Жаңалықтар

Ақтаулықтар Денис Тенді еске алды

Ақтаулықтар  Денис Тенді еске алды
23.07.2018 06:45 1564

Әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанаушы  Денис Теннің қайғылы қазасы Ақтау тұрғындары үшін де ауыр тиді. Бүгін «Ақтау» ойын-сауық орталығындағы мұз айдынында даңқты спортшыны еске алу шарасы өтті. Әлемдік ареналарда еліміздің мерейін асқақтатқан спортшының талантына бас иетін жұртшылық оның суретіне гүл шоқтарын қойды. Еске алу шарасына этномәдени бірлестік өкілдері де қатысты.

«Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова-Хван: «Біз  моральдық жағынан бай,  патриот  жігіттен айырылдық. Денис тек қана Корей елінің мақтанышы емес, сонымен қатар Қазақстанның туын әлемге желбіреткен біртуар ұл. Ұлты басқа болғанымен, жүрегі «қазақ» деп соққан қазақ елінің  батыры, чемпионы болатын.  Денис Тен — ұлы спортшы. Елімізде мәнерлеп сырғанау спортының дамуына үлкен септігін тигізді. Оның қазасы бәрімізге де өте ауыр тиді. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Мәнерлеп сырғанаудан Денистің есімі ел есінде қалатын болады. Кәріс этномәдени бірлестігі, Қазақстан халқы  Ассамблеясы мүшелері Маңғыстау облысы, басқа да этномәдени бірлестіктер  мүшелері, қала тұрғындары  еліміздің батыр  ұлын   еске алып, марқұмның отбасына көңіл айтамыз».

Сонымен қатар «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Алексанович, МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Амангуль Абдыгалиевна спортшы Денис Теннің қазасына ортақтасып, отбасына, бауырларына көңіл білдірді.

Еске алу шарасы соңында барша жиналған қауым орталыққа шығып, Денистің 25 жасқа толып өмірден өтуіне байланысты 25 ақ шарды көкке ұшырды.  Жаның жәннатта болсын, Денис!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға