Жаңалықтар

Абай облысында балабақша есепшісі 2,5 млн теңгені жымқырған

Абай облысында балабақша есепшісі 2,5 млн теңгені жымқырған
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 20.07.2023 03:15 808

Абай облысына қарасты Жарма ауданында балабақша есепшісі 2,5 млн теңгеден астам қаражатты өзіне заңсыз аударған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz таратқан ақпаратқа сәйкес, есепші мекеме басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасына қол жеткізе отырып, оның көмегімен ақшалай қаражатты есептеу және аудару бойынша барлық қаржылық операцияларды жүзеге асырған.

«Onlinebank HALYK» бағдарламасы арқылы жалған электрондық төлем шоттарын жасаған. Әйел өзінің лауазымын асыра пайдаланып, 3 жыл бойы осы әдіспен өз есепшотына ақша аударып жүрген.

Осылайша, қылмыстық әрекеттердің салдарынан бухгалтер балабақшаға жалпы сомасы 2,5 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Қазіргі уақытта есепші өзінің кінәсін толық мойындады және мемлекетке келтірген материалдық залалды өтеді. Осылайша сот заттай дәлелдемелерге сүйене отырып, сотталушыны кінәлі деп танып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру және өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айыру түрінде үкім шығарды.

Әйелдің 14 жасқа толмаған 3 баласы бар болғандықтан Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жазаны орындау 5 жылға кейінге қалдырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға