Абай облысында екі шопан құтқарылды
Абай облысында мал іздеуге кетіп, су деңгейінің көтерілуіне байланысты өз бетінше орала алмаған шопандар іздестірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, 31 наурыз күні сағат 17:30-дан бастап Абай облысының Көкпекті ауданында 1985 және 1990 жылдары туған екі шопанды Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағының көмегімен іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Шопандардың айтуынша, олар малды айдауға шыққан, бірақ Көкпекті өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты қыстаққа өз бетінше орала алмаған.
Құтқарушылардың қабылдаған шараларымен 39 жастағы ер адам «Тассай-Көкпекті» автожолының көпірінен табылды, оны қайықтың көмегімен жағаға жеткізді. 33 жастағы екінші адам таңертең Көкпекті өзенінің маңындағы аралдан табылды. Ол Ми-17 тікұшағының көмегімен жағаға жеткізілді, - делінген мәліметте.
Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ.