Абай өңірінде ақпараттық технологиялар академиясы ашылды
Shakarim University өңірдегі Huawei ICT Академиясының ашылу салтанатын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл сәт білім ордасында ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың қалыптасуы мен дамуындағы жаңа дәуірдің басталуын белгілейді.
Бүгінде білім ордасы «SMART жүйелер және бағдарламалау», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету /Smart computing», «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламалары аясында өңірге білікті мамандарды даярлауда.
Рәсімге Huawei Technologies Kazakhstan бас директорының орынбасары Xu Hai мырза, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Абай облысы әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев, Шәкәрім университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Орман Нұрбаев, АКТ инфрақұрылымы мен зияткерлік құрылғылардың жаһандық тасымалдаушысы «Huawei Technologies Co Ltd» трансұлттық корпорациясының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзімен басталды. Ведомство басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының IT және жасанды интеллект салаларының экономиканы цифрландыруда аса маңызды рөл атқаратындығын атап өткендігін, бүгінгі шараның өңірдің дамуына өзіндік үлес қосатындығын айтты.
Huawei Technologies Co. Ltd. - телекоммуникация саласындағы ірі әлемдік компаниялардың бірі. Huawei әлемдегі барлық университеттерге білім және ғылым саласындағы бағдарлама бойынша ынтымақтастық ұсынады. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша ICT Академияның саны – 33, ал білім беру курстарынан өткен студенттердің саны – 5000-нан жоғары. Бұл академия - инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы студенттерді тереңірек оқыту үшін әлемнің жетекші университеттерімен бірлесіп жүзеге асыратын білім беру саласындағы ынтымақтастықтың халықаралық бағдарламасы. Бүгінгі ашылған АКТ академиясы – 2024 жылдың алғашқысы.
Басқосу аясында Shakarim University мен Қазақстандағы «Huawei» компаниясы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық және білім беруді дамыту туралы тиісті құжаттарға қол қойды. Бұл серіктестік студенттерге жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашып, олардың еңбек нарығына сәтті енуіне көмектесері анық.
Жиында сөз сөйлеген Huawei Technologies Kazakhstan бас директорының орынбасары Xu Hai тараптар арасындағы ынтымақтастықты атап өтіп, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға әзір екендігін ерекше айтты. Сондай-ақ, жиналған қауымға ICT Academy жобасы бойынша ақпарат беріп, академияның қызметіне тоқталды. Өз кезегінде Shakarim University ректоры Думан Орынбеков ICT Академияның Абай өңірінде жаһанды инновациялық экожүйені дамытуда елеулі үлес қосары анық екендігін, ел аумағы мен шетелде де қолданыс табатын жаңа идеялар мен жобалардың ұстаханасына айналатындығына сенімін білдірді.
Меморандум аясында тараптар ақпараттық технологиялар бойынша тренингтер өткізеді, студенттерді Huawei сертификаттарын алуға шақырады, олардың таланттары мен практикалық дағдыларын дамытады.
Тоқсан жылдық тарихы бар, көпсалалы ЖОО Shakarim University жанынан ашылған Huawei ICT Академиясы – студенттерге IT саласындағы озық технологиялар мен білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін, аймақты дамытудағы маңызды қадам. Себебі, академия арқылы өңірге технологиялық стартаптарды тартуға, халықаралық жобаларға қатысуға мүмкіндік болады.