Абай облысында ауыл тұрғындары жер астынан көне заманға тән Құран кітабын тауып алды
Абай облысының тұрғындары жер астынан бірнеше ғасыр бұрынғы көне Құран кітабын тауып алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Киелі кітап өңірдегі Бесқарағай ауданына қарасты Қоянбай ауылынан табылған.«Qazaqstan» ұлттық арнасының хабарлауынша, ауыл тұрғындары үй ауласында шарбақ орнату үшін шұңқыр қазғанда көне жәдігердің үстінен дөп түскен. Құранның біраз бөлігіне күрек жүзі тиіп бүлінген. Ал қалғанын тұтас күйінде аршып алынған көрінеді.
Кітаптың қай ғасырға тиесілі екені әзірге белгісіз. Бірақ, әбден ескірген беттерінен жазулар анық көрінеді. Тапқандар оны енді зерттеу үшін ғалым мамандарға беруге дайын.
Жәдігер шыққан маңда ертеде мешіт болған деген болжам айтылып отыр. Сондықтан жер астына өзге де құнды заттар жасырылған болуы мүмкін, - дейді ауыл тұрғындары.