Абай Ұлттық мектебінің құрылысы аяқталуға жақын - министр
Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған Алматыдағы алғашқы ұлттық мектептің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұрынғы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты бүгінде «Абай Ұлттық мектебі» атауымен қайта жаңғыртылды.
Бұл мектептің тарихы өткен ғасырдың 1950-жылдарынан бастау алады. Жетпіс жылдың ішінде тағдырдың талай тәлкегінен өткен мектептің тамыры терең. Бірнеше өнер, қоғам және мемлекет қайраткерлері мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаны белгілі.
Абайдың есімі – Қазақстанның халықаралық аренадағы зияткерлік бренді. Сондықтан да бұл мектеп заманауи ғана емес, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп, сынақтан өтетін, тәрбиенің озық әдістері мен сыныптан тыс жұмыстың үлгілері жасалатын халықаралық зияткерлік орталығы болмақ. Абай Ұлттық мектебі – тек табысты түлектер тәрбиелейтін орын ғана емес, ұлттық құндылықтың қуатын болашақтың серпінімен ұштастыра алатын жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын қасиетті білім ордасына айналады деп сенемін,-деп жазды еліміздің бас ұстазы.
Бүгінде елімізде 200-ге жуық білім мекемелері ақынның атымен аталып, Абай атындағы мектептер желісін қалыптастырып отыр. Түркияда екі мектеп ұлы ойшылдың атын иеленген. Сондықтан да болашақта Абай Ұлттық мектебі барлық аталған білім ордаларының әдістемелік ғылыми үйлестіруші орталығына айналуы тиіс.

