Жаңалықтар

Абай философиясы

Қара сөздер
03.09.2016 06:41 54646

Абайдың «Қара сөздерінің» дүниетанымдық ерекшелігі туралы сөз қозғалғанда, Абай заманында қалыптасып үлгерген қазақ халқының бодандық құрсауындағы хал-ахуалына сараптама жасамай кетуге болмайды. Өйткені, Абай – өз заманының перзенті, оның үстіне үш жыл болса да болыстық қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласқан ойшыл.

Абай философиясы

Патша өкіметінің отарлау саясатының жымысқы бір көрінісі – «бас-басына би болған өңкей қиқымдар», яғни, елді бөлшек-бөлшек етіп, тұтастықтан айырып, бір-біріне қарсы койып, шелтірейтіп орысын шенді шекпен» кигізіп жауластырып қойған болыс, билердің қарапайым халыққа жасайтын зорлық - зомбылық іс-әрекеті. Абай амалсыз партия-партия боп бөлініп билікке таласқан байлардың сияздарына қатысуға мәжбүр болды, осы таластан жәбір шеккен момын елдің мұң-мұқтажына куә болды. «Улы сия, ащы тіл, долы қолмен» елдегі «сабырсыз, арсыз, еріншек пысықтарды, бойы бұлғаң қуларды» әшкерелеуге тырысты.

«Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып...» деп жырлаған ұлы ақынның  дүниетанымы – қараңғылық пен надандыққа карсы тұрып, «мыңмен жалғыз алысқан» жанның көңіл-күйі, жүрек қағысы, жан сыры.

«Жүрегім менің қырық жамау» деп, кейбір мезеттерде түңіліп, күйініп, мұңын шағып, қуанышын да, қайғысын да елінен, болашақ ұрпақтан жасырмай жайып салатын ақын шығармаларында әлеуметтік толғаныстардың ұшан-теңізін қалдырды. Сондықтан да, Абай дүниетанымы, көңіл-күйі, замана, қоғам, оның мүшелерінің көңіл-күйі, солардың ішкі жан дүниесінің айнасындай. Яғни, заман арқылы Абайды, Абай арқылы заманды танып-білуге ұмтылуымызға үлкен негіз бар.

Абай – өз заманына дейінгі дала ғұламаларының даналық қазынасын толық меңгерген, бүкіл көшпенділер дүниетанымын, олардың болмысын, ақыл-ойын, парасатын дүниеге таратып, адамзат санасының дамуына үлкен үлес қосқан біртуар, дара ойшыл. Абай шығармашылығы көшпелілер мәдениетінің әлемдік рухани қазынаға қосқан үлкен үлесі десек қателеспейміз. Өйткені, Абайдың ғұмыры мен шығармашылығы көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, танымның, мәдениетін, салт-сананың, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың нағыз арбасқан, таразыға түсіп тайталасқан тұсының дәл және толық көрінісі болып табылады.

Шығармаларындағы зор тоғыс пен толғаныстарды сөз қылмағанның өзінде, оның жеке басының тарихы ірі-ірі рухани және күнделікті өмір трагедияларына толы болды.

Абай өзінің тіршілігіндегі арпалыстары аркылы еркін елінің шексіз қалаудан айырылып, қатты отарлық бұғауға түсіп, ежелгі дәстүрлі көшпелі өмірдің бодандықта булығатынына, тұншыға бастайтынына көзі жете бастады. Оған, әсіресе, өз ұлтының жан еркіндігінен айрылып тұншыққаны катты әсер етті.

 Профессор Ж. Молдабеков, Абай даналығының тағы бір себебіне оның ішкі жан дүниесінің жаңару бағытындағы ұмтылысына да меңзейді. «Көңілі құлазыған көпті көрген Абай «соқтықпалы соқпақсыз жерде» ерте есейді. Сол заманның зор қыспағында және арпалысы мол мақсатта тез ширады. Абай ұлылығы – оның тұлғалық даралығында, өмірге деген рухани-әлеуметтік жауапкершілігінде, адам болмысында үлкен қозғалыс тудырар өнерінде. Ал ұлылық жаңару жетістігінде екені мәлім. Әйтсе де жаңару ұмтылыс серпілісінен басталатынын ескерген абзал. Онсыз тарихтың да, тұлғаның да тағылымын түсіну екіталай». Абай – көшпелі дәуірдің соңғы, жаңа Низамның алғашқы ұлы тұлғасы. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен тығырыққа тірелген рухани дүниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы катарсисі ақынның әлеуметтік дүниетанымына өзек болды.

Абай өміріне әсер еткен түбегейлі өзгерістер 1822 жылдан басталған еді. «Патша әкімшілігіне өлкені отаршылдық тұрғыда игеру үшін қазақ даласына басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу және басқа да шараларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанды түгел дерлік бағындыру қажет болды».

1822 жылы Ресей патшалығы «Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелері» деген заң шығарған. Осы заң бойынша қазақ даласында хандық дәстүрлі билік жойылып, оның орнына аға сұлтандық билік орнады. Аға сұлтандар тек қана хандар, төрелер тұқымынан белгіленуге тиіс еді. Бұл кезде Тобықты елінің ауқымы кеңейіп, оған Қарқаралы округі де қарайтын. Осы округке аға сұлтан болып Құнанбай сайланады. Сайлау кезінде айтыс-тартыс көп болған. Бірақ Құнанбай аға сұлтан болып сайлануына оның ел алдындағы ықпал-абыройы, беделі, жеке басының шешендік, ақылдылық, ділмарлық қасиеттері себеп болды. Халық «қарадан сайланған хан» деп Құнанбайдың атақ, даңқын бұрынғыдан да асқақтатып көтеріп кетеді.

Мұхтар Әуезов «Абай жолында»  Құнанбай өмірінің барлық кезеңдерін тәптіштеп суреттеуді мақсат етпейді.Ұрымтал тұсында, Тобықты елінің ахуал-тіршілігін білдірерде, Абайдың өскен ортасын, әлеуметтік ұясын танытарда, әсіресе, Абайдың ой-санасы, қайраткерлік мінез-машығы қалыптасу, қатаю, өріс табу жолында әкесі Құнанбайдың қайталанбас қарымды қолтаңбасы көрініс береді.

Тарихи дәуірмен зерделесек, эпопеядағы Құнанбай өмірі мен іс-әрекеті, негізінен алғанда, 1822 жылғы далалық реформа мен 1868 жылғы Жаңа Низамға дейінгі мерзімді қамтиды. Яғни, М. Әуезов Құнанбай ғұмырын қазақ сахарасы отарлануының өлке-өлкеге бөлінген, билік-басқару жүйесінің іргесі түбегейлі шайқалған, елдік қасиеттер жоғалып, өзгеге бола бастаған бір дәуіріне, Құнанбайды сол өліара дәуірдегі кесек тұлғаның трагедиясы ретінде, ал Абайды Ресей отарлауының жаңа, ең ауыр, ақырғы дәуірінің құрбаны ретінде суреттейді. Бұл күнде жеке басқа табынушылықтың қандыбалақ жылдарында жүрек түкпіріндегі сырын ақтара алмай, асқан сақтықпен еңбек еткен Мұхтардың өз романы арқылы айтпақ болған астарлы ой-байламын дәл шешіп, тап басып жіліктеп беремін деу – бос әурешілік.

Ұлы романистің шығармашылық лабораториясына терең бойлап, орнықты пікір-байлам айтқан белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов былай дейді: «Биограф (Мұхтар Әуезов) Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасын жазғанда, бұның арғы ата-бабалары Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай жайлы ел әңгімелері мен деректерді молырақ қамтыса, соңында олар жөніндегі деректерді барынша ықшамдап, Құнанбай мен оның заманына көбірек аялдады. Өйткені, Құнанбайды білмейінше, оның дәуірі мен өмірін тереңірек танымайынша, Абайды білу қиын болмақ деп қарайды».

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы №1913 істе, Абай өмірбаяның жазған қолжазбасының ертеректегі бір нұсқасында, М. Әуезовтің өзі де бұл туралы тура жазады: «...Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай болсын, барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Осылардың нәсілінен шыққан Абайдың қоғамдық орны, тіршілік, өмірлік әрекеттері де сол ата салтымен, ескі сарынмен қалыптасады. Сондықтан, болашақ ақын Абайдың өмір жайын анық түсіну үшін, әуелі, мәлім болған дәрежеде бұның алдындағы буындардың да жай-күйін айта кету шарт...». Ендеше, ең ірі абайтанушылар Абай даналығын ата даналығының жалғасы, салдары деп есептейді. Оны «Асыл тұяқтан» деген халық сөзі де растайды.

Бұл жерде айта кететін тағы бір жайт, қазақ табиғатының антибиологиялық тұтастыққа, қандастыққа ұмтылу қасиеті ұлт бірлігінің нақты, тұрақты шарттарының бірегейі болды. «Ұлы дала, куаң табиғат, көшпелі өмір-салт маңдайға жазылған соңғы, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі». Адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет.

Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні – адаммен» деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да, әрбір көшпелі қазақ туыстық-қатынастық жүйелі тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық- этикалық критерий деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отыр». Әке мен бала арасындағы сабақтастық өмірдің өзі тудырған ортақ мақсаткерлік көзқарас, дүииетаным, іс-әрекет бірлігін Ә. Бөкейханов пен С. Ғаббасовтың Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген ғүмырбаяндық зерттеу мақалаларындағы пайымдаулар мен ой-нұсқалар айғақтай түседі.

«Дед Абая Ускембай стяжал в родной степи славу справедливого бия: к нему обращались киргизы отдаленных родов, предлагая разрешить их споры. Отец Абая Кунанбай имел огромное влияние и на киргиз чужих родов. Что подтвердилось избранием Кунанбая в старшие султаны Каркаралинского округа, когда должность их была монополизирована родовитыми султанами. Кунанбай под конец жизни первым сьездил в Москву и вернувшись оттуда, удалился от мирских дел, что еще больше сделало популярным имя Кунанбая». Ал Ғаббасов болса, өзінің көлемді мақаласында татарша тіл өрнегімен былайша баяндайды: «марқұм Құнанбай мырза өте ақылды, сабырлы, халық сүюші, ғылым мағрифатқа құмар, Қарқара атырауында бастап, хаж етуші, биік дана бір зат еді. Баласы марқұм Абай Құнанбай мырзаның кім екенін жұртқа білдірді. Ибрагим мырза, яғни Абайды білмеген жұрт жоқ. Абай мырза өте дана, өте шағыр философ бір адам. Лакин жұрт қадірін тірі шағында білмесе де осы күні сағынады.

  Өлгеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза мен Абай марқұмды жұрт жадына қадірлі ақсақал Шаһкарім мырза Құдайберді баласы да түсіреді».

1895 жылдың қаңтар айында жастай солып дүниеден өткен аяулы ұлы Әбдірахманға қатты күйзеліп, қасірет күйін кешкен Абай «Кешегі өткен ер Әбіш» деп басталатын ондаған өлең жырларын арнайды. Соның бірінде ұлы ақын әкесі Құнанбайды, Әбіштің атасын «Ескендір, Темір, Шыңғыстай, Мұсылманда атақты» деп дәріптейді. Қорытынды пікірі мынадай: «Ол сыйпатты қазақтан, дүниеге ешкім келмепті. Өлмейтұғын атақ қалдырып, дүниеге көңіл бөлмепті». Ендеше, Құнанбай әке мен бала Абай арасы, өмірлік мұрат-міндет пен тағдыр сабақтастығы бірнеше ұрпақ буынын үрейлендірсе, тітіркендірсе оқытатындай алшақтықта, алыс қашықтықта емес демекпіз. Құнанбай мырза қазақ халқы отарлауының Ресей империясы жоспарлауындағы 1822-1868 жылдары қамтитын реформалау кезеңіндегі қайрат көрсете еңбектеніп, қоғамды басқарудың жүйесін ұлттық болмыспен берік ұштастыруға әрекеттеніп бағып, әлі келгенше «дүлей қара дауылға» қарсы тұрған болса, ұлы Абай 1868 жылдың Низамынан кейін отарлау саясатының сұрқиялықтарымен әкімшілік жолмен де, адамшылық жолмен де, философияшыл ақындық қалам қуатымен де алысып-арпалысып бағады. Абай шығармашылығының дені осы мәселелерге жауап іздейді.

Заманында хатқа түсірген адамдар болмағандықтан, Құнанбайдың көп тапқыр сөз, терең ойлары, кесім-шешімдері сақталмаған. Құнанбай айтты деген сөздер де баршылық. «Арымнан – жаным садақа, жанымнан – малым садақа», «Жарлы кісі жаманат, жамалар да қуанар», «Адамның не нәрсеге қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады», «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын» деген сөздер – Құнанбай даналығының куәсі.

Құнанбай қажы жақсылық әдеттерді, қасиеттерді өз балаларынан күтті. Өзі оқымаса да, білім-ғылымға өте үлкен үміт артқан Құнанбай өз балаларын да, өзге жастарды да оқытуға тырысқан. Бұл туралы мынадай дерек бар. «Кіші Тобықты болысын билеуші старшын Өскенбаев биылғы 3 январьда жазған рапортында өзі басқарып отырған болыс қырғыздарының ортақ игілігі мен пайдасын көздеп, балаларды орысша және азияша сауаттандырып, оқыту үшін училище құрмаққа рұқсат сұрай отырып, бұған азияша тәржімасында білетін орыс мұғалімін жіберуді сұрайды». Әрине, Тобықтының ездерімен дауласқан, жөнге салуға тырысқан әке мен бала әрекеттерін жатжерлік отаршыларға қарсы ұрысқа, бітіспес айқасқа теліп-балау қиын болар.

1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы устав», 1867 жылғы «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы ереже», 1868 жылғы «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарындағы далалық облыстарды басқару туралы ереже», 1886 жылғы «Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже», міне, Құнанбай мен Абай елден ерекше, жете зерттеп-таныған осындай ереже-қағидалар далаға өлшеусіз зиян-кесапатын әкеліп жатты. Сондықтан, Құнанбайдың көп әрекеттері, кесім-шешімдері Ата заңынан тая бастаған, отарлық саясат азғындаған руластарын адамгершілікке, құдайшылыққа қайтару жолы деп те түсінуге болады. Сондықтан, Құнанбай Ресейдің отарлау саясатының бір кезеңіне қарсы қайыспас күрескер боп танылса, Абай отарлаудың нағыз ушыққан дәуірінде әкеден өзгеше қасиет-қайратымен әркез іс басынан табылды. Яғни, Абай әке іс-мұратын заңды жалғастырушы мұрагері болып табылады.

Әрине, Абайдың сыншыл санасы әкесінің мінезіндегі кейбір кемшіліктерді де байқамай қалған жоқ. «Әкесі қажының қайтпайтын қатты суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, сонан бақыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды» деп еске алады Абайдың ұлы Тұрағұл өзінің әкесі туралы естеліктерінде. Бұл жолда Абай болыс болып та, би болып та, ойшыл-күрескер болып та санадағы төңкеріс майданына, халық өміріндегі мешеулік көріністерге бел шеше қарсы шығудан тайынбайды.

Сондықтан, Құнанбай мен Абай арасындағы қарым-қатынасты таптық көзқарас, ескі мен жаңаның, күн мен түнектің бір-бірімен күресі емес, әке мен балаға ортақ мақсат-мұрат отарлаудың сойыл-сойқандарына, елді елдіктен бездірген керітартпа мерездіктері бітіспес ұрыс жариялау деп түсіну орынды.

Абай орыс патшалығының отарлау саясаты сахарада салтанат құра бастаған кезде өмірге келіп, бейбіт елдің басына тәуелділік ноқтасы біржола кигізіліп, езгіге түскен кезінде тіршілік кешті. Отарлау саясатының ежелден қалыптасқан ескі тәсілдерінің бірі – отарланушы елдің ішкі қуат көзі- этникалық тұтастығына сына қағып, тайпаластар, руластар арасында іріткі салу екені белгілі. Осы мақсатта жоспарлы жұмыс істеген патша өкіметінің әкімшілік аппараты бірді бірге айдап салып, кеңқолтық бейқам қазақтар арасынан парақорлар мен пәлеқорлардың, жағымпаздар мен жандайшаптардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шығуына жол ашты. Мұның бәрін отаршыл саясат қазақ арасында жер дауы, жесір дауы, құн дауы, барымта тәрізді ескілікті әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмай сақталуына көмектесу арқылы жүзеге асырды. Рушылдық өртін өршітіп, елдің баяғы ескі қалпын сақтап, күйкі тірліктің күйбеңімен күн кешіртіп, надандықтың тар шеңберінде ұсталды.

Міне, Абайдың ел тірлігіне араласып, әлеумет қайраткері болып шыққан, ақындық өнерге ден қойған тұстағы бүкіл қазақ даласындағы жағдай осындай болатын. Осындай жағдай Абайдай алыпты өмірге әкелді, оны «мыңмен жалғыз алысуға» мәжбүр етті.

Патша өкіметінің әскері отарлау саясаты арқылы қазақ даласына кіріп, бар билікті өз қолдарына алып, даланы басқарудың жаңа заңын енгізуді бұрынғы ата-бабаның қолына қару алып, қарсы шабар қаһармандық дәуірінің белгісі еді. Ендігі жерде ашық айқасқа шығу, соған шақыру халықты қырғынға ұшыратып, елдігінен біржола айыру болатын. Мұны Абай алдыңғылардың бірі болып ұқты.

Осы орайда сөзіміз дерексіз болмас үшін Абайдың Шорманның Мұсасының баласы Садуақастың әкесінің асына шақырған хатына қайғырған жауабынан үзінді келтіре кетсек артық болмас. Онда ол: «Мұса арғын баласының ішінде қолынан іс, тілінен май таматын адам еді. Жаңа туып келе жатқан заманының қатпарлы құбылыстарын түсінген адам еді. Барамын. Басында Құран оқимын. Асында боламын»,-дейді. Міне, осындағы «жаңа заманның қатпарлы құбылыстарын түсінген адам еді» деген жалғыз сөйлем-ақ Абайдың қандай таным иесі болғанына куәлік береді. Өйткені, біріншіден, заманның қатпарлы құбылысын өзі түсінбеген адам өзгенің түсінгенін қайдан білсін. Екіншіден, өзі түсінбесе Абай мұны Мұсаны өзге қазақтан ерекшелеп оның үлкен қасиеті ретінде бағаламас та еді. Ендеше, Абайдың «жаңа заман» деп, қазақ елінің жерін бірнеше әкімшілікке бөлшектеп, географиялық тұтастығынан, сонан соң адамын ауылға бөліп, этникалық бірлігінен ажыратып, сол арқылы биліктің екі тізгінін, бір шылбырын өз қолдарына алған патшаның отаршылдық саясатының нысапсыз жұлмарлығын, «қатпарлы құбылысын» айтып отырғаны хақ. Сондықтан да, халық ретінде өзін-өзі билеуден біржола айрылған «қалың елі қазағының» не болары белгісіз ертеңгі күнінің қамын ойлаған қамкөңіл Абай сол Садуақасқа хат жазған жылы:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деп күйіне жазды. Отаршылдық бұғауы болып, тар қапасқа қамалған халқының жарыққы шығар жолын іздеді. Мұратқа жеткізер үмітті жалғыз жол – ұстаздық жол деп тапты. Сол кез аясы үшін расында да бұдан басқа жол да жоқ-тұғын. Сондықтан, ол өз міндетін халыққа қызмет ететін, адамды қайта тәрбиелейтін және қоғамды кайта кұруға көмегі тиетін жаңалыққа шақыру, надандық шөлінде қалып сусаған «қалың елі, қазағы, қайран жұртын» адастырмай білім бұлағына жеткізу деп білді. Бұратана атанған халқын ояту үшін, жарыққа ұмтылдыру үшін тек ұстаздық іс атқару керектігін көрегендікпен түсінді. Сол заманның белгілі демократ, революционерлерімен пікірлес болған Абайдың шығармаларынан  оның жүргізіп отырған саясатына ашық қарсылықтың күреске шақырған революциялық әсердің екпінді лебі еспейтіні де сондықтан. Бірақ, оның есесіне Абай елінің еңсесін басып, ертеңіне енжар қаратып отырған надандықтың қапас қараңғылығына қарсы бітіспес майдан ашты. Надандықпен күрестің басты құралы – білім. Білімсіздің қолы – қысқа, жолы – тар. Осыны бар болмысымен сезінген Абай егде тартқанына қарамастан, жас шәкірттей білім жинауға кіріседі. Көп іздеп, көп оқиды.

Бүгінге дейін абайтанушылардың зерттеулеріне қарағанда ата жұртының ауыз әдебиетінің уызымен ауызданып, оны мейлінше қанып ішкен Абайдың Шығыстың атақты шайырларынан –  Фирдоусидің, Низамидің, Хафиздің, Баласағұнның, Науаидің, Физулидің, Сағдидің, орыс ақын-жазушыларынан В.А. Жуковскийдің, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, И.А. Крыловтың, Н.А. Некрасовтың, М.Е. Салтыков-Щедриннің, Л.Н. Толстойдың, ойшыл демократтардан –  В.Г. Белинскийдің, Н.А. Добролюбовтің, Н.Г. Чернышевскийдің, А.И. Герценнің, Еуропа ақындарынан Дж. Байронның, И. Гетенің, философтардан –  Сократтың, Дауанидің, Г. Спенсердің, Б. Спинозаның, П. Бейльдің, Дж. Милльдің, Дж. Дрэпердің, зерттеуші ғалымдардан Абылғазы Баһадүрдің, Бинайдың, Бабырдың, Бичуриннің, Аристовтің шығармаларын оқығанын көреміз. Әрине, кемеңгер ақынның оқығандарын осылармен шектеуге болмайды. Өйткені, бұлар абайтанушылардың өздері кол жеткізген материалдардан тауып, анықтап, суыртпақтан шығарғандары ғана. Әлі де қол жетпей, құпиясын қойнына басқан, аударылмаған, кезінде Абай және сол сияқты сауатты қазақтар оқыған араб, парсы, түрік тілдеріндегі шығармалар қаншама.

Абай шығармашылығында көп ұшырасатын кейіпкерлер – ояз, болыс, старшын, би. Бұларда Абай еш рахымсыз, шүйліге, түйрей сынайды. «Осылар кімдер?» деген сауалға жауап беру үшін 1868 жылғы Жаңа Низам ережелері шыққаннан кейінгі қазақ жерінде орнаған жаңа патша әкімшілік жүйесі туралы айтып өтуіміз қажет. Қазақ өлкесі бірнеше облыстарға бөлінумен қатар, әр облыс уездерге бөлінеді. Уезд облыстыққа, болыс ауылнайларға жіктеледі.

Абай шығармашылығының ішкі мазмұнын нақты ұғыну үшін осы аталған болыстар, билер, старшындар-ауылнайлар, елбасылар, песірлер, ояздар, жандаралдар өздерінің мінез-құлқы, іс-әрекеттерімен қилы заманның көптеген әлеуметтік, рухани жағдайларын аша алады. Абайдың жанын күйзелткен, алыстырған, айқастырған осы шексіз әкімшілік аппараттың момын елдің мойнында отырып, сүліктей сорғаны. «Түңлік басы салық», «Лау-көлік салық», «Қара шығын», сойыс, сыбаға дегендер елге ерекше қазадай болып тиетін.

Осылайша елдің жерін алып, мал-мүлкін талап, еселеп алым-салық салып жатқан үкімет, халықтың қамы үшін білімін, мәдениетін көтеріп, дертін емдеу үшін тұрмысын көтеру үшін бірде-бір әрекет жасаған емес. Өз қазанында өзі қайнап жатқан елдің «алтыбақан ала аузындағы» бұрынғыдан да күшейе түсті. Әбден кедейленген момындар жатаққа айнала бастады. Осы араздықтан, кедейліктен бірінің-бірі малын барымталау, қонысын тартып алу, жанжалдасу, өтірік жаламен абақтыға жаптыру, жер аударту, берген қыздарын қайтып алу, қыз-келіншектерін ұрлау, тағы-тағысын Абай заманында қазақ елінің дертіне айналған. Заманның саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани хал-ахуалы осылай еді.

Абай дүниетанымындағы философиялық сарындар ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының тұрмысындағы тарихи қал-жағдайдан, саяси, әлеуметтік құрылыстағы күрт өзгерістерден туды. Осы жолдағы ізденіс Абайды адам мәселесіне, адам өмірінің мәні, мазмұны, мақсаты деген мәңгілік сарындарға қазақтың данышпан ақыны ретінде шешу тұрғысынан алып келді.

Менталитет – қоғамдық ғылымдардың жиынтық категориясы, осы себептен ол бұлардың бәрінің басын біріктіретін мәдениет саласының жалпылама ұғымы ретінде қабылдануы керек. Осы жағдайда талас та, тартыс та болмайды, әр ғылым менталитеттің өзіне қараған бетін зерттеп, азаматтың рухани болмысына өз үлесін қосқан болар еді. Екіншіден, бұл ұғымды тек ХХ ғасырда пайда болған нәрсе деп қарамай, оған тарихи даму көшінде қандай мазмұнда болды, «біздің бүгінгі менталитетіміздің қалыптасуына қазақтың бұрын өмір кешкен даналары қандай үлес қосты?» деген сұраққа да жауап беруге тырысқан жөн. Сондай-ақ, қазақ менталитетінің басқа ұлттардың менталитеттерінен өзгешелігін естен шығармаған жөн. Ғалым Д. Кішібековтің айтуынша, «Қазақ халқының менталитетін айқанда, оның басты бір ерекшелігі, ол – тәрбиелік қасиеті. Қазақ халқының бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, epтeгi, жыр-термелер, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары, айналып келгенде тірелетіні, тәрбиелік мәселе. Олар адамгершілікке, көпшілікке, азаматтыққа баулыған.

Тәрбиелік қасиет, «адам болу» шарттарына, егжей-тегжейіне дейін зерделеу қазақ даналарының ішінде ерекше Абайға тән. Сондықтан, қазақ менталитетін қалыптастыруда Абайдай ешкім еңбек еткен емес. М. Әуезов: «ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты жеке адамдарды жаманшылықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп өзгертпек болады» деп не себепті Абайдың адамгершілік тәрбиеге, оның негізі болатын мораль философиясына орала беретін себебін ашып көрсетеді. Абай қазақтардың кешегісі мен бүгінін, болашағы мен олардың мінез-құлқын, салт-дәстүрлері мен рухани мәдениетін, оқу-білімін, жастарға адамгершілік тәрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бip сөзбен айтқанда, бүгінгі уақыттың түсініктерімен зерделеп айтканда, хакімнің ой барысы қазақтың менталитеті қандай, оған тән кемшіліктерін қалай жоюға болады, не іcтey керек ол үшін? Әcіpece, өмірінің соңында дүниеге келген «Қара сөздеріндегі» ой желісі осы мәселелер маңында түйінделеді. Тәрбие, адамгершілік, «толық адам» туралы ойлар үшінші, бесінші, алтыншы, тоғызыншы, он сегізінші, жиырма үшінші, жиырма жетінші, жиырма cегізінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, қырық екінші, қырық төртінші сөздерінде жан-жақты сарапталады. «Әpбip ұлттың ұлылығы өздеріне тән жағымсыз жақтарын жасырмай, аяусыз сынап, көрсете алатындығында» деген пікіp бар. Абай қазақ халқын басқа халықтардан, ұлыстардан кем деп санаған емес, керісінше, халқы озық ойлы, озық мәдениетті елдер санатына қосылып, олардан да асып түссе екен деп армандады. Өз халқының аяулы ұлы ретінде өз заманында орын алған қаракетсіздікке, жалқаулыққа қарсы аянбай күресті. Абай, ең алдымен, бес нәрседен, өсектен, өтірік айтудан, мақтаншақтықтан, еріншек, жалқаулықтан және бекерден – бекер мал шашудан қашық болуға шақырды. Әрбір жалқау адам, каракетсіз қорқақ та болады, оның тірлігі де мардымсыз, сүреңсіз болады. Ал мақтаншақ адам – ақылсыз, надан адам. Kici қашық болуы керек бес нәрсе, әpі қарай сабақтаса көптеген келеңсіз қасиеттерге апарып тірейді.

«Інісі бардың тынысы бар». Сөз жоқ, шынайы өмірден туған пікір. Оспан мәңгілікке аттанғанда тынысы тарылып, Абай қалай қайғырды. Бірақ, бұл мақалға да түзеу бар. «Інісі жақсы болса – тынысы бар, жаман болса – төтенше жұмысы бар».

«Баласы бардың – панасы бар». Көп қазақтың, әсіресе, ата дәстүрін бұзбай ұстағанның бұған дауы жоқ. Ал, кейбір жағдайда «жақсы болса – панасы бар, жаман болса – басқа салар пәлесі бар» болып шығады. Соған байланысты дінге еркін, еркелікпен қарайтын қазақ «А, Құдайым, бала бер. Бала берсең, сана бер. Сана бермеген балаңды, кайтып өзің ала бер» деген өтініш те жасайды.

Осы келтірілген мақал-мәтелдерден аңғаратынымыз, қат-қабат, шым-шытырық өмірде бір-біріне кайшы келіп жататын ой өрнектері көптеп кездеседі. Оның себебі, әрбір жыныс, әрбір әлеуметтік топ, әрбір ру, тайпа, әрбір жанұя мүшесі өзінікін туралап, замандағы ережелерге, әдет-ғұрыптарға сайлап мақал-мәтел жасап ала берген. Қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халіне қарап оған сену қиын болар. Бірақ, осыдан біраз уақыт бұрын қазақта екінің бірі мақалдап-мәтелдеп, мәнерлеп, әсерлеп, мүдірмей, тоқтамай, бірқалыпты әңгіме-дүкен құра алатын болған. Сондықтан, оларға әсем ой өрнектерін табу, қолдану үйреншікті нәрсе болды. Тағы бір себеп, жалпы адам баласына тән ойлау жүйесінің заңдылығы. Ол заңдылық бойынша кез-келген пікір қарама-қарсылықтар негізінде қалыптасады. Оларға: жақсылық-жамандық, достық-зұлымдық, сараңдық-мырзалық, еңбекқорлық-жалқаулық, мейірімділік-катыгездік, сүйіспеншілік-жеккөрушілік, бай-кедей, жас-кәрі т.б. жатады. Қазақ осылардың бәріне де қажет болғанда уәж, құптайтын сөз таба білген. Осы себептен, көптеген мақалдардың мазмұны біржақты болып келеді. Абай өзінің бесінші, алтыншы, жиырма тоғызыншы қара сөздерінде осындай мақал-мәтелдерді келтіріп, жан-жақты саралап береді. Жай ғана келтірмейді, менталитетке байланысты неше түрлі жаманды-жақсылы қасиеттерді зерделеп, сұрыптайды. «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар». Кейбір қазақ «Жарлы болсаң, арлы бол» дейді. Абайдың кесімі: ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы «жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап» деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздесе – сол ғана ары бар, намысы бар адамның тіршілігі.

Одан соң «Қалауын тапса қар жанады», «Сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ» деген мақалдарды келтіреді де, «ең барып тұрған құдай ұрған сөздер – осылар» дейді. Адам ананың сұрауын табам, мынаның қалауын табам деп жүргенде өмірі өткенін сезбей қалады. Осылайша, әркімнің аузын бағып, көңіліндегісін дөп табам деп қорлық өмір сүргенше, малды да, дүниені де жерден сұра, не маңдайдан аққан терден сұра!

Абай заманында да, қазіргі біздің ғұмыр кешіп жатқан өтпелі кезеңімізде де қулардың, пысықтардың аузынан түспейтін «Алтын көрсе періште жолдан шығады» деген мақал бар. Хакім ащы наразылықпен «Періштеден садақа кеткір–ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын, қостағалы айтқаны да» деп аурудың тамырын дөп басады. Абай қара сөздерінің көп жерінде алдыңғы буын ұрпақтың, ата-аналардың, болашақ ұрпақты, балаларын, немерелерін адамгершілікке, ізгілікке, кажырлы енбекке, ғылым-білімге талапты болуға тәрбиелеу жолындағы борышын кең әңгімелейді. Сонымен бірге қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпын естен шығармай, баланың ата-анаға деген құрметін, махаббатын, сыйын сақтауды уағыздайды.

«Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. «Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның жанынан да малы қымбат екен. Ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, Құдайға дұспандық іс емес пе? Осындай білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек».

Шын, таза даналық сөздердің ескірмейтініне, жоғалмайтынына отыз жетінші сөзде келтірілген Абайдың жиырма үш ой өрнегі дәлел. Ұлы гуманист хакім былай дейді:«Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың». «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Егер мен закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім». Әр заманда момынның жоғын жоқтап, мұңын тыңдап, жағдайын жасауға тырысқан халық ғаделет, рахым, қайрат, қажыр иелері болған. Абай сөздерінде ондай кісілерге тән қасиеттер мыналар: махаббат, шапағат, нысап, мархама, таза фиғыл, мағрифат, көкірегі, көңілі тірілік, имандылық, мұсылмандық, еңбекқорлық, адалдық, ұятшылық, бауырмалдық, мейірімділік, сезімталдық, ақылдылық. Адамшылық адам табиғатына сай болу үш ғашықтықтан туады. Бірінші, дүниені, адамның өзін жаратқан Аллаға ғашықтық. Ғылым Алланың бір сипаты болғандықтан, ғылымға ғашықтық. Алланың жолы хақиқат жолы болғандықтан, хақиқатқа, растыққа ғашықтық. Ал, егер мал, мақтан, қадыр, сый, құрмет Алланың ырқарымен, адамды өзі іздеп тапса, ол адамдықты бұзбайды, керісінше адамдыққа көрік береді.

Пендешіліктен туатын жағымсыз қасиеттер де көп болмаса, аз емес. Ондай қасиеттер бойын жайлаған адамдарды Абай жарым адам, жарым мұсылман деп атайды. Олар надандық, еріншектік, зұлымдық, қиянатшылдық, ұятсыздық, арсыздық, менмендік, күндестік, мақтаншақтық, мансапқорлық, тәкаппарлық, жігерсіздік, талапсыздық, салғырттық, жеңілдік, өсемпаздық, ашуланшақтық, қапашылдық, маскүнемдік, тамыршылдық, қанағатсыздық. Бұл қасиеттердің бәрін Абай бір деңгейге қоймайды. Олардың біразы бірін-бірі тудырып, адамды азғындатып жатады. Жалғыз қазақ емес, жалпы адамға тән қасиеттер ретінде, хакім үшеуін атайды. «Күллі адам баласын қор кылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің».

Қазақтарды құртатын тағы бір қасиет – билікке таласушылық, бірін-бірі көре алмаушылық. Содан келеді де бітпес дау-дамай, ағайын арасында араздық туады. Осыған байланысты Абай қазақта ертеден келе жатқан «Би екеу болса, дау төртеу болады» деген мақалды келтіреді. Төрт аяқты мал басын көбейтуден басқаны ойламайтын адам, қайткенде де басқалардан асып түсуді ойлап, ұрлық жасауға дейін барады, ар-ұятты мүлдем ұмытады. Бұл – басқаның намысына тигендік, қорлағандық, оның адамдық құқын аяққа басқандық, бір адамды екінші адамға айдап салушылық. Билікке, байлыққа ұмтылу жолында ондай адамдар жауларының өміріне қатер төндіруден, қастандықтан да тайынбайды.

Қалғандары да тек қазақ табиғатына байланып, меншіктеліп қалған сипаттар емес. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» – дейді Н. Назарбаев. Әрине солай, бірақ, Абай өмір сүрген дәуір – ерекше кезең. Шығыстың Конфуций сықылды ғұламалары «Өтпелі кезеңде өмір сүру бұйырмағын, тәңірім!» деп айтып кеткен екен. Ол кезде қазақ өз тағдырын өзі айқындаудан айрылып, өзін-өзі ұғыну қабілетінен ажырап, әрі-сәрі болып болашағын болжай алмай рухани жұтаңдыққа кезіккен кезең болды. Абайды халықтан ажыратып қарауға болмайды, ол да сол заманның перзенті. Соның бәрін көрді, білді, сезді, жазды. Жазғанда жай жазған жоқ, жан айқайымен, тебірене, төгіле, таусыла жазды. Халқын, елін елең еткізу үшін ащы тілмен, аямай, жағымсыз жағдайын, қылығын бетке басып жазды.

Абайдан алшақ кету қиын. Қыршын кеткен талантты сыншы, жазушы Сағат Әшімбаев «Ақын жанын жабырқатқан жайлар» деген мақаласында «Асыл сөз іздемейтін, адамдықты көздемейтін адам аз шығар. Ол екеуін де Абайдан табасың, сондықтан да, Абайды оқы, ерінбе деген сөздің растығын уақыт көрсетіп келе жатыр» – дейді. «Ол екеуін де Абайдан табасың, сондықтан да Абайды оқы, ерінбе деген сөздің растығын уақыт көрсетіп келе жатыр» – дейді. Қазақ бүгін өз табиғатын да дана Абай арқылы түсініп отыр.

 

... Абай тұлғасы қазақ халқының дамуындағы көп ғасырлық желіні жалғастырды. Осы желіде фольклордан басқа жазба ескерткіштер де болды.

Олардың ішінде Мұхаммед ибн Қайсаның «Үлкен кітабы», Хусан ад-Дин Барчынлықтың шығармалары, Қадырғали Жалайырдың «Джами ат-Тауарих», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбектері белгілі. Осылардың ішінде Абайдың қазақи дүниетанымына ерекше әсерін тигізген әл-Фарабидің қоғам және адам туралы, ғылымдар жүйесі мен әлеуметтік зерде, бақытқа жету жолдары туралы, Ж. Баласағұнның білікті билік, игілікті өмір құндылықтары жайлы жазылған «Құтты білік» кітабын, Махмұт Қашқаридің түркі мәдениетінің барлық салаларын жүйелеп жазған «Диуани лұғат ат-түрік» еңбектерін, кейінгі кезде, Абай – діни ойшыл деген тұжырымға үлкен әсерін тигізген сопылық философияның атасы Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» кітабымен таныстығын айта келіп, олардың арасындағы үндестік жөнінде әңгіме айтқанды жөн көріп отырмыз.

Әрине, Абайдың шығармашылық келбетін, дүниеге деген көзқарасын айқындаған үш қайнар көзі туралы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының өзінде-ақ М. Әуезов көшелі пікір қалдырды. «Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны» атты еңбегінде заңғар классик былай деген: «ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне рухани азық болды. Абайдың бүкіл ой-қиялына, әлеуметтік, ақындық ісіне дем беріп, шапағатты нәр алған арнаның бірі – халықтың өзі жасаған, ауыздан-ауызға тараған баспа жүзінде сақталып келген қазақтың бағзы замандағы халық мәдениетінің бай мұрасы... Ақындығына рухани дем беріп, азық болған екінші арна – Шығыс

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға