанын айтты. Сол себепті Абай шығармалары да «жалын мен оттан жаралып», «қуаты күшті нұрлы» ой боп құйылады, өлендерінде көркемдік кесте мен ой шұрайы сайма-сай шарпысып жатады деген оқшау тұжырым түйді.

Басқаларға қалай әсер еткенін кім білсін, мен үшін бұл өмір-бақи есімнен кетпес ерекше күн болды. Әңгімелерін тағы да тыңдай түссем деп, сенбі күні сабақтан шыға сала Кәмен ағамның үйіне тарттым.

Ол кеште әдебиет пен өнердің қазіргі жеткен өресі қандай, ертеңгі шығар өрісі қайсы деген төңіректе сөз болып жатты. Қайым аға онша құлық қоймады ма, оған бәлен-батыр араласқан жоқ. Аптыға сөйлеп, асыра сілтеп жіберген жастарға ара-кідік түзету айтқаны болмаса, таза тыңдап отырды.

Бұрын естімеген-білмеген әңгіменің өсері ме, түнімен кірпігім айқаспады. Тек, таңға жақын мызғып кеткен екем, Оразалы атамның:

– Балам, тұра қойшы, - дегенінен ояндым.

Ол кезде Қарауыл іші отар-отар мал шығарып кезекпен өздері бағатын. Қой кезегі сол күні, қас қылғандай бізге келген екен. Қолдарында тұратын, мұндайда кісі іздетпейтін жау тымақ болушы еді. Қонақтардан қашқалақтап, о шіркін әлдеқайда кете қалса керек.

Оразалы атам мені сол үшін оятыпты:

– Азынаулақ аша тұяқты қайырмалап, мені тау етегіне жеткізіп салшы, - деді.

Қарауыл төбеге жеткен соң, атамды жалғыз тастап “тәйт” деп тайып тұра алмадым. О кісі әңгіме бастардай көрініп, соған да қарайлап отырғам. Кенет бізге қарай бет алып келе жатқан жаяу шоғыр көрінді. Көз ұшына іліккенде өзіміздің үйге келіп жатқан қонақтар екенін таныдым.

Шарай тобы шұбырып, тау етегін айналды да, ішінен екі кісі бөлініп төбенің басына өрледі. Қасым және Қайым ағайлар екен. Атамды танып, сәлем беруге бұрылыпты. Ол кісіні сөзге тартып, әңгіме-сұхбат құрып, едауір кешендеп қайтты.

Олар кеткен соң, Оразалы атам ойға қамала қалғандай боп:

– Әлгі екі жігіттің талайын таныдың ба? - деп қойды. - Басқан ізі сара жолдай сайрап жатар-ау. Өзі өлсе де сөзі өлмесін ойлап, жатпай-тұрмай соның қамын жейді-ау, қайран азаматтар.

«Мұны қалай айтты?» деп қайранмын. Арнайы кеп сәлем бергеніне сүйініш пе? Жоқ, атамды білемін ғой, ол үшін бүйтіп ықыласы құлай салмасы мәлім. Біздің ауыл бұл кісіні уәлі ауыз санайтын, айтқаны айдай келеді деуші еді. Солай сөйлеген іспетті.

Арада бір жыл өткенде мектеп бітіріп, Алматыға бардым. Университеттің журналистика факультетіне түскем. «Көрсем, танысам, білсем» деп құлағым түрік жүретін кезім. Семейден Қайым аға келгенін, Абай тақырыбында диссертация қорғайтынын естіп, соған бардым.

Ол кезде Мұхтар аға бізге қазақтың ауыз әдебиеті мен СССР халықтары әдебиетінен дәріс оқитын. Әр елдегі әдеби ағымдарды саралап тұрып, сөз арасында «Абайдың ақындық мектебі» дегенді жиі айтатын. Қайым аға ғұлама ұстазының пікірін тұмар тұтып, міне, осы тақырыпты зерделей зерттеген екен.

Диссертацияға жиналған жүрт «Е, жарар» дей салған жоқ, қызу айтыс-тартыспен өтті. Ол кезде бірінің ауызын бірі бағып, әлдеқалай іс болар екен деп бұқпантайлап жүретіндер жиі кезігетін еді ғой. Қалқиған құлағынан да шошитын мүскіндер көп-ті, солар, бірі атып, бірі қуып: «Пушкин мектебі» деген жоқ, «Толстой мектебі» деген жоқ, “Абай мектебі” дегенді қайдан шығарып жүрсіңдер?”, - дегенді бастады. Тигені Қайым ағаны, тимегені жерді сабалап жатты. Тіптен ұлы Мұхаңның өзіне де тас лақтырып, таяқ сілтеген гөй-гөйлер табылмай қалмады.

Ал, туған халқының игілігін тани білетін, соған қалтқысыз қуана білетін, ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміздің мүддесін биік ұстайтын ақ ниетті, адал пиғылды көпшілік Қайым ағаның ғылыми тұжырымын қол соғып құптады.

Өкінішке қарай, мұның соңы қуанышқа апарып соқпады. Жақсылықты жер етіп, жамандық күнде жеңіп жататын кез ғой. Жарқын ісі, игі ісі теріске баланып, «Халық жауы» деген жазықсыз жала жабылып, Қайым аға жаза шекті. Біз-іпәкірттері жабырқап, жанымыз күйзеліп қала берді.

Содан Қайым ағаны елуінші жылдардың аяқ шенінде көрдім. Облыстық партия комитетінде болған бір жиында. Онда әркім өзінің мұң-мұқтажын сөйлеп, әңгіменің аяғы күңкіл-шүңкілге айнала бастап еді, тіс жармай біраз отырған Қайым аға осы мезетте сөзге араласты:

– Қазақта Абай қайта тумайды, ұлы ақын рухы алдында ұрпағы мәңгілік қарыздар, - деп қойып, қолға алынбай келе жатқан, шешімін тосып тұрған келелі жайларды қозғады.

Қайым ағайдың пайымдауынша, ұлы ақынның асыл мұрасын зерттеуде екі жайға жете көңіл бөлінбей келеді екен. Оның бірі – Абайдың философиялық, психологиялық, педагогикалық көзқарасын зерттеу. Екіншісі – Абай шығармаларының текстологиясы. Соңғысы мүлдем назардан тыс қалып келгенін атап айтты.

Қайым аға мұнан кейін ұлы ойшылдың бақилық мекеніне ойысты. Қабырғасы қайысып, қынжыла сөз етті. Кезінде шым кірпіштен қаланған зират әбден тозғанын, жаңбыр мен жел мүжіп, шөгіп бара жатқанын айтып:

– Келген-кеткенге көрсетудің өзі ұят. Үкіметтің алдына мәселе қойып, арнайы қаржы бөлінуін, ақынның атына сай етіп басына ескерткіш тұрғызылуын түбегейлеп қолға алмай болмайды. Абайдың жөні бөлек. Кемеңгердің рухына қызмет етуіміз – бізге парыз, - деді.

Көп кешікпей сол салихалы сұхбаттың нәтижесін көрдік. Облыс басшыларының Діттеуімен Үкіметте артайы мәселе қаралып, Абайдың басына мәрмәрдан ескерткіш орнату мәселесі шешілген екен. Алматыдан мамандар келіп, соның құрылысына кірісті...

Қайым ағаның алмасқылыштай жарқ етіп, кейбірінің көкейінде, кейбірінің көмейінде тұрған сөзді іркілмей айтып, ақиқатты жайып салып сөйлейтіні бар еді ғой. Өте-мөте сондай мінезіне, өткірлігіне сүйінетінбіз.

Ырысхан Мұсаұлы,

жазушы, "Абай" журналының президенті

Семей, ақпан 2005 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға