Ақтауда «Tartyl fest» спорттық фестивалі өтті
Ақтауда белтемірге тартылудан «Tartyl fest» республикалық спорттық фестивалі өтті, деп хабарлайды El.kz
Жарысқа қатысушылар амфитеатр жанындағы жағалауға жиналды. Оларды қолдаушылар қатары да өте қалың болды. Бұл жолы өз мықтылығы мен шыдамдылығын сынап көруге 300-ден астам адам бел буыпты. Ең басты мақсат – дұрыс және өзгелерден барынша көбірек тартылу. Сол арқылы спорттағы талантты жастарды анықтау. Қатысушылар жас ерекшелігі мен салмағына қарай топталып, сайысқа түсті. Ақтау аталған жалпыкөпшілік шара өтіп жатқан еліміздегі тоғызыншы қала.
«Ақтық бәсекеде өз өңірлерінде өткен жарыста бірінші орын алған кіл мықты спортшылар өнер көрсетеді. Жеңімпазға 3 миллион теңге сыйақы тағайындалған. Екінші орынға 2 миллион, 3-орынға 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беріледі. Астанада жарыс жеңімпазы атанған спортшылардың бәрі Финляндияда өтетін әлем чемпионатына қатысады», - дейді Street workout kazakhstan қозғалысының негізін қалаушы Айтым Жақыпов.
«Tartyl fest» фестивалі Президент жанындағы таланттарға қолдау көрсету мақсатында құрылған «Дара» қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
«Қазір енді 11 қала қалды. Алдында біз енді ойлағанбыз турникке адам аз қатысатын шығар деп. Жоқ, әр қалада қатысушылар өте көп және ең басты мақсатымыз – қала аралап, ең үздіктерін тауып, Астанада болатын гранд-финалға іріктеу жасап, әлем чемпионатына алып бару. Бұл жерде ең басты мақсатымыз – жарыс ұйымдастыру емес, осындай мереке жасау және де орта қалыптастыру», - дейді ҚР Президенті жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қорының басшысы Нұрлан Қоянбаев.