Абай облысында 23 мектеп директоры конкурссыз тағайындалған
Абай облысында мектеп директорлары корпусы кезең-кезеңімен жаңарып келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оқу-ағарту министрлігі бастамасымен жүзеге асып жатқан республикалық «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының нәтижесі болып отыр. Аталған жобаның мақсаты жаңа форматтағы, заманауи ойлайтын, тиімді басқару қабілеті бар мектеп басшыларын даярлауға бағытталған. Іріктеу нәтижесінде резервке енген үміткерлер мектеп директорлары қызметіне конкурссыз тағайындалып отырады.
2023 жылы жоба аясында 15 маман резервке алынып, оның 13-і мектеп директоры болып тағайындалса, 2024 жылы 11 үміткерден 7-еуі жұмысқа кіріскен. Қалған үшеуі 20 тамызға дейін тағайындалады деп жоспарланған.
2025 жылы жобаның үшінші кезеңінен 27 кандидат өтті. Олар алдағы уақытта облыс мектептеріндегі бос директорлық қызметтерге ұсынылады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, білім сапасын арттырудың негізгі бағытының бірі – тиімді басқару жүйесін құру және кадрлық резервті дамыту.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын бастадық. Бұл – отандық білім беру саласын дамытудағы жаңа кезеңнің бастауы. Ең басты міндетіміз – балалар мен педагогтер үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, – деді министр.

