Жаңалықтар

Ақтауда «Медиация туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды

Ақтауда «Медиация туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды
20.02.2019 05:12 2086

Ақтау қаласында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратында «Медиация-келісімге апарар жол» тақырыбында дөңгелек үстел басындағы кездесу өтті.

Медиация туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылауға арналған кездесуді Маңғыстау облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Ол Қазақстан Республикасы Жоғары соты мен Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумын жүзеге асыру аясында 2018-2019 жылдарға арналған медиация институтын дамытуды қолдау жөніндегі жол картасын орындау мақсатында жиналып отырғандарын қаперге берді.

«Қазіргі қоғамда медиация қажет екенін әрбір азамат түсіне бастады. Бұл заман талабы десек те болады. Дау-дамай туындаған кезде әр тарап өз пікірін ұстанғысы келеді. Бұл бала, ата-ана, тіпті ұжым арасында да болып жатады. Заңға сауатсыз ортада кері пікір қалыптасатыны сөзсіз. Осы орайда, медиация - шиеленістер мен дау-дамайларды реттеудің ең тиімді тәсілі болып табылады», – деді Гүлжан Мақсұтқызы.

Алғашқы сөз кезегін алған Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы, оқу орталығының үйлестірушісі Гулажар Бақытжанова 2017-2018 жылдары «Медиация туралы» Заңға және медиация мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайында баяндады.

«Азаматтық дауларды баламалы негіздерде шешу» тақырыбын Ақтау қалалық №2 сотының татуластырушы судьясы Анар Толықбаева тарқатса, Маңғыстау облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мүшесі, кәсіби медиатор Галина Шутова «Қоғамдық келісім саласындағы медиация институтының рөлі» тақырыбын ашып берді.

Ал «Маңғыстау медиация орталығы» жеке ұйымының директоры, кәсіби медиатор Игорь Машинский «Қолданыстағы медиация туралы заңнаманың кейбір мәселелері және оны жетілдіру туралы ұсыныстар» тақырыбында әңгіме өрбітсе, Ақтау қаласындағы №8 орта мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, қоғамдық медиатор Асылзада Каримова «Мектептегі медиация—мектепте туындайтын кейбір мәселелерді бейбіт жолмен шешу жолы» туралы айтты.

Шыны керек, медиация Қазақстан үшін дау-жанжалдарды шешудің жаңа әдісі емес. Мұны баяндамашылар да өз сөздерінде келтіріп отырды.

«Татулықты ту етіп, дауласқан жақтарды ымыраға келтірудің ең оңтайлы тәсілдерін өміріне өзек ете білген қазақ халқының озық дәстүрлерін заман талабына сай қолдана білуіміз қажет. Отбасы, ошақ қасындағы тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл бөліп, өскелең ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне ерте жастан бастап көңіл бөлуіміз қажет. Бүгінгі іс-шарамыздан әрбір қатысушы өзіне қажетті, пайдалы ақпараттар алып, ой түйді деп ойлаймын. Бұл орайда, мектептің тәрбие жөніндегі меңгерушілері және психологтары осы аталған медицация тәсілдерін өз қызметінде пайдаланады деген сенімдеміз», – деді қорытынды сөзінде Г.Исмузрина.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға