Абай облысында колледж студенттері Германияда тағылымдамадан өтетін болды
Абай облысында колледждің 3-курс студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері үш айлық кәсіби тағылымдамадан өтеді. Бағдарлама 2025 жылдың қазан айында басталады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өңірдегі Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі Германияның әлемдік тәжірибесі мол «MICHEL METALLBAU GmbH & Co. KG», «A&E NENASCHEW GMBH ELEKTROTECHNIK», «Solonex GmbH» компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында оқу орнының студенттері халықаралық деңгейде білімін жетілдіріп, заманауи тәжірибені меңгеру мүмкіндігіне ие болады.
Тағылымдама «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Электргазымен дәнекерлеуші», «Жиһаз өндірісі» мамандықтарының студенттерін қамтиды. Бұл бастама тек Абай облысы Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі базасында жүзеге асырылып отыр.
Облыс әкімдігі бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге серіктес компаниялар тарапынан халықаралық үлгідегі сертификат табысталатынын атап өтті. Бұл құжат түлектердің болашақ кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

