Абай мұрасы баршаға ортақ
Астанада Қазақстан халқы тілдері күніне орай этнос жастары өкілдері арасында «Абай оқулары» республикалық байқауы өтіп жатыр. Байқауға Қазақстанның әр аймағынан 14 оқушы қатысып, Абай шығармаларын жатқа оқуда.
«Байқаудың мақсаты – қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын насихаттау. Абай шығармашылығын таныту арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру, еліміздің бірлігін нығайту» дейді байқауды ұйымдастырушылар.
– ҚР мәдениет және спорт министрлігінің, тілдерді дамыту қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тілдер мерекесінің он күндігі аясында бірнеше шара өткізіп жатыр. Бұл жолғы «Абай оқуларының» басты ерекшелігі өзге ұлт өкілдерінің сайысқа қатысуы. Яғни, Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жатқа оқиды. Өздеріңіз байқағандай, орыс, татар, кәріс ұлтының өкілдері қатысып отыр. Жеңімпаздарды анықтауда қатысушылардың ырғақ ерекшелігі, оқу мәнері ескеріледі. Абайға келетін болсақ, мұқым дүниеге Абай есімі етене жақын,– дейді комитет төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешев.
Облыстық іріктеутен өткен Алина Березуцкая Алматы облысы Балқаш ауданы Б.Бейсекбаев атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы. Өзін Александрқызы деп таныстырған ол, қазақ тілін үйренудің еш қиындығы болмағанын айтады:
«Қазақ мектебінде оқыдым, айналам толған қазақтар болған соң, қазақша біліп өстім. Абайдың он бестей өлеңін жатқа білемін. Ішінде «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңі ерекше ұнайды. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын әр азамат қазақша білуге тиіс. Мектеп бітірген соң журналистика саласында жұмыс істегім келеді. Бос уақытымда би билеймін».
Алинаның әке-шешесі алты жасында жол апатынан қайтыс болған. Сондықтан ата-әжемнің қолында тұрамын деген ол, бос уақытында қарт әжесі мен атасына қолғабыс ететіндігін айтады.
Ал, Қызылорда облысынан келген Руслан Рызмановтың ұлты – түрік. Бүгінгі «Абай оқуларында» ақынның ірі поэмаларынан үзінді оқымақ.
– Қармақшы ауданы, 3 интернационал ауылында туып-өстім. Әке-шешем таза түріктер. Қазір Қызылорда қаласындағы музыкалық колледждің 2 курс студентімін. Қазақшаны үйренуім керек деп қиналған емеспін. Өткен жолы ауылға барғанда ескі видеокассеталарды қарадым. Сонда 2 жас кезімде әжеме ескі әнұранды айтып беріп отырғаным бар. Тілім қазақша шықты,– дейді Руслан Рызманов. Оның айтуынша, аталары 1944 жылы қыста Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшірілген Ахыска түріктері. Русланның ендігі арманы болашақта әлемге танымал әнші атану.
«Абай оқулары» республикалық жарысына облыстық байқаудың жеңімпаздары қатысып жатыр. Байқау ережесіне сәйкес үміткерлер Абай шығармаларын жатқа оқу, «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні көркемсөз талаптарына сай орындау және ақын әнін шырқау бойынша сайысқа түседі. Байқау жеңімпаздарын абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құрылған қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Ая ӨМІРТАЙ
Суретке түсірген - Нұрбек Әлманбет