Абай облысында сумен жабдықтау мәселесі толық шешілді – әкім
Абай облысының әкімі Берік Уәли Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыстың сумен жабдықтау мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Аймақтың сумен қамтылу деңгейі 2024 жылы 93,7% болса, биыл толық 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Барлық қаржыландыру көздері есебінен биыл сумен жабдықтау жобаларына 16,7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде арнаулы мемлекеттік қордан 10,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жыл соңына дейін 33 жоба жүзеге асырылып, 38 мың адам ауыз сумен қамтылады, – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ су желілерінің тозуын азайту мақсатында Шаған кенті, Алғабас, Архат және Ақой ауылдарында 4 жоба аяқталып, тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетілетін болады. Келесі жылы 24 су желілерін қайта құру жобасы іске асырылады.
Облыс орталығындағы Мұрат саяжайы мен Бобровка кенттерін электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 2,2 млрд теңге, – деп атап өтті әкім.

