Абай облысында үздік педагогтер марапатталды
Абай облысында 2024 жылғы республикалық және облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарымен кездесу өтіп, республикалық кезеңнің үш және облыстық кезеңнің жеті үздік ұстазы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс басшысы мұғалім мамандығының қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың білім беру саласына қосқан зор үлестеріне тоқталды.
Шәкіртті білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиетті бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Қоғамның басты байлығы – адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Үздік педагог – бұл тек байқаудың атауы емес, ол сіздердің адал еңбектеріңіз бен ұрпақ тәрбиесіне қосқан орасан зор үлестеріңіздің айқын дәлелі. Абай облысы әрдайым ұстаздарды қолдауға және білім саласын дамытуға басымдық береді, – деді әкім өз сөзінде.
Кездесу барысында педагогтар ұстаздық жолдағы бай тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар жайлы пікір алмасты. Олар педагогикалық қызметтің маңыздылығы мен қиындығын атап өтіп, білім сапасын көтеру жолындағы бағыттар туралы ойларын ортаға салды.
«Үздік педагог» атағына ие болған Айнаш Узбекова бұл марапаттың үлкен мәртебе екенін айтып өтті.
Бұл тек менің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың еңбегінің нәтижесі. Біз білім сапасын арттырып, балаларға сапалы білім беру үшін бар күшімізді саламыз, - деді ол.
Кездесуге педагогикалық салада ерекше еңбегімен танылған ұстаздар, атап айтқанда, 52 жыл еңбек өтілі бар «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкежанова мен 43 жылдық тәжірибесі бар «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Наталья Тегай арнайы шақырылды.
Шара барысында ұстаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталып, олардың еңбектері жоғары бағаланды. Бұл шара ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға және олардың білім саласына қосқан үлестерін мойындауға бағытталған игі қадамдардың бірі болды. Абай облысы білім саласын дамыту мен педагогтарды қолдау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.