Жаңалықтар

Ақын қашаған күржіманұлының шығармалары – тәуелсіз қазақстанның рухани құндылық мұрасы - 5

Дастанның алдыңғы бөліктерінде Алтын Орда, Ноғайлы дәуіріндегі Қазақ тұрмысының елдік пен ерлік тұтасқан берекелі сипатын ақын көркем кестелі тіл өрнектерімен (теңеу, айқындау, құбылту, айшықтау, психологиялық егіздеу, т.б.) бейнелей суреттеген:
03.03.2014 08:45 10789

Дастанның алдыңғы бөліктерінде Алтын Орда, Ноғайлы дәуіріндегі Қазақ тұрмысының елдік пен ерлік тұтасқан берекелі сипатын ақын көркем кестелі тіл өрнектерімен (теңеу, айқындау, құбылту, айшықтау, психологиялық егіздеу, т.б.) бейнелей суреттеген:

...Құтты екен бұл қоныс,

Баққан қойы бүркіттей,

Дулығасы үйген іскірттей,

Кәрі биесі жал алған,

Нарлары семіз қом алған,

Кәрі саулығы шайлаған,

Еркек қой мен тоқтысын

Шаруасы ерте байлаған.

Ерлері бар еді егескен,

Дұшпаны мен шенескен.

Абыройы асқардай,

Не жақсымен теңескен.

Құбарлан (құмай тазы) ертіп, құс салған,

Лашын, сұңқар ұстаған.

Елеуретіп екі жүйрік жетектеп,

Сулығын алтын бедерменен кердірткен,

Жалын сабаутіс пен тердірткен.

Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен,

Бұл жетімдерге жем екен,

Шөбі малға май болар,

Аш-арыққа жай болар,

Қашаннан да бұл қоныс

Құтты болған жер екен.

Өзегі де қайырлы,

Аш-арығы сүйреп жейді екен.

Бекіре менен жайынды.

Балқашын орып мал жеген,

Аралас үйрек-қаз жеген,

Малының жақын өрісі,

Құлынның ұзын желісі

Еділ мен Жайық, Нарынның

Осылай екен келісі [2, 115-116].

Ақынның эпикалық дастанының сюжеттік-шиеленіс себептері – дүние-мүлік пен ақшасының молдығына мастанғандардың, асып-тасқандардың іс-әрекеттерін сатиралық-сыншыл тіл өрнектерімен баяндай-бейнелей әшкерелеген. Сарайларына мол қазына жинап алғандардың сахарадағы мал баққан халықты, дәулеті кем кісілерді менсінбей («Қой баққанды қорлық!» деп, «Наданның сөзі зорлық!» деп, «Сиырдан жақсы есек!» деп, «Қабаннан жаман Қарынбай»), базардан тек ғана қымбат киім алып, киелі малдардан («Кәрі қоспақты мал демей, түзеді нармен қатарды») безініп, қарапайым ата-бабалық тағамдардан жиреніп, қорлап асып-тасқандар шығарманың көркемдік түйінін дәйектей түседі:

...Тәкәппарлар көп еді,

Төгілуге сірә, дөп еді.

Бұл арада мал тапқан

Бір шүкірлік қылмады.

...Сорпаны төкті майменен,

Сусыны қанып шайменен.

Қалаға келген билері

Арақ ішіп елірді

Кеудесі бұған семірді,

Папиросы шегулі,

Тиіссіз жерге дәулет төгулі.

Етпеді шүкір қанағат,

Тап болмай қайтсін ғаламат.

Қайыры жоқ кілең қаста бай,

Айдаған малға қуанып,

Қой, қозыға жұбанып,

Қалалы жерде мырзасы

Қос арғымақ пар жегіп,

Тарантас арба туарып,

Кәршөндікке қамалып,

Шалқыды талай мас болып,

Нәпсісін шайға суарып.

Нешелер дариямын дегеннің

Талайы қалды енді суалып [2, 120-121].

Халықтың қарапайым тұрмыс мазмұнының қалыпты ырғағынан айрылуындағы осы келеңсіздік, рухани азғындау («Етпеді ешкім қанағат, тап болмай қайтсін ғаламат, көп болды мұндай тасқандар, әлдерін білмей асқандар», «пиғылынан солардың қабыса жаздады аспан, жер») салдарынан топан тасқынының болу заңдылығы да дәлелденеді. Осы орайда, адамзат тарихында тұтас планетамызды топан су басқан, одан адамзат пен басқа тіршілік иелері тұқымдарын кемесімен сақтаған Нұх пайғамбар дәуірі де есімізге түседі. Жаратушы Алланың ғана құдіретін мойындамай, бұтқа табынып, жоғары мен төмен, мәртебелі мен мәртебесіз, билеуші мен биленуші ... бірдей болатын дінге» [7, 14] кіргісі келмегендерге, дүни-мүлкіне, ақшасына, билігіне мастанғандарға, асып-тасқандарға, Нұх пайғамбардың Алла жолына түсуге үгіттеуіне көнбеген жалпы адамзат ұрпақтарына келген топан су апаты көз алдымызға елестейді:

«Аспандағы су тиегі ағытылып, жердегі бастаулардан бұрқылдап су атылады да, топан су қаптап биік жерлерге дейін басады. Нұх Алланың ал деген адамдарын және жануарлар мен өсімдіктерді кемеге шығарады. Алланың панашылығында кеме кейде желдің ығымен, кейде ағынға қарсы жүзіп отырады. Өркеш-өркеш толқын азғындарды тереңге батырады. Толқын су олардың көріне, көбіктер олардың кебініне айналды. Олар ажалға қарсы арпалысқандарымен де ажал қоймады. Толқындарға қарсы жанталасқандарымен де оларды толқын жалмады» [7, 16].

Қашаған ақынның «Топан» дастанында да кенеттен болған апаттың («Құтырынған бір құйын», «Қара дауыл соқты да», «Таудан биік сеңдерді, бұлтпен бірге көшірді», «Терезеден су құйды, биіктен келіп сең үйді», «Қызылды-жасылды су жүрді, сұрапылдың желі зулады», т.б.) қозғалыстары сұрапылының жалпы халыққа ортақ қасіретті, қайғылы жағдайы («Кейбіреу жетім жас қалды, біреулер қалды атасыз, біреулер қалды анасыз, біреулер қалды баласыз, біреулер қалды жалғыз қарасыз», «Аюдан мықты білекті, қабыландай батыр жүректі», «Кесті – деп – Алла – тілекті!», «Ел айрылды ерінен, сөзіменен дем берген, адасқанға жөн берген, Ақылгөй абзал көлінен») да оқиғаның болған қалпын реалистік өмір шындығымен бейнелеген. Ақынның эпикалық шығармасы – философиялық ойлы байыптауларымен ерекшеленеді. Атырау (Каспий) теңізі арнасынан асып маңайындағы атырапты басқанын, халықтың қасіретке, шығынға ұшырағанын жырлау арқылы фәнидегі жүрген тіршілік сипатының өткіншілігін ұғындынуды мұрат еткен.

Алланың ұйғаруындағы тіршілік қозғалысы Жаратушыға мінәжәттан жаңылмау, барға қанағат, жоққа шүкірлік қылу, менменсімеу, тәкаппарланбау, мастанбау және т.б. тіршілік қозғалысындағы үйлесімді сақтау ұлықталады. Бар ету де, жоқ ету де Жаратушы Алланың құдіреті екендігі кенеттен соққан дауылдың, топан судың зардаптары («Біреулердің белі сынып майрылды, біреулердің қанаты сынып қайрылды», «Бәйтеректер жығылды, төгілді суға жапырақ, аяулы талай жандардың ит пенен қасқыр жеп кеуделері қызарды», «Алтындар азып мыс болды», «Әлпештеген арудың кеудесіне қара құс қонды», «Көз көрмейтін буалдыр қараңғы тұман түн болды») арқылы дәлелденген. Әсіресе, дастандағы негізгі идеялық желі бойынша дүние қорлық пен асып-тасқандардың, асқақтағандардың пиғылдарының салдарынан апаттың болғандығы адамзат тарихындағы Нұх пайғамбар кезіндегі топан су тасқыны мен үндес жағдай тұрғысында мегзеледі:

...Екпінмен мұздар соққанда,

Кәршөндіктегі мастардың

Кеудесі кетіп бас қалды.

Түкірігі жерге түспеген

Тәкаппарлар мұзды жастанды.

...Кербездер кетті керілген,

Бір басуға ерінген.

...Таспағанға тасқанның

Бұ да тиген әсері.

Қырғауылдай қызыл нар

Алашаңдаған асаулар

Азбарда тұрып жем жеген,

Аяғын әсем сермеген

Кербездер мінген ат кетті.

Байлардың жиған тырнақтап,

Сарала деңмент қылып бау,

Мұра деп салған зат кетті...

Әкімдер кетті мөр алған,

Бақытпен байтақ ел алған.

...Орыстың баржа кемесі,

Мықтап қаққан шегесі.

Бір соққанда дауыл күл болды.

Су тасқыны тау болды,

Таудай толқын жау болды.

...Малынан пайда көрмеген

Қанағатсыз Қарынбай,

Барын жоқ деп құрынған.

Жұлдызды жатқа санасақ,

Қисап етіп қарасақ,

«Мың асқанға – бір тосқын».

Бар емес пе еді бұрыннан?! [2, 123-124].

Дастанның идеялық-композициялық желісіндегі лирикалық қаһарманның-автордың атынан айтылатын адамгершілік ұстанымына бағдарлайтын насихат толғаныстары ұрпақтарды сенімді үмітке, игілік салтанат құратын жарқын болашаққа үндейді. Дастан соңындағы автордың оқырмандарына адресаттық арнауымен («Кейіндегі бозбалалар, налымаңыз, шырағым!») де бүгінгі және болашақ ұрпақтардың адал еңбекпен, ізгі талаппен берекелі ел болып кете алатынына сенім білдіріледі:

...Күндердің күні болғанда,

Көк дария көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Суда – балық, қырда – егін,

Бәле-бәтер жоқ болса,

Диқаншылық көп болса,

Талаптың күші сел болып

Кетерсіз-дағы ел болып [2, 125].

Қашаған ақынның эпик жыршы-ақындық шығармашылығының көрнекті көрсеткіштерінің бірі – «Қарасай, Қази» дастаны. Ақын мұрасын жинап жариялаған зерттеуші Қ.Сыдиқов; «Қашағанның немере інісі, Маңғыстаулық жыршы Шадыман Үсембаев айтуынан 1964 жылы хатқа түскен. Осы жырдың бір жазбасы Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық кітапханасында сақтаулы (398-папка). Шадыман «Қарасай–Қазида» ақынның өз айтуымен үйренген. Ел арасында бұл жырдың Қашағаннан үйреніп, Мұса, Мұрын жыраулар айтқан басқа да нұсқалары кездеседі» [2, 175], – дейді. Қазақ әдебиеті тарихындағы көрнекті ақындарымыз Мұрат Мөңкеұлының (1843–1906), Нұртуған Кенжеғұлұлының (1887–1930) да осы тақырыптағы «Қарасай–Қази» атты дастандары бар. Бұл ортақ сюжетті өзіндік нұсқаларымен жырлайтын жыршы-ақындар өнеріндегі дәстүрлі ерекшелік. Сөз өнері тарихындағы нәзирагөйлік шығармашылық үрдіс аясындағы Қашаған жырлаған бұл нұсқада да Алтын Орда-Ноғайлы дәуіріндегі батыр сұлтандар Орақ пен Мамайдың балалары Қарасай мен Қазидың батырлық, елге басшылық қызметтері жырланған. Дастанның сюжеттік байланысы он екі баулы қазақ-ноғайды басқаратын Қондыкер ханның қалмақтың зорлық, басқыншылық билігіне көнгісі келмей, Қырымның қырық батырына жолдаған хатынан басталады.

Хатта есімдері аталған Қырымның қырық батырлары қатарында Сүйінішұлы батыр Қазтуған, Көгістің ұлы ер Тама, Қарсының ұлы ер Тарғын, Нәріктің ұлы ер Шора, қарт Нәрік батыр, Қыдырбайдың ұлы ер Қобылан, Бүркіттің ұлы ер Әділ, Орақтың аяғы ақсақ, оң қолы бүкір, бір көзі соқыр әйелінен туған батыр ұлдары Қарасай, Қази аталады.

Дастан сюжеттің дамуында Қырымның қырық батырлары бас қосқан аттанысына қарындасы Қибаттың, інісі Қазидың көмегімен, қолдауымен, тұлпарының шабысымен Қарасай қолбасшылық жасайды.

Қалмақ қамалын жолдан тас белгі астына жазылып сақталған Мұсаұлы Орақтың хатындағы айтылған нұсқау-бағдар бойынша табады. Батырлар қорғаныстағы қалмақ қамалын қанша шабуылдаса да басып ала алмайды, бірақ Қондыкер ханға аттанғалы жатқан жорық сапарын тоқтатады. Өкініштісі – Бүркіттің ұлы ер Әділді шайқас кезінде жоғалтып алады, оның Ақтабан тұлпарын жетектеп қайтады. Қарасай мен Қазидың соқыр, ақсақ, қолы бүкіс шешесі және Әділдің қарындасы Лия – көрген түстері бойынша оның өлмегенін болжайды.

Дастанның сюжеттік шиеленіс сәті – қалмақтың Күзбан ханы басқаратын қала-қамалға Қарасай мен Қазы екеуінің барып шабуыл жасағандары. Қамалдан Күзбан хан бастаған қалмақ әскері шығып, Әшке есімді батыры екі балаға да өзі қарсы шығып өзінің айбанын асқақтата бейнелейді («Менің кеудем – темір, басым – тас», «Мен қалмақтан шыққан ер едім», т.б.). Қалмақты Қарасайдың атқан оғы өлтіреді, екеуі қалмақ әскерімен соғысады. Ақырында қалмақ арасында қалған бір әйелден Әділге көмегі тиетін дәріні алып, жеті қабат темір үйдегі қамауда, аяқ-қолы кісендеулі Әділ батырды құтқарады.

Дастанның сюжеттік шешімінде Қосай батырдың батасымен, бағалауымен тұтқыннан оралған Әділ батыр мен Қибат арудың қосылу-некелесу тойы болады.

Дастанның көркемдік түйіні – асыл текті аналар мен әкелерден туған азамат ұрпақтардың туған жерді, халықты, Отанды қорғап сақтайтын ұлағат жолының мәңгілігін дәлелдеу.

Қашаған ақынның әдеби мұрасы – халқымыздың көркемдік-эстетикалық дүниетанымына негізделген рухани құндылықтарымыздың бірі. Бұл ақынның мұрасындағы ұлттық және көркемдік сипатты құрайтын басты ерекшелік. Қазақтың атақоныстарын, салт-дәстүрлерін, меймандос, жомарт көңіл байлығын мадақтап, сараңдарды, қайырымсыздарды сынап жырлағаны оның ұлттық діл болмысын даралайды. Атамекендерді, батырларды, әділ хандарды, би-шешендерді ардақтап, заман қайшылықтарын, болашақ бақытын саралап жырлағаны – ақын шығармаларындағы көркемдік сипатты құрайды. Ақынның лирикалық өлеңдеріндегі, айтыстарындағы, дастандарындағы көркем кестелі сөздер мен тіркестер поэтикалық-эстетикалық таным тағылымын аңғартады. Әсіресе, ақынның өзіндік шығармашылық тұлғасын даралай бейнелеулері шығармашылық өнер иелерінің көркем жинақталған романтикалық тұлғалануын танытады: «Шапқанда жүйрік едім суырылған», «Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан», «Бәйгі алдым талай жерді шабыспенен, қашаннан күнім кешті жарыспенен» [2,34-36] («Есқали сұпыға айтқаны» өлеңінен), «Шын шабытым келгенде ағыным тасты аударған, мен бір қайнарлы өзен, бұлағың», «Қатты кетсем қайрылмас, мен – басы қатты ақтабан» («Тойбастар» өлеңінен), «Түбі жоқ терең айлаққа, қанатты тұлпар сен едің, қосылып жүрген байраққа дүбірлі дүлдүл шайырсың» («Нұрым мен Қашаған» айтысынан), «Адай түгіл, Алшынға жүйрік едім қашаннан», «Менің сөзім – сары алтын, сенің сөзің – қола, мыс», «Сен бір – есек, мен – тұлпар», «Топты аузына қаратқан жасымнан жүйрік тілдімін, Адай түгіл Алшынға хан, хакімдей бұлдымын», «Озған өрен жүйрікпін қосылдым талай дүбірге», «Мен қайыртпай кеткен ақынмын», «Сен бір жабы, мен – тұлпар, сен – қарға да, мен – сұңқар», «Сен – өзекте жүрген бөлдірке, мен – теңіздегі кемемін», «Мен бір жатқан мұхитпын», «Түкірігім сөндірер сенің жаққан отыңды», «Жүйрік едім қашаннан ақбөкендей орытқан, талай келдім бәйгіден», «Мен – жоғарыда жүрген кемемін, сен – өзектегі жыртық қайықсың» [2,91-95] («Қашаған мен Ізбас» айтысынан).

Қорыта айтқанда, Қашаған ақын Күржіманұлының әдеби мұрасы – қазақ сөз өнерінің халықтық-эстетикалық дүниетаным тереңдіктерінің көрнекті көрсеткіші. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі және болашақтағы жаңа тарихын жасаушы ұрпақтарымен бірге ақынның да мұрасы мәңгі ұмытылмайды, ұлттық рухани құндылықтар қатарында оқыту мен зерттеу жұмыстары арқылы рухани мәдениет қазыналарымен бірге жаңаша бағалана береді.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1986. – Т. 1: Өлеңдер мен поэмалар. – 304 б.

2. Күржіманұлы Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: Жалын, 1991. – 176 б.

3. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2003. – 5-т. – 720 б.

4. Ақын-жыраулар: Қысқаша өмірбаяндық мәліметтер мен библиографиялық деректер. – Алматы: Ғылым, 1979. – 184 б.

5. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 352 б.

6. Исмайылов Е. Ақындар: Жамбыл және халық ақындарының творчествосы туралы монография. – Алматы: ҚМКӘБ, 1956. – 340 б.

7. Құран хикаялары. – Алматы: Жалын, 1991. – 224 б.

...басы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға