Жаңалықтар

Абай және қоғам үні

Ұлы ақын шығармашылығының бүгінгі келбеті
Абай және қоғам үні
30.06.2020 21:53 19168

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл еліміз бойынша Ұлы Абайдың 175 жылдығын салтанатты түрде атап өтуді басты назарға алған еді. Қазіргі таңда туындап жатқан қиыншылықтарға қарамастан, ұлы данышпанның шығармашылығы жоғары деңгейде насихатталып жатыр. Абайдың кім екенін, қазаққа қандай еңбек сіңіргенін айтпай-ақ, халық арасында «Абай дегеніміз – қазақ, қазақ дегеніміз – Абай» түсінігі қалыптасқан. Осы орайда қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ақын шығармашылығының бүгінгі келбетіне бір шолу жасап өттік.

4e02e987-6803-424b-9626-f612c5aa3327.jpg

Сонымен, Шыңғыстауда дүниеге келіп, өзі өскен қоғамын ашық сынға алып, өмір жолында болыстықты да, тарлықты да көрген ойшылымыздың бізге қалдырған мұрасын қай жағынан алып қарастырсақ та артық емес. Алаш арысы Міржақып Дулатов: «Біз Абайдың өлген күнінен қаншалықты алыстасақ, соншалықты оған жақындай түсеміз», - деген еді. Абай – бүгінгі қазақ баласының темірқазығы.

Қайсы әдебиетті алсақ та оның ішінде буырқанып жатқан елеулі кезеңді өзгерістер, негізінен, қоғамның саяси-әлеуметтік болмысымен тікелей астасып жатқан рухани құбылыстар екеніне көзіміз жетіп келеді. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ әдебиеті тарихында айтарлықтай орын алып, оның даму үстінде келе жатқан өзекті саласы – абайтанудың пайда болу, қалыптасу, даму жолына назар аударсақ та осы аталып өткен ерекшеліктерді көреміз. Біз Абай шығармаларына зер салмас бұрын, Абайтану ғылымының бүгіні мен өткеніне көз жібертіп көрсек. Бұл туралы аталған ғылымның негізін салушы Мұхтар Әуезов: «...революцияның алдында ақын жайлы ешнәрсе аталмады дей алмаймыз... Абайтанудың діңгегі тұңғыш танымдары оған дейін басталған... Ақынның тағдыры мен қоғамын, шығармашылығының сан қырын, шама-шарқынша қазақ жұртшылығына жеткізген сөздерді назардан шығармауымыз керек», - дейді. Міне, Мұхтар Әуезов тұңғыш осы Абайтанудың негізін сала отырып, Абай мұрасын бүгінгі таңға өшпес үлгі ретінде жеткізген. Яғни,бұл ілім Абай шығармаларын зерттеуге үлкен үлес қосып отыр.

Надандық пен қараңғылықтың ортасында туып, сол қараңғы заманда бой түзесе де, Абай өркениетті қоғамда айтылатын ашық көзқарастары мен пікірін, дүниетанымын мүлткісіз суреттей біліп қана қоймай, сол ойлардың шарықтау шегін де әдемі байланыстыра білген нағыз тума талант. Ол өзі өмір сүрген ортаға объективті көзқараспен қарап, жалпылама суреттей білді. Демек, Абайдың дүниеге келуінің өзі қазақ қоғамына жаңа бет-бұрыс алып келді десек те болады.

Ақынның көкірек көзі ояу, тілі орамды болды. Терең ақыл мен сарабдал сынының бұрыс айтылғаны жоқ. Оқып жинаған бар білімін өз пайымына салып түгендеп, қара халықты ағарта білді. Сонымен қатар, сол пайым мен түсінікті көркем тілменен жеткізген.

a57dc432-fe02-4416-9f1c-cc193fec3472.jpg

Ақын шығармашылығы арнасы көп, суы мол өзен тәрізді. Жігітке жеті өнердің аз дейтіні сияқты, Абайдың өнері де сан қырлы. Тіл, әдебиет жағының өзін бірнеше тарауға бөліп қарастырсақ та болады:

- ахлақи деп айтылатын мінез-құлық туралы пайымы;

- пәлсапашылдық пен терең ой;

- сыни пайым;

- ерекше суреткерлік;

- жүрек мұңы мен зарын шертер лириктігі;

- әжуәлаған, сатираға тән мазақ күлкілі ойлары;

- ақыл мен парасат сөздері (публицистика);

- керемет аудармашылық;

Мұндай жан-жақты, сегіз қырлылық өнербасқа ақын-жазушылардан табыла бермейтін, Абайға ғана тән хас сипат.

Ұлы ақынның қара сөздері де поэзиясы сынды қоғамның алуан түрлі мәселелерін қаузайды. Өлеңдеріндегі бай мазмұн қара сөздерінде де толықтай ашылып көрсетілген. Айналасында болып жатқан өмір көріністерін Абай өлең өрнегімен де, проза жанрында да жеткізген. Яғни, өлеңі мен қара сөзі бірін-бірі толықтыра түскен. Ғұламаны тану үшін тек өлеңін яки қара сөзін оқу жеткіліксіз. Мұндайда Абайды білу, Абай шығармашылығын зерттеу ең бірінші қара сөздерін оқудан, одан кейін өлеңі мен поэмаларын оқудан, өмірінің сан қатпарын танудан басталады дейміз. Абайдың өлеңі мен қара сөздеріне өмір сүрген заман шындығы мен қоғам құбылыстары арқау болған.

Абай қоғамында көрініс тапқан әділетсіздікті жазып, онымен қоса одан құтылудың жолын да қарастырған. Әділетке, өнер мен білімге, адал еңбекке, адамгершілікке шақырды. Маңайына ағалап жиналған жас буынға өнегелі кеңестерін айтып, адамгершіліктен ада мінез-құлықтардан сақтандырды. Қазақтан озған елдерді жатсынбай олардың өнері мен мәдениетін үйренуге, дүниелік ғылымдар мен жаңа технологияны меңгеруге үгіттеді. Ал ең алдымен ұлы орыс халқының бай мәдени мұрасын игеру керектігін айтқан.

Абайдың архивтерде әлі де жарық көрмеген сөздері көп. Сол қара сөздерінің бәрі қиыннан қиыстырылып жазылған. Ахлақи деп отырғанымыз адамның өзін-өзін тану жолындағы үлкен күресі баяндалған суреткер шығармасы. Онда дін де, адамдық та, мінез-құлықтардың қайшылықтары да сөз болады. Абайдың барлық шығармаларында пәлсапа кездеседі. Осы пәлсапасы көреген данышпандыққа ұласып ел арасында Абай сөздері ауыздан-ауызға жатталып жетіп отырған. Солардың ішінде Абай мақалдары да бар. «Атасының баласы адамға дұшпан, ал адамның баласы барлығына бауыр». Бұл да Абайдан жеткен он алты мәтелдің бірі.

Ал ақынның сыншылдық сипатын сарказмға толы өлеңдері көрсетеді. Оның кейіпкерлері ауылдың қылжақбас жігіттері мен жеңілтек әйелдері.

Басқа қасиеттерін алып қарамағанда Абайдың ақындық келбетінің өзі аспан мен жердің, теңіз бен жағаның жалғастығы іспетті, қабысып кететіндігі. Жылдың төрт уақытын қазақтың өмірімен үйлестіріп жазғандарын оқып отырғанда сол уақыттарды көзіңмен көріп, денеңмен сезіп отырғандай суретін алдыңа әкеліп елестетеді. «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» дегені өзінің ақындығына көзі жеткендігімен айтқаны. Мысалы, Абай көз алдына мынадай дүниенің түрін келтірген: желсіз, жарық түн, әдемі тау, ағынды өзен, көл бетіндегі айдың жарығы, тыныш дала, қаңғырған ұлыған ит-күшік. Айтып отырған бейнеміз әр адамға жат емес сұлу көрініс. Махаббаттың бал дәміне мас болған қос ғашықтың тебіреніске толы жан-ахуалын осындай бейнелеумен ұштастырып «Желсіз түнде жарық ай» деуінің өзі лириктіктің биік шыңы.

Ғашықтық пен махаббатты, қыз жүрегіндегі нәзіктікті Абай бір кісідей түсініп, басынан өткере білген жан. Сондықтан да шығар асқан шеберлікпен суреттейді. Дәл сондай жырларында ахлақи турасынан алшақтап кетсе де, ақындыққа сын емес деп ойлаймыз. Абай болмысы қай нәрсенің болсын жарасымын, келісімін, сұлудан сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің қалауымен негізін қалаған шығармасына ақыл айту бізге жараспас. Абайдың шығармашылық қиялы мен жүрек көзіне өзгенің айтқан жөн-жосығы жараспас еді.

Адамзат асылының туындыларының басым бөлігі жүрек түкпіріндегі қайғы мен мұңды шер қылып қозғайды. Ол бірде өлсе орнының сызды қара жер екенін, қырық жамаулы жүрегінің зарын, сырты сау жүргенімен ішінің ерте өлгендігін жеткізеді.

Ызалы қалжың мен кекесін күлкі де ақын шығармашылығының бір парасы. Өлеңдерінде ұнамсыз кейіпкерлер мен іс-әрекеттерін ашық сынға алатын тұстары көп кездеседі. Оның осындай әзіл кекесін өлеңдерінің кейіпкерлері көбіне болыстар болған. Өзінің болыстығы туралы «Болыс болдым мінекей» дегені де бар. Үстірт қараған адам бұл өлеңдердің астарын түсінбей қалуы да мүмкін.

Абай қазақтың жаңа әдебиетінің негізін салушы. Абай қалыптастырған буын әдебиеті қазақ әдебиетінің жаңа белесі болды. Бұрынғы жыршы-жыраулардыңсалып кеткен соқпағынан шығып, өз даңғылын қалыптастырды. Біріншіден, заманынан озып туғанының анық дәлелі де осы. Екінші жағынан, ақындығының мықтылығы болса, үшінші жағынан өлең жолын өнер жолымен ұштастырғандығы. Абай қазақ әдебиетінің жаңа толқынын, жаңа лебін қалыптастырған ұлы тұлға. Абайдың салған даңғылы өз заманындағыларды ғана қаратып қоймай, қазіргі ізбасарларын да соңынан жетелеп әкеле жатыр. Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп, шәкірт қып әкетті. Абай өлеңнен неше түрлі өлшеу көрсетіп, көп түр кіргізді. Бұл күнге ақындар Абайдың салған көп түріне түр қоспақ түгілі әлі сол түрлерді түгел сіңіріп ала алған жоқ. Көптің бетін бұрып алғандығы – шығармашылық қуатының күштілігі. Абай шығармашылығын ұлы мұра ретінде насихаттап, даму деңгейіне көтерілген әдебиет «Абай дәуірі» деп аталарлығы сөзсіз.

Енді «Абай шығармалары ел арасына қалай тараған?» деген сұраққа жауап іздесек. Даладағы қазақтар ортасында ақындық өнерді кәсіп еткен әнші, ақындар болған. Олар ауыл-ауылды аралап, домбыра тартып, өлең айтып, дәулеттілерге арнап мақтау өлең айтқан. Байлар да оларға сыйлық тартып отырған. Сый беруге сараңдық жасағандарды әжуа-сықақ сөздермен мазақтап, сараңды есінен кетпестей күлкіге ұшыратып отырған. Ақындардың көпшілігі сауатсыз болғандықтан өлеңдерін жазып не жаттап алмаса ұмыт болып қала берген. Ал ақын шығармашылығы оқырмандары тарапынан үлкен сұранысқа ие болған. Халықтың шынайы өмірін суреттегендіктен де өлеңдерінде тірі жан бардай сезіліп бағаланған. Ақын, жыршылар Абайдың мысқыл, әжуа жырларын естігенде сол қайырымсыз мінез-құлықты өз бойларында барын сезініп, міндерін көріп, ұялғанынан күле беретін болыпты. Эмоциялары шарықтау шегіне жеткенде бірден терең ойға түскен. Ал одан кейін Абайдың табиғат, сезім лирикаларына бой алдырғанда аспанда шарықтап кеткен деседі.

Дана кемеңгердің бай мұрасы бізге әдебиет арқылы келіп жалғасты. Абайдың өлеңдері өз заманының артын ашып, қоғамының іріп-шіріп жатқан жүйесін әшкерелеп берді. Ақын туындылары айтылмаған ауыр тақырыптарды шынайы мазмұнда суреттейтін бай, мағынасы терең, тілі көркем еңбектер.

Абай соқтықпалы және соқпақсыз жерде қатар өскен ауыр кезең куәгері. Өз қоғамының адамдарға жүргізіп жатқан хайуандық саясаты мен үстемдігін көзімен көріп қана қоймай, жүрегімен сезіне білді де. Қазақ халқының қамы үшін не етпегім керек деп шырылдады. Жарасына ем таба алмай, еңсесі түскен халықты тек оқу мен білім үйрену құтқарат деп топшылаған.

Абай әдебиетті жаңа белеске шығарып қана қоймай, қоғамдағы беделін арттырған. Өлеңді өз пайдасына жаратып, байларға мақтау өлең айтып, мал үшін өлеңнің қадір-қасиетін түсіріп жүрген ақынсымақтарды ашық сынады. Оларға өлеңнің арзан дүние еместігін көрсетті.

ae918c7c-d5be-45da-bbdb-b81fb39a5c6d.jpg

Абай ұғымында ақын дегеніміз әділдік пен азаматтықтың жаршысы еді. Жастарға ақындықтың жаңа үлгісін таныту жолында ұстаз да болды. Жастардың пікірімен санасып, ақы айтып, көкірегіне сезім, тіліне орам байлап беріп отырған мықты оқытушы еді. Қиыстырылып ұйқас қуып жазылған сөздің бәрі өлең емес, айғайы мен көңілді нотасы көп жыр ән емес, сөздің патшасы – өлең, сарасы да өлең екенін Абай жастарға жеткізе білген. Өлеңнің тілі ауыр емес жеңіл, жүрек қылын қозғар жылы, құрылым-құрылысы тып-тинақтай, жан-жағы теп-тегіс, қысқа сөз, терең ойлы болуы керек екенін айтқан.

Ақын ел арасын бөтен сөзбен былғамай, ақынның бейшараның халіне түспей, шебер суреткер, мәдениеті мен білімі жоғары азам болса ғана өз дарынына адал болғандық деп көрсеткен.

Абай өз өмір кешке қоғамының шындығы мен құпиясын тамырымен зерделеп, сырымен етене таныс болған шыншыл публицист. Өз заманының барлық қайшылықтарын таразылаған. Халқының әлеуметтік жағдайының төмендігін, мұң-мұқтаждығының көбін, ой армандарына жету туралы мақсаттарының жоқтығын жете түсінген. Қара халықтың адал еңбегінің жемісін көре алмай қор болып отырғандығын да білді. Қулықпен пайда тауып, қалың халықты қанап отырған бай-мырзаларды ашық сынады.

Осы жағдайдан кейін ақын билік иелерін сынға алып, реалист ақын ғана болмай, сыни көзқарасты да қалыптастырды. Ауыл басшыларының тағайындалған күннен бастап істейтін әрекеттерін, мақсат-мұраттарын, дүние-пайымдарын бейнелеп өз өлеңдеріне кейіпкер етті. Болыс болудағы басты мақсат елге қарайласу емес, қу кеңірдегінің қамы мен мал жинап қалсам деген қу құзғыны екенін әшкерелеп береді.

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде...

Абай бұл өлеңі арқылы жан айқайын қалың көпшілікке жеткізеді.

Бай-манаптардың қылмысы мен мақсатын әшкерелей отырып, халық көкейінде жүрген арманын қозғайды. Ел-жұртының күннен-күнге азып-тозып бара жатқанын айтады:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың, -деп, Абай елді сүліктей сорып, оны надандықтың тұманынын сейілтпей отырған діндар-дүмшелерді қатты сынға алады. Тағы да:

Кейбірі пірге қол берген,

Іші залым, сырты абыз,

Кейбірі қажыға барып жүр,

Болмаса да қаж парыз, - деген өлеңдерінде өткір тілді сатирик ретінде өзін дәлелдеп, бір қырынан паш етті. Ал осындай мысқылдағы сатиралары орыс ұлтының жазушыларының үнімен қоса қабысқан. Халықтың екіжүзді, мақтанға салынған надан тобын сынға алып,ашықтан-ашық қарсы ұрысқа шығады. Бұл жолы әрине сөзімен, өлеңімен. Осылайша, Абай өлеңдерінің көп бөлігі сыни бағытқа бет бұрады.

Көздеген нысанына дәл тиетіндей ақын өлеңдері қауқарлы еді. Болыссымақтардың менменсіген бейнесін айна қатесіз өлеңдерімен суреттей білді.

Ақын таптық қанауды, әділетсіздікті және өзге де келеңсіздіктерді қабылдап, ұғынған. Осылардың барлығын ақын ретінде айырықша жігермен жеткізе білді. Халық арасындағы жер мен көктей болған айырмашылықты бай мен кедей арасынан көріп қапа болды. Күздегі кедейдің сұрғылт, жұпыны өмірін, қараша мен желтоқсандағы бозғылт, сүреңсіз, баянсыз аянышты жағдайын суреттеуде ерекше көркемдік танытады. Иесінің малын бағып жүрген кедейде не хәл болсын?! Өлеңнен күйзеліске ұшыраған қара үйдегі бала-шағасы, байдың терісін илеп, шекпенін тігіп отырған қара әйел көз алдыңа келеді.

Ақынның өлеңдерінің бір парасына қазақ жұртына деген риясыз махаббатын көрсетеді.Ақынның қай өлеңін алып қарасаңыз да бірінші орында ел мүддесі тұрады. Басты кейіпкерлері де – қарапайым халық.Елінің мәдениет пен өнерден мақұрым қалғанын ойлап, ашына қолына қалам алып, ішіндегі зарын жазды. Қазақ халықан көршілес елдермен салыстырып, солардың бәрімен де қазақтыңтату-тәтті, мәдениетті ел болуын арман етеді. Басқа ұлттармен, оның ішінде орыстармен дос болуды, олардан өнер үйренуді, тағылым алуды аңсайды.

Оның жасауға ұмтылған поэзиясы шыншыл поэзия еді. Абай бұл мақсатына жеткен жандардың бірі.

Қазақ әдебиетіндегі шыншылдық тек классиктер дәстүрінде ғана қалыптасты деу аз, мұнымен қатар жазушының қарапайым халық тұрмысымен байланыстылығы айырықша маңызға ие. Сондықтан да, Абай реализмін әзір күйінде басқа елден әкеліп, қазақ топырағына қондыра салынған әдіс деп қарауға болмайды. Ол – ұлттық өмірдің туындысы. Өз халқы мәдениетінің жемісін Абай өз шығармашылығының өзегі етіп, қазақ халқының өмір шындығын дұрыс көрсете білді. Оның шығармаларының құндылығы да осында. Туған халқының өмірі мен күресін суреттеуді хәкім өзінің игілікті мақсаты етіп қойды. Халықты келер күндерін, болашақты ойлауға шақырды, алға басуға үндеді. Елінің талапсыз, өнерсіздігіне қынжылып, батыл сындар айтты.

Әлемдік жауһарлардың қатарынан Абай өлеңдерін кездестіруіміз ақын туындыларының биік мұрасы мен асқақ шыңы. Қазіргі таңда Абай Құнанбайұлының аты адамзат тарихындағы аңыз адамдардың есімдерімен қатар аталатын деңгейде ұлықталып жүр.

«Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, біртуар перзенті, бас ақыны Абай Құнанбаевтың дүниеден өткен күнінен қаншалықты алшақтасақ, соншалықты жақынтай түсеміз. Еліміздің жағдайы осы деңгейден өсер. Өнер мен білімге, ғылым мен мәдениетке түскен шақта, Абай мұрасы да қайта жаңғырар. Елі мен ақын арасы жаңаша сарынмен қосылар. Тура сол заманды, уақытты біздер көрмесек те жер астындағы рухымыз сезіп, масаттанар...», - деген екен Алаш зиялысы, ұлт жанашыры Міржақып Дулатұлы. Бұл дәл мағынасында жеткізілген сөз деп айта аламыз.

Елдің іші іште бірікпей жатқанда, сыртқы жаулардың қазақты алуының оңай екенін, рухын жығуының, бір-біріне айдап салуының оңай екенін Абай айтып кеткен. Ақын жүрегі соған ызаланады. Өз заманынан сенерлік адам таба алмай, ет жүрегі сенделіп, түңіледі де.

Ел мұңына мұңлық болған Абай, тоғызыншы қара сөзінде «Қазақты жақсы көремін бе? Жеккөремін бе осы мен?» деп күңіренеді. Оған қоса, «Өмір сүріп, тіршілік етіп жатыр деген аты болмаса ішім өлген. Халқымның басына түскен ауыртпалықтан ба, басқа себептен бе белгісіз. Сыртым бүтін болса да, ішімде өлген жан жатыр» - дегенді айтады. Ал енді бізге сұрақ, қазіргі қоғамда елін Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрген кім бар? Ел үшін шырылдаған болып жүргендердің де көкейдегісін қалың көпшілік жақсы біледі. Осы тұрғыда біз қазақты сүю мен қазаққа шынайы жанашыр болуды Абайдан үйренуіміз керек дейтін түсінік алға шығады.

Модернизмге келсек, әр дәуірдің, әр ұлттың өз өнері мен мәдениетінде қалыптасқан құүндылықтардың сақталуынан бас тартқан қозғалыстары бар. Осы тұрғыдан келгенде, Абай – нағыз модернист ақын. Қазақ қоғамдық ойына Абайдың артын ала келген Әлихан, Ахмет, Міржақыптар ақынның ұлы Әбдірахманмен замандас «жаңа жолдың басшысы», қайғы-қасіретке бой алдырудан халықтың хәлінің өзгермесін терең түсінген, түсініп, саналы іс-әрекетке бет алған ұрпақ болатын. Ал олардың мұндай жолға түсуіне негіз болған рухани факторлардың бірі, мүмкін негізгісінде Абайдың ымырасыз жасампаз сыны еді. Өкінішке қарай, ғылымда бұл сабақтастық, яғни, Абай мен ХХ ғасырдың басында белсенді саяси қызметке араласқан қазақ зиялыларының өзара рухани байланысы әзірге жүйелі түрде бір арнаға түсе қойған жоқ.

Ақын өмірде көрген құбылыстарынан алған сабағын қағаз бетіне жазып келген. Оның танып отырған негізі де халықты білім жолына түсіріп, бала тәрбиелеу, оқыту, мектеп ашып, қазақты ағарту. Ел ішіндегі зорлық пен зомбылықтың себебі елдің надандығы екенін ұғынып, жастарды білмеді болуға үндейді.

Осы Абай сөз етіп арыла алмаған дұшпани қылықтар мен мінездер қазаққа сіңген генетикалық құлықтар емес пе?! Өтіркшілік пен бұзақылық, қулық пен сұмдық, күншілдік пен көре алмаушылық, жалқаулық дегендер қайдан шықты? Абай шешуін таба алмаған жұмбақтың жауабын бүгінгі Абайтану ғылымының шешетін уақыты келді деп санаймыз. Себебі, Абайдың сыни зердесін сөз еткенде әрісі «қу заманға» топырақ шашып, бергісі «жабайы қазақты» күнәлап, сонан соң Абайды заманынан да, қоғамынан да, ұлтынан да асып туған дана еді деп қайыра салу оңайдың оңайы. Алайда, мәселенің түйіні, Абай сынап отырған жағымсыз құбылыстардың тарихи-әлеуметтік сыр-себебін тап басып, саралай білуде болса керек.

Абай қазақ әдебиеті тарихында орыс халқының ұлы мәдениетін, орыс классиктерінің шығармаларын, қазақ даласында мол насихаттаған тұңғыш ақын, ұлы ағартушы-демократ, халықтар достығының жалынды жаршысы.

Патша үкіметі, оның жергілікті жерлердегі мансапқор әкімдерді Ресей империясының қол астындағы ұлттарды езіп, қорлап, жәбірлеп, жауыздық үстем болып тұрған шақта аз ұлттарға, жалпы еңбекшілерге шын адамгершілікпен қарап, орыс халқының адал жүрек, ізгі көңілін көрсеткен орыстың гуманист жазушылары еді. «Абайдың Пушкин шығармаларын өз оқушыларына жеткізуі – қазақ сахарасына орыстың ұлы мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды», - дейді Мұхтар Әуезов. Пушкиннің нағыз мұрагері, Ресей аспанынан қара түнекті қақ жарып, жай отындай жарқылдаған жалынды ақын Лермонтовты Абай ерекше бағалап, оның отызға тарта өлеңін аударған.

Атақты абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов: «Абай 59 жасында өмірден озды. Ұлы ақын рухани қайғыны көтере алмады. Оған рухани қайғы екі жақтан әсер етті. Біріншісі қоршаған қоғамында болып жатқан жайлардан болса, екіншісі әлеуметтік жағынан болды. Сенім артқан балалары өзінен бұрын көз жұмды. Бұл Абайға үлкен соққы болып тиді», - дейді.

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен, - дейді Абай. Ендеше, Абайдың ғұмыр бойғы жазған шығармаларын түсіну үшін өзі айтқан зардың қайдан шыққанын, неге шыққанын ұғынуымыз керек.

Абайтанушы ғалым Ықылас Ожайдың айтуынша: «Толық адам концепциясы Баласағұн мен әл-Фарабидің еңбектерінде «парасатты адам» немесе «кемел адам» деген ұғымдармен белгілі. Дегенмен, Абай осы ұғымды барынша ашып қарастырады. Толық адам дегенді тән саулығы мен жан саулығының теңдігі етіп көрсетеді. Ол үшін жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы замандас болуы шарт. Абай шығармаларының кейіпкерлері қарапайым адамдар. Қазіргі замандағы біздер де Абай шығармаларының кейіпкерлеріміз. Абаймен сөйлесетін, соның терең иіріміне бойлай алатын, рухани халге әлі де жете алған жоқпыз. Біз Абайды шын мәнінде таныған болсақ, өміріміз бұдан гөрі басқалай болар еді». Иә, Абай өз шығармаларында өз заманын, өмір сүріп отырған қоғамын ашық сынға алды, көрсетті, баяндады. Бірақ уақыт өткенімен Абай айтқан қоғам әлі де өзгере қойған жоқ. Ендеше, біз де хәкім Абайдың шығармасының кейіпкерлеріміз.

Ұлы Абайдың шығармашылығы жарық нұрына малынған жылулыққа толы туындылар. Онда дархан даланың самалы соғып тұр. Абай өлеңін оқыған оқырман жасыл жайлауда жатқандай рахатқа кенеледі. Санасының түбінде, көкейкесті мәселелердің ішінде жүрген сан сұраққа бір жауап табады. Ал кейде өткен өміріңді еске түсіртіп, қалың қайғыға салады. Тұла бойыңа өшпес үміт алауын жағып, жан сарайыңды жарық нұрға кенелтеді. Теңсіздік пен әділетсіздігі көп, былыққа батқан шірік қоғамның екіжүзділігін аямай ашып, бездіреді. Сол себепті де, ұлы ақынның сөздері өткен тарихтың емес, бүгінгі күннің мәселесі. Абайдың тұлғалық ойы, жеке көзқарасы анық беріледі. Қалың тобырдың «дұрысына» еріп, ығына жығылмай, дара жол, өзіндік соқпақ сала білген. Ұлы ойшылдың әр сөзі мен әр тармағынан заман үні аңқып тұр. Міне, сондықтан Ұлы Ақын дәуірінің абызы, қазақ халқының маңдайына біткен жұлдызы, білім-ғылымның қолдаушы-жәрдемшісі, жақын әрі жарқын болашақтың мәңгілік сыншысы.

(Суреттер medialibrary.kz және sputniknews.kz сайттарынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға