Жаңалықтар

Абай облысында оқушыларға арналған көшпелі кэмпинг өткізілді

Абай облысында оқушыларға арналған көшпелі кэмпинг өткізілді
Фото: Абай облысы 30.06.2024 21:51 364

Абай облысында жазғы демалысты тиімді өткізу бойынша көшпелі кэмпинг өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, іс-шара Оpen air форматында балалардың демалуы мен бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды. «Жаңалықтар жолы», «Спорт көшбасшысы» және «FunKids» жобалары 100–ден астам баланы қамтып, олардың түрлі іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді.

5-6 сынып оқушылары үшін ойын алаңдары, викториналар мен байқаулар ұйымдастырылды. Ал ашық аспан астында балалар ойын-сауық ойындары мен көңілді эстафеталарға қатысты. 7-8 сынып оқушылары спорт алаңдарында жаттығып, туристік шеруге аттанды. Онда балаларға туристік техникалық жабдықтар мен арқан өткелдерін қалай пайдалану керектігі көрсетілді, - делінген мәліметте.

Өлкетану отрядтарының мүшелері үшін мұражай экскурсиясы өткізілді. Балаларға табылған жәдігерлер таныстырылды.

Экскурсиядан кейін балалар орманға барып, арнайы құрылғы арқылы көмілген заттар мен монеталарды іздеді.

Абай облысында жазғы кезеңде 10 450 баланы қамтитын 120 мектеп жанындағы тамақтану лагері және тамақсыз 299 бейінді алаң жұмыс істейді. Сондай-ақ, 9 сауықтыру лагері жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға