Жаңалықтар

Абай облысында комикс арқылы сабақ беретін физика мұғалімі елді таң қалдырды

Абай облысында комикс арқылы сабақ беретін физика мұғалімі елді таң қалдырды
Фото: Абай облысының әкімдігі 13.01.2024 14:21 1766

Абай облысы Семей қаласындағы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің физика пәні мұғалімі Жасқайрат Нәубетов физика пәнін оқытуда ерекше тәсіл қолданады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Заманауи мұғалім әлеуметтік желі, компьютер ойындары, комикс-сериалдарды пайдаланып, оқушылардың пәнге қызығушылықтарын арттырып жүр.  

Оқушылардың креативті ойлауын дамытуда комикс арқылы физиканы үйретуді қолға алған. Нәтижесінде комиксті салу үшін оқушы тақырыпты зерттейді, ізденеді, креативін қосады, сабаққа қызығады.

Жас мұғалім ерекше тәсілмен оқытуды 7,9 – сынып оқушыларына қолданады. «Тығыздық», «Ньютон заңдары», «Энергия сақталу заңы», «Архимед заңы» тақырыптарда комикстер жасап, түсінуге күрделі тақырыптарды жеңілдетіп өткізіп жүр.

«Комикс арқылы оқыта бастағанда оқушылардың физика пәніне қызығушылықтары артып, сабақты ынтамен оқитын болды. Қазір жас ұрпақ көп уақыттарын смартфонда өткізеді. Телефонда уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуде бұл әдіс ұтымды болды. Әсіресе, баланың ойлауын, шығармашылық дағдысын, сурет салу қабілетін дамытады.  Сторителлингтің бір тармағы ретінде тақырыбыма қызықтыру үшін күнделікті қолданамын. Қазір оқушылар өздері комикс жасауды үйреніп, жаңа тақырыпты түсінуде пайдаланады»,-дейді Жасқайрат. 

Жас маман болашақта оқушылар арасында комикстер бойынша жарыс ұйымдастырмақ. Қазір мектепте физика пәнінен тақырыптың күрделілігіне, құрылымына қарай комикс салдырып, дағдыландыруға күш салып жүр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға