Жаңалықтар

Абай облысында мектеп оқушысы күн энергиясын тиімді пайдаланатын инновациялық жоба әзірледі

Абай облысында мектеп оқушысы күн энергиясын тиімді пайдаланатын инновациялық жоба әзірледі
Фото: Абай облысының әкімдігі 04.11.2024 19:11 394

Абай облысының оқушысы күн энергиясын тиімді пайдаланатын инновациялық жобасын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бородулиха ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Жеңіс Божаев күн энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерге пайдалану мүмкіндіктерін зерттейтін құрылғы жасады. Бұл жоба арқылы оқушы көмір, отын және электр энергиясына деген тәуелділікті азайтып, экологияға зиянды әсерді төмендетуді көздеп отыр.

Жоба барысында Жеңіс күн коллекторының сызбасын әзірлеп, бөлшектерді таңдап, қондырғыны құрастырудан бастады. Ол күн коллекторы арқылы ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық ғимараттарды жылытуға және су қажеттіліктерін қамтамасыз етуге болатынын анықтады. 30-90°C аралығындағы суға қажеттілік, әсіресе, ауыл шаруашылығы үшін маңызды екенін ескерген оқушы, бұл жүйенің өңірдегі маңыздылығына назар аударды.

Коллектордың құрастырылуында Жеңіс ағаш каркас пен пеноплекс жылу изоляциясын қолданып, жүйенің қос қабатты шыны арқылы герметикалық тығыздығын жасады. Жылу аккумуляторы ретінде арнайы ыдысты қолданып, тиімділігін сынақтан өткізді. 0,33 шаршы метр көлеміндегі коллектор құрылғысы 30°C температураға дейін қызу беріп, күні бойы 2 142 000 Дж энергия жинай алатынын көрсетті.

Оқушының есептеуінше, 23 шаршы метр аумақты қамтитын күн коллекторы орташа үйді жылытуға және ыстық сумен толық қамтамасыз етуге жетеді. Мұндай құрылғыны үйдің төбесіне орналастыру тиімді әрі кеңістікті үнемдейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға