Жаңалықтар

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мың қару табылмай жатыр – ІІМ

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты
Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мың қару табылмай жатыр – ІІМ
Фото: pixabay.com 23.08.2022 16:49 1430

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мың қару табылмай жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Қаңтар оқиғасы кезінде көптеген қызметтік және азаматтық қару ұрланып, бұл азаматтардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірді. Қазіргі кезде қабылданған шаралар аясында 873 қару анықталып тәркіленді, оның ішінде 480 табельдік және 387 азаматтық қару бар», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол бірқатар адам қару ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғанын еске салды.

«Осы қылмыстың ауырлығы мен қоғамға қауіптілігін ескере отырып, соттар да сәйкес жаза тағайындап жатыр. 5 қаңтарда Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде төрт адамнан тұратын топ мамандандырылған дүкеннен қару-жарақ пен оқ-дәрі және сауда үйіннен басқа да тауарлар ұрлаған. Қабылданған шаралардың арқасында күдіктілер анықталып, олардан ұрланған қару мен тауардың бір бөлігі тәркіленді. Қылмыстық іс сотқа жолданды. 5 тамызда Алматы қаласы Алмалы ауданының соты айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - деді ведомство өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта полиция ұрланған қаруды ғана емес, жалпы заңсыз айналымдағы қаруды табу және тәркілеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Жуырда (15 тамыз) Тараз қаласында полиция қызметкерлері зират аумағынан екі жасырылған қойманы тапты. Олардың бірінде екі оқ сауыты бар «Вальтер» тапаншасы, 16 калибрлі патрон, ал екіншісінде номері өшірілген 12 калибрлі аңшылық мылтық, оқ сауыты бар «Mauser» газ тапаншасы, әртүрлі калибрлі 60 патрон табылды.

«17 тамызда Жамбыл облысының Андас ауылында полиция қызметкерлері қараусыз қалған үйден жасырын қойманы тапты. Онда 12 калибрлі мылтық, сондай-ақ бұрын Полиция департаментінен ұрланған бронды кеудеше және түрлі калибрлі патрондар табылды. Сол күні Меркі ауданындағы Ақтоған ауылының шетінде полиэтиленді пакет табылып, ішінен номері өшірілген екі аңшылық мылтық пен түрлі калибрлі оқ-дәрі тәркіленді», - деді С. Әділов.

18 тамызда Алматы қаласының Түрксіб ауданында «Кіші Алматы» өзенінің жанында қару-жарақ сақталған жасырын қойма анықталды. Ол жерден ИЖ-27, 12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық, пневматикалық тапанша, түрлі калибрлі 100-ге жуық патрон тәркіленді.

«Қазір ұрланған қарудың 2087-сі анықталмаған күйінде қалып отыр. Оларды іздестіру бойынша жұмыстар жалғасып келеді», - деді С. Әділов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға