Жаңалықтар

Абай неге мектеп салдырып, бала оқытпады?

Абай неге мектеп салдырып, бала оқытпады?
Фото: e-history.kz 10.08.2024 10:20 7745

Абай елге белгілі аға сұлтан Құнанбайдың, күллі Тобықты руының бетке ұстар әулетінің перзенті еді. Әкенің атағы да, байлығы да жеткілікті болды. «Оқысам, білсем, көрсем» деген Абайдың Қытайға барып кітап ақтарамын десе де, Бұхарға барып білім аламын десе де әкенің дәулеті мен ұзын қолы жететін. Алайда осынша дәулет бола тұра, ғылым мен білімге құмар Абай Семейден ұзап ешқайда бармады. Бұл бір. Екіншіден, қазақтың санасын оятқысы келген, халықтың көзін ашқысы келген Абай мектеп салдыруға әрекет қылмады.  Үшіншіден, Абайдың діни сауаты терең болды. Шариғаттың шарттарын, пайғамбардың сүннеті мен Құдайдың парызын бес саусағындай білді. Бірақ тағы да сол бар мүмкіндігі бола тұра, Құнанбай қажының ұлы Меккеге бармады. Осы орайда "Абай неге Семейден ұзап шықпады?", "Қажының баласы неге бесінші парызын орындамады? Неге мектеп салдырып, бала оқытпады" деген сұрақтар туындайды.

Біз осы сарақтарды филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Ақжол Қалшабекке де қойған едік.

Абайтанушы, ғалымның айтуынша хәкімнің бұл шаруаларды атқаруға айтарлықтай мүмкіндігі болмаған.

Бұл сұрақтарға тереңдеу қарау керек. Яғни қоғамдық тұрғыдан. Яғни тарихи-саяси, әлеуметтік тұрғыдан. Ол үшін бір-екі мысал келтірейік. Кәкітай Құнанбай туралы айтады: «Уахтындағы елдің құр мұсылманмын дегенінен басқа діннің не екенін білмей, қан жеб нече түрлі ырымдарға табыныб жүргеніне қатды тыйу салыб, анық шариғат қосбаған ісді қылған, ғайри бұзұқчылық іс қылғандарға бек ауыр жаза салыб, халыққа ауыл басы молда ұстатыб, қадари хәл ғылымның жолын көрсетіб үлгі салған». Міне Кәкітай осы жерде Құнанбайдың заманындағы қазақ қоғамы туралы реалды ақпарат береді. Ол ақпараттан біз сол кездегі діни ахуалды һәм қазақ қоғамының жай-күйін байқаймыз. Сол кезде жағдай неге сонша құлдырап кетті? Себебі біз өз еркінен толық айырылған, бодан ел-жұрт едік. Ресейге толық тәуелді болдық. Бірақ Құнанбайдың кезінде әлі де болса аға сұлтандық жүйе бар еді. Оның аз болса да өкілеттігі бар еді. Құнанбай соның арқасында жаңағы Кәкітай айтқан істерді атқара алды. Ал Абайдың кезіндегі жағдай одан да төмен болды. Аға сұлтандық  жойылып тек болысдық билік ендірілді. Бұл әшейін ауыл-арасындағы билік болды. Яғни Абайдың мүмкіндігі бұл жөнінен Құнанбайдан да төмен болды. Яғни ол мектептер салу деген сияқты жүйелі жұмыстарды атқара алмас еді. Мүмкіндік те бермес еді. Одан кейін Абай Құнанбай сияқты қайраткер болған жоқ. Жоғарыда айтқандай бола да алмас еді. Абай рухани қайраткер болды. Ол ең бірінші халықтың бітеліп қалған рухани бұлақ көздерін ашып, ояту керек екенін түсінді. Оның ең басты еңбегі – «Китәбу тасдиқ» шығармасы. Осында ол көп мәселені қозғайды. Мектеп сала алмаса да сол мектептің өзі қандай болу керек деген мәселенің басын ашады. Мысалы Түркияны мысалға келтіреді: «Бұл күндегі тахсил ғулум ескі мәдрәсәләр  ъурфында  болұб, бұл заманға файдасы йоқ болды. Соған қарай Ъусманияда мәктәб харбиа, мәктәб рушдиәләр салыныб, жаңа низамға  айланған» дейді Абай. Яғни Абайдың кезінде бар оқу орындарының өзі заман көшінен қалып, заман сұранысына жауап бере алмайтын мүшкіл күйге түсіп еді. Заманның өзгерісін Ислам контекстінде түсіне салу деген оңай нәрсе емес. Сол үшін ол осы еңбегінде сопыларды сынайды. Оның ішінде тәркі дүниелік деген түсінікті сынайды. Яғни мұсылмандарда сол кезде сондай көңіл-күй, түсінік болған еді. «Бұл жалған дүние, оған онша бас ауыртпау керек» деген. «Тек ахирет дүниенің қамын жеу керек» деген. Исламдағы фәни, ахирет ұғымдары ондай емес. Исламда біреуін алып, біреуін тастау керек деп айтпайды. Екеуін де орнымен ұстау керек дейді. Осы идеяға оқу жүйелері де қызмет ету керек. Абай сол үшін Семейдегі діни Ахмет Риза медресесімен қатар орысша приходская школаны қатар оқыған. Бұл проблема қазіргі өмірде де бар. Қазір де біреулер светский, зайырлы деп бөледі. Білім беру тек зайырлы түрде болу керек дейді. Яғни олар өткен ғасырдағы қателіктерді сол күйі қайталап жатыр. Өткен ғасырда мұсылмандар тек ахирет білімімен шектелу керек десе, қазір жоқ ахирет білімі керек емес, тек дүниелік білімді алу керек дейді. Исламда осы екеуі де керек дейді. Еуропа фәни дүние білімін қолдайды. Есесіне рухани тоқырауға ұшырып жатыр. Бұрын мұсылмандар тек ахирет білімін аламыз деп, дүниеге мән бермей, содан саяси тоқырауға ұшырады. Екеуі де дұрыс емес, - дейді  Ақжол Қалшабек.

Айтуынша, Абай фәни-бахи қажетін бірдей өтейтін білім концепциясын ұсынған. Абайдың «толық адам» туралы тұжырымы да осы.

Абай «Китәбу тасдиқ» еңбегінде бұл туралы: «Енді біліңізлер, ей фәрзәндләр! Худай Таъаланың йолы деген йол Аллаһ Таъаланың өзүндей ниһәйәтсыз болады. Аның ниһәйтінә һеч кім йетмейді. Бірақ сол йолға йүруні өзіне шарт қылыб, кім қадам басды, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» дейді. Яғни Абай мектеп сала алмады. Оның нақты қоғамдық-практикалық істермен айналысуға мүмкіндігі болмады. Өйткені оның тұжырымына сай мектепті салуға Ресей империясы мүмкіндік бермес еді. Мысалы Ы.Алтынсариннің осындай мұсылманшылықты да, орысша оқуды да бірдей қамтымақ болған педагогикалық арманы іске аспады. Миссионер Н.И. Ильминскилер оған рұқсат бермеді. Өйткені олар қазақ халқының көзін ашатын емес, отарлық жүйеге мінсіз қызмет ететін қызметкерлер тәрбиелумен айналысты. Абай осындай кезде фундаменталды рухани реформалар жасаумен айналысты. Оны қазір біз азық қылып отырмыз. Асқар Сүлейменовтің «Келер қазақтың да ішер уы мен балы Абай» дегені рас боп тұр. Негізі 19 ғасырда саяси-қоғамдық реформаны жасаудың жарқын бір үлгісін көрсеткен тұлға – Жәңгір хан. Ол шағын, шектеулі жағдай да болса да нағыз жаңа заманға сай қазақ қоғамын құра білді. Оны іс жүзінде орнатты. Оның жасаған реформалары өте жан-жақты, іргелі, негізгі тұжырымы өте дұрыс болды. Біз жаңа Қазақстанды құруда Жәңгір хан реформаларын зерттеп, пайдалануымыз керек. Соның ішінде Бөкей ордасындағы «Жәңгір мектебі» үлгілері қазіргі білім жүйесіне пайдалану өте пайдалы болар еді, - дейді абайтанушы.

Сондай-ақ ғалым Абайдың құлшылық мәселесіне қатысты да тың дүниедер айтты.

Енді қажылық мәселесіне келсек. Жалпы Абайдың құлшылық мәселесіне тоқталсақ. Бұл жайды да Кәкітай жақсы айтқан. Ол былай дейді: «Абай ғибадат турасында көрнеу, сырты тақуа кісі емес еді. Жай уақытда намаздын көб оқымаучы еді. Бірақ рамазан айында ораза ұстаб, намазды сонда үзбей оқучы еді. Ол оқыған кезінде өзгелерді «асығыс отырыб, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деб өзі жеке асықбай оқыб, отырыб алучы еді. Әсіресе иғтиқадқа бек мухкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да «мынау құдайчылыққа жөн, бүйтсе –  адамчылыққа жөн» деучі еді. «Ғибадатдың ең үлкені –  көңілдің тазалығы, адам баласына жаны ашырлық» деб, сыртымен софысыныб, тақуасынған кісіні қатты ұнатбаучы еді. «Мұндай адамдар халқ үчүн ғибадат қылады, хақлықбен, чын көкрегі емес, қара жұртқа хұрметді болмақдан басқасы жоқ», – деб». Абай үшін ең басты нәрсе – иғтиқад болған. Иғтиқад деген – сенім деген сөз. Ислам сенім және құлшылықтан тұрады. Абайдың басты талабы не боп тұр? Халық үшін емес, Хақ үшін құлшылық қылу. Ол өзі де екіжүзділік мәселесін көп көтерген. Бір өлеңінде: «Тасдиқсыз иман, тағлымсыз қылған, тағатыңнан пайда жоқ» дейді. Демек сол кезде қазақ қоғамында ең басты сенім мәселесінен гөрі сыртқы денемен болатын құлшылыққа яғни намаз, ораза, қажылық сияқты, көбірек мән беріліп кеткен болуы мүмкін. Ол мәселе қазір де бар. Бұл діндегі мәңгілік мәселелер. Абай осы мәселені көрген соң кейбір жұрттың құлшылықтың негізгі мәніне мән бермей, тек сыртқы атрибуттарын ғана дін деп түсінуіне қарсы болған. 16-шы сөзінде: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны» деп сынайды. Сол үшін де ол «Китәбу тасдиқ» еңбегін жазған. Бұл «Сенім кітабы» деген мағына береді. Ол іс пен сөздің бір болуын қалаған. Бірақ бұл жерден намаз, қажылық, ораза сияқты ұлы құлшылық түрлеріне Абай жеңіл қараған екен деген түсінік шықпайды. Тек ол діннің негізгі бастау көзіне қатты мән берген. Ол – иман, сенім, иғтиқад. Өйткені басы тура болмаған нәрсенің аяғы да дұрыс болмайды. Оның үстіне Абайдың кезінде қажылыққа бару мәселесі қазіргі Тәуелсіздік заманындағыдай оп-оңай болмаған. Тек Ресейдегі арнайы мекемелердің рұқсатымен ғана баратын болған. Кейбір тұлғаларға рұқсат берілмеуі де мүмкін ол кезде. Сөйтсе ол өзі өмірінің соңында інісі Шәкәрімнің қажылыққа баруына һәм білім алуына мұрындық болды. Қысқаша айтқанда осы, - дейді ғалым Ақжол Қалшабек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға