Жаңалықтар

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары: Президент жолдауынан кейін не өзгерді?

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары: Президент жолдауынан кейін не өзгерді?
Фото: El.kz 16.03.2023 21:00 1838

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызында Жолдауында ел дамуының басым бағыттарына тоқталып, соның ішінде жаңа үш облыстың құрылуын ерекше назарға алған еді.  El.kz ақпарат агенттігі Мемлекет басшысының Жолдауы аясында үш облыста қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталды.

Жолдауда Мемлекет басшысы жаңа облыстардың құрылуы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе екенін айтты. «Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде  тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді», – деп Президент «Жаңа Қазақстан: Жаңару Мен Жаңғыру Жолы» атты Жолдауында тілге тиек етті. 

Абай облысының өндіріс көлемі өткен жылы 6 пайызға өсті

Алдымен Абай облысына тоқталайық. Жолдауда Президент Абай облысын құруды және оның әкімшілік орталығын Семей қаласы деп бекітуді ұсынды. Нәтижесінде Абай облысы құрылды. Облыс мәртебесін алғаннан бері өңірдің даму деңгейінің біраз көтерілгенін аңғаруға болады.

2022 жылғы қыркүйек айында Мемлекет басшысы Абай облысында болып, өңір жұртшылығымен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бір жылдан кейін Абай облысында қандай жұмыстар атқарылғанына қысқаша тоқталайық.

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары: Президент жолдауынан кейін не өзгерді?

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің бізге берген мәліметі бойынша, жыл басында Абай облысын дамытудың 5 жылға арналған кешенді жоспары бекітілді.

Жоспардың жалпы бюджеті шамамен 1,9 трлн. теңгені құрады. Жылу көздерін қайта жаңғырту, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу, тау-кен байыту комбинаты мен Айдарлы мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру, Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы темір жол учаскесі, құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысы сияқты ірі жобалар жүзеге аспақ.

Нәтижесінде 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, облыс аумағында орналасқан Алакөл көлінің туристік аймағы «Туризмді дамыту – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында туризмді дамыту картасының үздік ондығына енді.

Бұдан бөлек, 2022 жылдың қыркүйек айында Семей қаласының туған күніне орай аспалы көпірдің астынан көпір астындағы қоғамдық орын ашылды. Яғни, бұрын бос тұрған жер енді спорт пен демалыс үшін қолайлы аумаққа айналды. Сондай-ақ, 2022 жылы жаңа оқу жылына 4 мектеп ашылып, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы кең көлемде тойланды. Мемлекет басшысының 2022 жылдың қыркүйегіндегі сапарында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың «Ұстаз бен шәкірт» ескерткіші ашылды.

Сонымен қатар Абай облысының жаңа логотипі қабылданып, Еңлік-Кебек кесенесі жөнделіп, Жидебайдағы Абай үйі цифрланды. Жаңа көпірдің құрылысы, автокөпірдің жөндеу жұмыстары басталды. Облыста ситуациялық орталық ашылып, сергек жүйесі іске қосылды. 2022 жылдың жазында Семейде Шәкәрім даңғылындағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді. 2022 жылдың қыркүйегінде Степной ауылында жаңа мешіт пен Абай Құнанбаев мешітіне апаратын жерүсті жаяу жүргіншілер көпірі ашылды.

Өңірді дамытудың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 104,9 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібі де оң өсу қарқынын сақтауда. Өткен жылы өндіріс көлемі 6 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімін шығару 473,3 млрд.теңгеге жетті. Алдағы уақытта «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» теміржол учаскесін, тау-кен байыту комбинатын салу және «Айдарлы» мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру, «құрғақ» порт пен логистикалық парк сияқты ірі жобалар іске асырылатын болады.

Жетісу облысының 288 мың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді

Жетісу облыс болғаннан бері қысқа мерзімде экономикалық индикатор 104,1 пайызды құрады. Биыл аймақ 40 мың тоннаға дейін қант құрағын өндіруді жоспарлап отыр. Жалпы өңірде осы жылы 132 мың тоннаға дейін қант өндірілген. Бұл облыстың қантқа деген қажеттілігін толық өтеп қана қоймай, өнімді басқа өңірлерге де жеткізуге мүмкіндік беріп жатыр. 2026 жылға қарай қант қызылшасы алқабын екі есе ұлғайту көзделіп отыр.

Бүгінде Жетісу облысындағы 22 елді мекенге газ құбыры тартылып, 288 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 20 елді мекен газға қосылады. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін облыста 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 10 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 59 медицина нысанын салу, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 57 блокты-модульді бөлімшелерді пайдалануға беру көзделген.

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары: Президент жолдауынан кейін не өзгерді?

Облыста барлығы 514 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 14-і ірі, 16-сы орта кәсіпорындар. Өңдеу өнеркәсібінің ұлғаюы есебінен өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,3 пайызға өсіп, 281,3 млрд. теңгені құрады, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру 8,2 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 19,3, өзге де металл емес минералдық өнімдерді өндіру 11,5, фармацевтикалық өнімдер 33 пайызға өсті.

2023 жылы облыс бойынша 321,9 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бюджеттен 2766 пәтерлі 274 тұрғын үйдің құрылысына 8 млрд.теңге бөлінді. Осы жылы бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 2255 отбасы тұрғын үй сатып алады. Жыл соңына дейін 212,9 км желі салынады, орталықтандырылған суға 2 ауыл қосылып, облыстың
14 елді мекенінде ауыз судың сапасы жақсармақ. 2022 жылы 12 елді мекеннің тұрғындары табиғи газға қосылды.

Ұлытауда халықтың аймақтан көшу көрсеткіші төмендеген

Ұлытау облысы облысы құрылып, дербес жұмыс басталғалы бері өңірде тек мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімдері ғана емес, түрлі қоғамдық ұйымдар, коммерциялық ұйымдар өз бөлімшелерін ашты.

Облыс экономикасын әртараптандыру үшін облыстың бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Аталған жоспар минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, индустриялық-инновациялық және әлеуметтік инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 126 іс-шарадан тұрады.

2022-2026 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі 1,4 трлн. теңгені құрады. Осы жылы жалпы инвестиция көлемі 12 млрд.теңгеден асатын, 350-ден астам жаңа жұмыс орнын құратын 4 жобаны іске қосу жоспарда тұр.

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары: Президент жолдауынан кейін не өзгерді?

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде ағымдағы жылдың басынан облыс бойынша 4,1 млрд. теңге сомасына 274 жоба қолдау тапты. 2022 жылы барлық көздер есебінен 57,7 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, 2023 жылы 140 мың шаршы метрден астам құрылыс қарқыны күтілуде.

Өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелердің бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі. Инвестиция көлемі 16,2 млрд теңгені құрайтын Жезқазған қаласындағы Үйтас-Айдос су қабылдағышының II көтергіш сорғы станциясын қайта жаңарту басталды. 2022 жылы құрылыстың басталуына 100 млн.теңге бөлінді. Қазір Үкімет резервінен 8 млрд.теңге сомасында қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар, 34 млрд. теңге сомасына 227 км облыстық маңызы бар автожолдар мен 118 км қалаішілік және кентішілік жолдарды салу және жөндеу жоспарлануда. Бұл 2026 жылы 98 пайызға дейін дұрыс жол деңгейіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ұлытау облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің деректері бойынша 2021 жылы көші-қон 2,7 мың адамды, 2022 жылы 2 мың адамды құрады. Яғни, халықтың аймақтан көшу көрсеткіші төмендеген.

Суреттер: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға